Марқакөл
«Мүмкін бе көрмей кету Марқакөлді»,–
Деген соң құмар мүлде арта берді.
Қиялап мәрмәр таудың құзар шыңын
Шығандап шыңырауды асып тарта бердік.
Еңкейіп, біз жеткенде, таудан асып,
Күн батты алтын шапақ арай шашып.
Шынтақтап өр Алтайды Марқа сұлу
Толықсып жатыр екен көкке ұласып.
Төсеніп жасыл кілем, киіп торқа,
Жамылып жанат ішік тағып оқа,
Тәкаппар, алыс сұлу тәрізденіп,
Толқиды салтанатпен ару Марқа.
Пішіні Байқалменен ұқсас екен
Жиырма төрт өзен құяды нұсқасы ерен.
Шығатын Ангараша жалғыз Қалжыр –
Халыққа шарапаты тиген берен.
Сиқыр ма баурап алар мынау өңір
Серпіліп кеттім, сергіп, бойым жеңіл.
Құлаққа ән естіліп, күй келе ме-ау,
Білмеймін қай шынды асты алау көңіл.
Күлкісін, Ақмарқаның үнін тыңдап,
Шақ қана төзім тежеп, тұрмын шыдап.
Маужырай манаураған мына өңірді
Оятып жібергім кеп шырқап-шырқап.
Таңқалдық еліміздің «алқасына»,
Мыңғырып байлық жатқан әр тасында.
Ер Алтай ертегінің батырынша
Марқасын арқалапты арқасына.