20.09.2021
  152


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сұрақ

О, арманшылдары,
Жиырмасыншы ғасырдың,
Біріңнен бірің
тіресіп иық асырдың.
Санашылдары,
Жанашырлары-ау
үмітін ақтар халықтық,
Сонда кімдерді мұқатып,
Айла-амалыңды асырдың?
Таластыңдар кеп,
Санастыңдар кеп кеміңді,
Қарлығып дауыс
Сыбанып тастап жеңіңді,
Қорладың кімді,
Арнадың кімге аямас
Көрсеттің кімге
Шараңнан асып керінді?
Бірікпей басың
Бүйректей бөлінгеніңді,
Толтырып өңір
Қадаған кердік шеніңді.
Өзіне қимай
Ұстаған қорғап қымбатың
Бұйырды кімге?
Таптаттың кімге төріңді?
Жеңдің кімдерді,
Кімдерге тізе бүктірдің.
Қасқайып озған
Аташы кәне,
мықтың кім?
Қаулап соңыңнан келе жатқан
Жиырма бірінші ғасырға
Нені мирас қып
Үрдісті қандай ұқтырдың?
Ойласаң,
Өз талайыңды түсіріп,
Өзіңе өзің тізе бүктірдің,
Өзіңді өзін бұқтырдың.





Пікір жазу