Дала
Шіркін дала, кереметің қаншалық,
Келген сайын қарсы аласың ән салып.
Байтақ далам, дарқандығың бөлек қой,
Асқар біткен болсадағы қанша алып.
Ақ бетеге былқып, балқып буына,
Ақ көделер таңғы шықпен жуына,
Желбіреген қызғалдақтар ұқсайды
Айдындағы кемелердің туына.
Мұрын жарып ақ жусанның иісі,
Жұпар ғана болып дала тынысы.
Жан-жануар өз тілінде ұғысқан,
Дала – шексіз сезім бағы, сыр іші.
Қоңыр самал желпи есіп жай ғана,
Көп-көгілдір нұрға толып айнала.
Жас сәбиін ақ төсінде ойнатқан
Әке сынды дарқан дала, бай дала.
Сергіп қалам саған келіп, жүдесем,
Қасиетіңді қалай тізіп түгесем.
Сен арқылы әйгі болдым әлемге,
Сен арқылы биіктедім жүз есе.
* * *
Бұрала толқып, майысып
Өрімдей сындар тұр шілік.
Қауызын ашып жаңа бүр
Береді белгі тіршілік.
Таң самалы ақырын
Жүзінен жұмсақ өбеді.
Мөлдіретіп маржанын
Жапыраққа төгеді.
* * *
Кербез керіп қабағын,
Дірілдетіп кірпігін.
Толқытып нұрға алабын,
Күн ашты күмбез түндігін.
Күнге төсеп маңдайын,
Шып-шып тершіп балбырап,
Көк шалғын беті бусанып,
Майыса түсті балқұрақ.
* * *
Көктем таңы.
Сұлу дала
Көк пүлішпен көмкерілген.
Торғын аспан күліп қана
Тұр шатырдай төңкерілген.
Махаббатты әлемдегі
Оятқандай белгі етіп,
Нұр тәңрісі – күн оянды
Жер жүрегін елжіретіп.