18.09.2021
  181


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Көмкеріп көңіл назымен

Әлде жаным қырандікі ме екен,
Шығаннан шүйіліп,
бақа-шаянды ілмейтін!
Сайын даланы майдан мекені етер,
Тек жымысқып барып
жыңғылға әсте кірмейтін
Әлде жаным тұлпардікі ме екен,
Жүзіп барып
тұнықтан ғана қанатын!
Тұяқ тоздыра қыр асып,
қырымнан іздеп
Шүйгінді ғана шалатын!
Әлде пенделік табиғатымнан ба екен,
Жеттім, тындымды білмейтін!
«Түстік өмірі үшін,
кештік мал жиып»,
Әрекетсіз өмір сүрмейтін!
Әлде үміттің мәңгілігінен бе екен,
Арманды қол созым тұр дейтін!
Қашанда қиынға, қияға жетелеп
Отынды бойында үрлейтін!
Әйтеуір беймаза
жанында тыншу жоқ .
Көңілдің тұнығын,
ақтығын,
пәктігін іздейсің.
Бітпеген, тынбаған бір тілек,
Биіктен күдерді үзбейсің. 





Пікір жазу