19.09.2021
  209


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Музей қала

«Италияны, әсіресе Римді көрген адам, өмірден бақытсыз өттім дей алмас».
Гете

Жастан-ақ өскенбіз ғой құлақ қанып,
Мұғалім жүре ме деп сұрап қалып,
«Европа елінің бір астанасы,
Айта ғой жазсаң аты үш-ақ қарып». —
Дейтінбіз қайталап біз қалаларды...
Сол кезден жадымызда қала барды.
Көз көрді естігенді несі ғажап
Бұл ғасыр жақын етсе араларды.
Тибрдың15 жағасынан тұрмын қарап,
Өтеді алуан түрлі ойлар жанап...
Жаралған жермен бірге көне Рим,
Тарихтың беттеріндей парақ-парақ.
Саналуан ескерткіштер қатар түзей,
Ертенің ертесінен желі үзбей
Әкелген
ашық аспан аясында
Қарт Рим ғажайып, бір қала музей.
Ойласаң баурайтұғын қала да емес.
Қала Рим өз алдына дара кеңес.
Жаулаған жан жүйеңді өнер күші
Көңілден әсте өшіп қалар емес,
Із жатыр әр ұлыдан, әр ғасырдан
Шыңырауды шың басымен жалғастырған
Көпірдей
көнермейтін, қирамайтын
Шын өнер мәңгілікті қамдастырған.
Көзіндей көне күннің сан орын бар,
Әулие Петрдің зор соборы бар.
Жүрекке жетіп жанды баурар болса,
Дей алман әсте өнердің сөнері бар.
Бейнесі әр ғасырдың парақталып,
Оқылар кітап сынды сан ақтарып,
Қалыпты Микеланджело, Рафаэльдан
Әлемді таңдандырған тарап барып...





Пікір жазу