19.09.2021
129
Армысың, ақын Сильваның елі
Алыстан баурап әкелген лебі,
Самалың сүйіп сыйлады мені.
Сиқырлы сөздің сарқылмас кені
Армысың, ақын Сильваның елі!
Апалар салған ізбенен жүріп,
Түпсізден қармап, тереңнен сүзіп,
Дауылдан алып, бұлттардан үзіп,
Маржанын жырдың әкелдім тізіп.
Мен сіңлің сенін, білемін көптен,
Жайың бар жанға жыр гүлін еккен
Кезінде тентек жыр қиыс кеткен
Өзіңе шағып, талай сыр төккем.
Менімен талай бөлістің түнді,
Кейідім кімге, қимасы кім-ді...
Шапағын төгіп, таң нұры тұрды,
Осылай талай қарсы алдық күнді.
Айтамын несін тәптіштеп, талдап,
Отты жыр бізді осылай жалғап,
Жөнелді достық арнаға самғап,
Бағыштап жаңа өлеңдер арнап.
Кейінде талай асулар қалар,
Табысар талай жүректер адал,
Құрметпен ұрпақ ауызға алар
Мызғымас достық ғасырлар барар.
ақын Сильва жыр ел Тұрсынхан Әбдірахманова Тұрсынхан Әбдірахманова өлеңдері Тұрсынхан Әбдірахманова шығармашылығы