18.09.2021
  196


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Мінездер бар

Мінездер бар
Қылпылдаған
Ұстараның жүзінше.
Мінездер бар
Сәтте дауыл,
Жайма-шуақ ізінше.
Мінездер бар
«Қыз» атанған,
Қызбаланып ұрынбай,
Жұғысқанды
Жұтатұғын
Қорғасын сұр жылымдай.
Мінездер бар
Тыңдасаң ақ,
Үңілсең, іш құрымдай.
Мінездер бар
Қайрақ сынды
Жүрер түсі жылынбай.
Мінездер бар
Аулақ жүрер
Алты қырды айналып,
Жанағанды
Жағыстырып,
Жағар қара майды алып.
Мінездер бар
Майлы қасық
Оңына да солына,
Қыбын тауып
Қыранды да
Қондыратын қолына.
Мінездер бар
Биік жатқан
Асқар ала тауыңнан.
Айырмасы
«Аспан сынды»
Жерде жүрген қауымнан.
Мінездер бар
Шыңыраудай
Жатар бәрі ішінде.
Мінездер бар
Қаудырлаған
Тетігі тіл үшінде.
Адам қанша
Болса сонша
Мінез екен шатқалаң.
Шатқалаңда
Шырматылып,
Шым батуға шақ қалам.
Қайсы бірі
Жүректерге
Жол тәрізді табылған,
Қайсы бірі
Жүректерге
Қақпа сынды жабылған.
Қилы мінез –
Қилы кезең
Өзі нәзік қадамға,
Әсіресе
Жалбақтауды
Жаны сүймес адамға.
Дарқан ана
Табиғаттың
Даралаған сыйын-ай,
Жүректерге
Барар жолдың
Қашан болсын қиыны-ай!





Пікір жазу