18.09.2021
  155


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Көкдөнен көңіл

Әндетемін кейде асқақ көңілменен,
Ақ сәуледей бұлтқа әсте көмілмеген,
Саясында жан табар рахатын
Шынардаймын жапырағы төгілмеген.
Кейде түйір дәндеймін егілмеген,
Гүлмін бірде қыз бұрымға өрілмеген,
Ауыздығын қарш шайнап көкке орғыған
Асау тұлпар арбаға жегілмеген.
Мәуелі бақ жемісі терілмеген,
Шырынымын қыз тілден өбілмеген.
Кейіп әсте кермеген мұңсыздаймын,
Көз жасына кірпігі көмілмеген.
Үкім айта келгенмін өмірге мен,
Уысымда мынау жер-өңір деген...
Қартаймаған, ешқашан көнермеген,
Осы-ay шіркін, көкдөнен көңіл деген.





Пікір жазу