19.09.2021
  201


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Күліп жүрші

Қабақ шыта қарай қалсаң, түн екен,
Кейігенің қара бұлтпен бір екен.
Әлде қалай ақ жарыла жүректен
Жымиғаның – бұлттан шыққан күн екен.
Ойхой, дүние, көңілің неге мұң екен,
Сенің үшін кімдер ғана бұл екен!
Білер ме еді жүрегіңе бір сұңгіп,
Сені мұндай күйге салған кім екен!
Бойындағы бар асылды жасырып,
Жабылмашы мұң мерейін асырып.
Тау құласа, нар боп берік қал дағы,
Қасақана күліп жүрші ашылып.
Күліп жүрсең, жүзіңнен бір нұр есіп,
Тұрады екен алғандай ел үлесіп.
Күліп жүрсең, күллі аруы әлемнің
Кете берер деп ойлаймын ілесіп.





Пікір жазу