19.09.2021
  153


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ақмарқа - Алтай

– Баяндар көлдің атын жыр, аңызды
Білсеңіз...
Сөз желісін сұрақ үзді.
– Кім білсін жылын, айын, әйтеуір,– деп
Мұрекең бастап кетті бір аңызды...
Ертеде, ертенің ту ертесінде
Қалыпты болған бір жай ел есінде.
Ілінген көп аузына Ақмарқа атты
Қыз бопты осы елдің бір төресінде.
Өзі би, руы оның төре болған,
Өрісі – мал, үйіне дүние толған.
Төрені қыз менсінбей, қараға әке
Қыз бермей,
Марқа көңілі шептей солған.
Дүрдараз әке мен қыз нала екен.
Сүйді қыз Алтайды елден ала бөтен.
Тек оның тегі қара, өзі кедей
Жігіттің сұлтаны дер дара екен.
Қайраты, ақылына көркі де сай,
Болғанмен малға кедей, өнерге бай.
Мінезі жайсаң, сері, жаны дарқан,
Қаһары қас жауына түсірер жай.
Болған соң әрі есті, әрі сұлу,
Марқаның өз еркінде жүріп түру.
Ақылы, айласымен ата-ананы
Көндіріп, ойы Алтаймен өмір сұру.
Бір күні қыз бір амал ойлап тапты,
Бақ сынар елеңдетіп бар талапты.
«Сәтінде сүт пісірім көлді айналып
Келгенге тиемін»,—деп жар таратты.
Алтайға қыздың кеңілі еді мығым,
Жер жайын, жолдың сырын білетұғын. 
Сездірмей жан адамға қысқа таңда
Марқасын құшып қайтып жүретұғын.
Естіген үміттілер қызға келді,
Айналып қас қағымда келмек келді.
Марқа да сертін ұстап, кеп күттірмей
Сайысты бастандар деп жарлық берді.
Қарауыл жүз жігіттен қойып, көлді,
Айнала шолар жерін бөліп берді.
Он жігіт тағы да атап төрешіге,
Саналып, сайыскерлер іріктелді.
Кім білсін үміт ертіп қанша көпті,
Жетелеп жүйрік көңіл әуре етті.
Сүт пісіп, от сөндіре берген кезде
Қасқайып қыз алдына Алтай кепті.
Ал әке қыздың ойын ойран етті,
Жүдеді көңіл, үміт зая кетті.
«Кедейге қара қасқа қыз берем бе,
Төріме жұт шығара алман»,– депті.
Әкесін көндіре алмай қанша сұрап,
Қайғыдан солды ару күн-түн жылап,
«Алтайсыз тіршілікті тілемен» деп,
Өмірін үзіпті қыз көлге құлап.
Тұрар ма жігіт жаны бұған төзіп,
Жүрегін жар қайғысы жаншып-езіп,
Күйікке шыдай алмай ақырында Ер
Алтай иен тауды кетті кезіп.
Кім білсін күңіренумен қанша өтті,
Тағдыры әуреге сап тентіретті.
Алатын Ақмарқаны аясына
Тым құрса тау болсамшы деп тілепті...
Тілегі жазықсыздың болып ғасыл,
Өткенін кім айта алар қанша ғасыр.
Әйтеуір Ақмарқасы аясында
Байлыққа бөккен бүгін Алтай жатыр.
Мегзейтін анығына жалғыз белгі –
Атағы әлемді алған жарып жерді,
Есімін ер Алтайдың тауға қойып,
Марқакөл атапты жұрт жаудыр келді.
Жөңкіген көлден шөлге құлап сайдан.
Өзеннің аты-дағы кетпейді ойдан.
Тәрізді қыңыр бастап қалжыраған
Әкеге балап атын Қалжыр қойған.
Сонымен тауға айналған асқар Алтай,
Алтайдай айнымаған жастан Алтай.
Ырыс-бақ ыңырайып өңірінде
Қырсық, сор жолай алмай қашқан Алтай.
Ажары ер Алтайдың тауға көшкен,
Көрген жан сүйсінгеннен пай-пай дескен,
Кең пейіл, жомарттығы – мол қазына,
Мейірімі – қоңыр самал таудан ескен.
Дегізген парасаты асқар Алтай,
Бауырында бар асылын ашқан Алтай.
Жанының тазалығы – жамбы, жақұт,
Халқына несібе ғып шашқан Алтай.
Мінезі ер Алтайдың – қорғасын, мырыш.
Қайраты – темір, қола жез бен құрыш.
Шадыман серілігі – тау төсінде
Жұпар гүл, барқыт көгал, қалың жыныс.
Ақпанда шуаққа орар паң даланы,
Жаздағы жайлы жібек таң самалы –
Марқаның ерке назды махаббаты
Ер Алтай табатұғын жан саяны.
Құяр күй көкірегіңе барсаң маңы,
Бейназар қала алмайтын адам жаны,
Сылдыры көп бұлақтың көлге құйған
Алтайдың Марқаға арнап салған әні.
Кен Алтай, бал мәуелі бақхана Алтай,
Бақытын кендігінен тапқан Алтай.
Атанған «елге қалқа, алтын алқа,
Отанның омырауына таққан Алтай».
Кең Алтай, кенді Алтай, шалқар Алтай
Байлығы түгесілмес дарқан Алтай,
«Алтайдай, ағажан-ау, жер қайдалап
Үзілмес әнге халқы салған Алтай.
«Тер төгіп, қазынанды ақтарайын»,–
Дегеннің өсіре бер бақ-талайын,
Жасай бер, елім үшін ырысты өлкем,
Мен сені жырға қосып мақтанайын!





Пікір жазу