19.09.2021
154
Көктем көркі
Неткен ғажап көктемдегі күн көркі!
Бар табиғат кіл өзгерген біркелкі.
Пүліш халат киіп кербез Алатау,
Қалыпты тек шекесінде мұз бөркі.
Қысқы сыздың ізі де жоқ кешегі,
Жібек самал баяу ғана еседі,
Ақ киізін жиып алып жер ана,
Айқара кеп қалы кілем төседі.
Ақ қайыңның жасарыпты реңі,
Мол саялы мәуесі көк тіреді.
Тәтті ұйқыдан шат оянған сұлудай,
Сай-саладан күміс бұлақ күледі.
Анау қырға жіберсеңіз көз қырын,
Ауыл көркі қандырғандай көз нұрын.
Мынау жатқан іргесінде егіні,
Мұндай сәнді көріп пе еді көз бұрын.
Неткен ғажап! Айналаң шат көңілді!
Жер бетіне дән қылтиып көрінді!
Жасыл шашақ – желбіреген сол дәннен
Болашақты, көрем сәнді өмірді.
Көктем күн Тұрсынхан Әбдірахманова Тұрсынхан Әбдірахманова өлеңдері Тұрсынхан Әбдірахманова шығармашылығы