18.09.2021
  179


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ғылым

Көне заман, қатар болса ғасыр үн –
Сенсің,
сенен ұқтым арман ғасылын.
Сенін түсер болса жарқын нұр сәулең,
Мынау дүние қала алмайды жасырын.
Асыққанға жеткізбес бір қиырсың,
Шыдамсызға шым-шытырық шиырсың.
Жолбикелер жолда табан тоздырар,
Желөкпеге нағыз тұсау, тыйымсың.
Сабырсызға шешілмейтін түйінсің,
Табансыздар тайып түсер қиынсың.
Бас құрасқан қайрат, төзім, мол бейнет,
Келелі іс қамындағы жиынсын.
Шыңыраусың жоқ аумағың, жоқ мүсін,
Ылғи да бір жоқ іздеген жоқшысың.
Таймас табан, қайсар қайрат маңайлар,
Солар ғана жетер жаншып топшысын.
Айқын сүрлеу, даңғыл жолың жоқ-тағы,
Қызықтырғыш жүзің қызыл шоқ-тағы.
Ымдап ылғи назар баурап алады.
Құзға асылған нәзік ешкі соқпағың.
Дәйім алдан жаңалықсың ашылар,
Адам үшін сенде ырызық асыл бар.
Сеніменен көне дүние жаңарып,
Сеніменен жақындайды ғасырлар.
Отан – кеме, сен – жылжытар желкені,
Жатыр сенде оның жарқын ертеңі.
Техника – үнің сенін, нәтижең,
Нұрландырар мынау байтақ өлкені.
Сеніменен жатыр мақсат алға асып,
Бүгінгі іс болашақпен жалғасып.
Батырларың бағындырып Космосты,
«Салют», «Союз» кемелер жүр алмасып.
Көне заман қатар болса ғасыр үн –
Сенсің
сенен ұқтым арман ғасылын.
Сенің түсер болса жарқын нұр сәулең,
Мынау дүние қала алмайды жасырын.





Пікір жазу