18.09.2021
  145


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Қайран ағам

Тұңғыш іңгә үнім тарап,
Сызға арқам тиген үйім.
Лаулап жалын жанды жалап,
Өртегендей мынау күйің.
Не үшін тағдыр кестің жаза
Қандай күйге тап болғамын!
Ұшқан ұям, маған таза
Шын ба осы жат болғаның?
Терезе-есік шегеленген,
Мұржа жабық қалған бүтін.
Сан естіп еш елемеген
Осы ма едің «Өшкен түтін».
Мен келгенде ауыл – думан,
Мәре-сәре болған күндер!
Ән, домбыра у да – шумен
Таң ататын тынбай үндер.
Ұзақты күн есікте еш
Тыным болмай жатқан күндер.
Ауыл-аймақ ертелі-кеш
Сый-құрметке батқан күндер.
«Әкел кәне, дастарқан жай,
Қымыз келтір, қазан көтер» –
Дейтін көңлің дастарқандай,
Таза жанын, астан бетер.
«Сапар, алшы домбыраңды,
Әнші балам, шырқашы бір.
Радиодағы соңғы әнді...
Сұлу саздан тыңдайық сыр» —
Деп келетін қауым болып,
Тілектері наз үйіріп,
Тыңдайтұғын ауыл болып
Көрмейтұғын ән тыйылып...
Ол кезде мен жатпаушы едім,
Ойлап, барлап беріп баға.
Тіршілігің екен сенің,
Қайран бауыр, қайран аға!





Пікір жазу