18.09.2021
151
Жалының екен-ау сенің
Шуақ сәт маған
көпсінер жан жоқ деуші едім,
Жасындай шағым,
жалының екен-ау сенің!
Жанымды жасыл
жайлауға апарып қондырып,
Дүниеде бар-ау
демейтін едім тау селін.
Шуақ сәт маған
көпсінер жан жоқ деуші едім,
Жасындай шағым,
жалының екен-ау сенің!
Сүйек пен еттен
мен де жаралғам деп
ешкімге
Өр басымды иіп, әсте де табынбаушы едім.
Шуақ сәт маған
көпсінер жан жоқ деуші едім.
Жасындай шағым,
жалының екен-ау сенің!
Өзекті жанға
екі өлім жоқ деп алдымда
Өткелсіз асау
тұрса да тайынбаушы едім.
Өзіме-дағы,
өзгеге деген мол сенім,
Екі ойлантпай
ілгері жетелеуші едің!
Шүйілсем ілдім,
сілтесем тиді дейтұғын
Жасындай шағым,
пәктігің екен-ау сенің!
жалын Тұрсынхан Әбдірахманова Тұрсынхан Әбдірахманова өлеңдері Тұрсынхан Әбдірахманова шығармашылығы