Жыр шашу
Заңды дер достар бүгінгі көңіл тасуын,
Қиналмай жеңген сексеннің заңғар асуын.
Қадірменді аға торқалы мынау тойыңа,
Ерсі ме төксем меруерт жырдың шашуын.
Қаншама өмір жүреді бары сезілмей,
Қайсыбір өмір тозады борпыл бөзіндей,
Өзіңіз, аға, сүйегі берік шын асыл,
Қауымға қымбат, қимас көненің көзіндей.
Жарамай қалған жазуға парақ беттердей,
Қайсыбір өмір сөнеді парыз өткермей.
Ал өзіңізді сан сала еңбек сайысы
Жүйріктей жарау көмбеден алып өткендей.
Жалықпас ұстаз ұрпақтың қамын ойлаған,
Өмірдің мұхит тереңін сүзіп бойлаған.
Тірнектеп гүлдеп бал жиған ара тәрізді,
Өзіндей болар бұл замандағы ойлы адам.
Иіліп қауым, ілтифат тұтып сыйлайды,
Сапекең дейді ізетпен ғана сіз жайлы.
Сыйлата білген ағалық парасатыңыз,
Алдында іні, інілік парыз бұзбайды.
Өміріңіз бар көркі ерекше көктемдей,
Көңіліңіз бар күн мейірімін төккендей,.
Қалпыңыз бар жағасы жайлау қазақтың
Кен сахарасы көз алдымыздан өткендей.
Қалтқысыз аға, бұл көңілдегі шынымыз,
Бірдің ғана емес, ойы деп көптің ұғыңыз.
Біз тілектеспіз, өсер ұрпақтың бағы үшін,
Бір ғасыр өмір биігіне де шығыңыз.
Өріне өнер домалай берсін тасыңыз,
Өрмелеп шыңға биіктей берсін жасыңыз.
Тойыңызға аға, жыр-шашу ала кеп тұрған
Тұрсынхан дейтін ақ жанды қарындасыңыз.