Ағаларым хақында
1
Сезімсіз жүрегінде елім деген,
Елім деп ең қиынға жегілмеген,
Сол үшін тоңып, күйіп, жанып бітпей,
Не керек мимырт, митың өмір деген.
Септігің тию оған сәл де болса,
Арысы, бұзбай айтқан ән де болса....
Пішінің, тілің, ғұрпың, әрекетің
Өткеріп тұрар парыз әрде болса!..
Бауырым, сонда ғана азаматсың,
Өйтпесең, бәрібір сен жаза бастың.
Ой жібер Шоқан, Абай, Ыбырайға,
Қамынан биік тұрған қара бастың.
2
Бүгінге, болашаққа бағдар сөзі,
(Үш-үштен берген екен тағдыр өзі)
Сәкен мен Ілиястың, Биағаңның
Өмірі – түгесілмес ғибрат көзі.
Шіркін-ай, елім өссе-ау, ерім өссе-ау,
Өзгемен терезе тең күйге көшсе-ау, –
Деп Қаныш, Мұхтар, Әлкей – ғұламалар
Бағыштап ақыл-күшін ғұмыр кешті-ау.
Ардагер алғашқылар арасында,
Жаңаша сөз сарайын қаласуда
Ғабиден, Ғабит, Сәбит эстафета
Жалғады жаңа бағыт, жаңа асуға.
3
Өмірден талай есім еткені бар,
Бүгінге ғасыр асып жеткені бар.
Елдікке бастап елін өрге сүйреп,
Артына аңыз болып кеткені бар.
Ішінде осындай шоқ есімдердің,
Елінің абыройын өсіргеннің
Бауыржан, Батыр Мәлік, Ер Төлеген,
Ғасырлар өтсе, болар есінде елдің.
Ер тусаң осылардай ту дер едім,
Соларша ел намысын қу дер едім.
Ел үшін тоңып, күйіп-жанып, сөнбей
Өткізген өмір мәнсіз құр дер едім.