Арман-думан
I
Үй ішім боп армандаған Армансың,
Қамығумен көңіл әбден талғансын.
Тіршілігі ымырт сынды қоңыр үй
Шамы болып туа сала жанғансың.
Қуаныш не, сен біздерге білдірдің,
Қабақ шытсам, сен сәтінде күлдірдің.
Алыс-жақын сапар шексем, өзіммен
Көз алдымда, тіл ұшында бір жүрдің.
Үйде отырсам, болдың менің базарым,
Пәк күлкіңмен кейісімнен тазардым.
Сеніменен жаз оралып жаныма,
Сеніменен кірді көрік, ажарым.
«Дада» деп сен қойып алдың атымды,
Қайдан ғана таптың ойлап, ақылдым!
Бар қылығы балдан тәтті балдырған,
Арман айтса, мен, әрине, мақұлмын.
Жасқа жетпей шықты тілің, аяғың
Ұшар қанат, менің тірек таяғым.
Жас жарымда домбыра алып қолыңа,
Аймағыңды алау нұрға боядың.
«Екі жаста төгілтіп сен ән салдың»,
Жүрегіме мәңгі азық нәр салдың.
Қарақаттай жанарыңа жиыпсың,
Барлық шоғын бұл өмірде бар сәннің.
Ұнатасың аймағыңның ырзасын,
Сондықтан да, «насыбайға» мырзасың,
Екі жастан аса бере таныдың
Топ асықтың ішіндегі құлжасын.
Неткен дарқан, бұл титімдей жүрегің!
Пәк жаныңды айтып ылғи тұр өңін.
Аман-сау өс елің үшін, мен үшін,
Арман жаным, биік арман тілегім.
II
Үйдің ішін думандатқан Думансың,
Арманыма серік бола туғансың.
Жалғыз бала деген атты Арманға
Жолатпан деп жеделдете қуғансың.
Туғаннан-ақ бар бұйрыққа бағындың,
Отырғызған орынымнан табылдың.
Елемеген ағасының ашуын,
Ақылыңнан айналайын, сабырлым.
Қоңыр ғана менің екі қос қозым,
Аулақ қылғай екеуіңнен қас көзін.
Қос балапан, қос мерейім, ертеңім,
Құрғатқаным әжесінің жас көзін.