19.09.2021
145
Қара теңізге
Жасымнан жағаңда жүгіріп,
Малта тас түрлерін жимадым.
Әйтсе де ынтық ем, сезгендей,
Самалды саяңды сыйладың.
Көк торғын толқынға орадың
Бесікте бөбекше тербетіп,
Секірсем жарыңнан жалтармай,
Аяңа алдың сен мөлт етіп.
Сәскеде күн сүйген толқының,
Жақұт тас тәрізді жалтылдап,
Алқа боп тағылып мойныма,
Тастады ақ жүзімді алтындап.
Бейне бір айдынның еркесі,
Алаңсыз ақ көңіл ақ шабақ
Тәрізді
тұнығында ойнадым,
Толассыз толқынды таспалап.
Егізі Каспийдің есен бол,
Дегенше қайта кеп: «Армысың!»
Жазылған жағаңда осынау
Жолдарым – сыйға сый, алғысым!
Қара теңіз теңіз Тұрсынхан Әбдірахманова Тұрсынхан Әбдірахманова өлеңдері Тұрсынхан Әбдірахманова шығармашылығы