19.09.2021
  139


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Жазғы кеште

Жанға аса жайлы жазғы бір кеште
Кергенім есте, сезгенім есте:
Жағасы құрақ айдынды көлден
Қоңырқай самал еседі төске.
Маужырап, мүлгіп, тұнып тұр аймақ,
Ескегім суға сүңгиді жайлап.
Жылжиды баяу дірілдеп толқын,
Шоршиды шабақ бетінде ойнап.
Теңселе түсіп келеді қайық...
Шағала кектен қанатын жайып.
Шүйіліп келіп шолады көлді,
Ол сәтте шабақ, болады ғайып.
Мүлгіді іңір, хабарлап түнді,
Ойнайды шабақ білмейді мұңды.
Жарқ етті кенет шағала сонда,
Шолп берді суға, шабақты ілді.
Мейлі жұрт мұны құр сурет десін,
Дәлелдеп оның жатамын несін.
Табиғат сұлу нұрына балқып,
Әдемі бұл бір тыныққан кешім.





Пікір жазу