18.09.2021
  192


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Шыңдар

Шыңдар көп өңірде де, өмірде де,
Шыңдар көп алынбаған көңілде де
Шың-шың деп шыңылдайды, ұмтылады,
Шың құмар не төмпешік, небір төбе.
«Базарға қарап тұрсақ, әркім барар» –
Дегендей,
Әккі қулар шыңды да алар... 
Шығу бар, шың болу бар... несі ғажап,
Шың болып жаралмаған болсаң әгар.
Шың болсаң, халық алар тауып, танып,
Алтынды жез етпейсің жауып, жабып.
Жел үрлеп қай жағымнан ұшырады деп,
Зая ғой өткен өмір қауыптанып.
Шың болсаң, шын бол оқтар өтпейтіндей
Ұмсынған аламан қол жетпейтіндей.
Құрақты, қойнауы кең, саялы бол,
Мәңгіге жүректерден кетпейтіндей.





Пікір жазу