19.09.2021
  173


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Италия бояулары

Калабрия
Келем бойлап жағаны,
Көрікті өңір көңіл билеп жамалы.
Желпіп жеңіл жетелейді қиялды
Көк теңіздің жайлы жібек самалы.
Нақ төбеден күн қараса күлімдеп,
Аймағында аппақ сағым дірілдеп,
Жер реңі сәтінде сан құбылып,
Бояуларын өзгертеді біртіндеп.
Абайласаң күн төбеден ауғанда,
Алтын арай асылады бар маңға.
Көз ұялтқан ақ торғынды ақ келін
Дерсің мүлде бүктеп жиып алған ба!
Еңкейіп күн ұясына барғанда,
Айналаны қызғылт нұрға малғанға
Ұқсай келіп,
бірте-бірте көгілдір
Нұр қолтықтап ұйып маңай қалғанда.
Кез қыдырып, кезіп арғы жағаны,
(Тек Мессино бөліп тұрған араны.)
Боз діңгектей іліп қойған аспанға
Мұнартады Сицилия аралы.





Пікір жазу