Концерт
Театр іші лық толы адам,
Сөнді шам.
Жым-жырт.
Жұрт тына қалған.
Толқыды торғын шымылдық сырғып,
Соққандай самал кең сахнадан.
Салмақты басып, асықпай, баяу,
Келді де тұрды ортаға таяу.
Тал бойын сынап, таппайсың еш мін,
Ұнамай ойға саларлық қаяу.
Қоңыржай бастап, біртіндеп ширап.
Қысылмай еркін көтере шырқап.
Отырған кепті үйіріп лезде,
Ұйытып алды әдемі ырғақ.
Ескі өмір сонау өртеген өзек
Елестеп өтті тізіліп кезек.
Сыры мол сұлу сызылған әннен,
Жүрегің барлап, көп нәрсе сезед...
Сандуғаш сайрап қонғандай талға...
Телміре тыңдап жұрт отыр залда:
«Сайраса сан кеш шаршауды білмес,
Тал бойы әннен құйылған жан ба!»
Ән сырын жалын үнменен төкті...
Таңдағы бұлбұл елестеп өтті,
Отырған орнын ұмытып қауым,
Орманды оймен аралап кетті.
Тетелес еді ежелден сырлас,
«Өртенген ұя» етіпті мұндас.
Қосылып ұшып қосағын жазбай,
Қалықтап өтті «Қос қарлығаш».
Саялы салқын орманды танап,
Ашылған гүлдей бір жас қыз – поляк.
Келеді міне, «жидегін тере»,
Ырғала билеп, сызыла қарап.
Шарықтап шыңға сермеген құлаш,
Өнердің асыл кені еді-ау, рас;
Өнерпаз елдің өрені жүйрік,
Бұл тұрған – біздің сүйікті Күләш.
Әр елдің әнін өзіндей шырқап,
Өрнегін салды асырып, сырлап.
Адамның жанын әлдилеп әнмен
Әлі тұр шырқап...
Отырмыз тыңдап.