Бабаларым хақында
Сәулетті сарайларды салмады деп,
Жазылып көне тарих қалмады деп
Кеййміз, бабаларды жазғырамыз,
Кәсіпке малдан өзге бармады деп.
Аңқылдап, несібесін тауып ақтан,
Даласын қайыстырып малын баққан.
Жерінің молы үшін де кінәлаймыз...
Телегей-теңіз ырыс төгіп жатқан.
Орнығып осы пікір көкейге кең,
Көнені бойымызға көрмейтін тең
Болады шақтарымыз,
сол бабалар
Ойлалық, рухани кедей ме екен.
Жанына жақсы сөзді азық еткен,
Төреші, пәтуаға қазық еткен.
Жеткізген бізге елдік, ерлік сырын
Бағалы бабалардың азы неткен.
Әнінде жатыр жаны ақтарыла,
Сиярлық күмбір күйі мақтаныңа.
Бабалар салған тізсек жыр сарайын,
Келетін елің сирек қапталына.
Көпірме, қыңыр қилы көзқарастар
Бейне бір киімдегі тозған астар
Тәрізді
күпсінеді от басында
Оятып ой тереңнен қозғамастар.
Намысы, ел бар ма оның кегі кеткен,
Басынып келген жауын еңіреткен.
Малынын. тұяғымен болашаққа
Несібе сол бабалар егіп өткен.
Жазира жайсаң дарқан жаны көктем,
Үлкеннің кішіге айтқан назы өткен.
Малының тұяғымен даласына
Тарихын сол бабалар жазып өткен.
Кітап қой оқи алсаң мынау аймақ
Ерінбей шегі-шетін кезсең айлап.
Тарих та, ғимарат та, жасыл бақ та
Бабалар даласында жатыр сайрап.