18.09.2021
129
Уақыт өзі өңдейді
Бір тал ақ шаш жүр дедің бе сен маған?
Тиме, жаным, жасара алмас енді анаң.
Батар күннің еңкеюі тәрізді
Көрерсің сен енді менен әр ізді.
Жылдар жылжып жатады ғой жылымдай,
Өмір ғана жылжымайды бірыңғай.
Иірімде қалмайын деп жүргенде,
О, жан балам, шашыма ақ кірген де.
Бір кездерде анаң да дәл сендей-ді.
Әйел, ер деп өмір жүгін бөлмейді...
Көңіл бұған бұлқынады, көнбейді,
Ал уақыт сені өзінше өңдейді.
уақыт Тұрсынхан Әбдірахманова Тұрсынхан Әбдірахманова өлеңдері Тұрсынхан Әбдірахманова шығармашылығы