18.09.2021
  158


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Дауыл

Қорғасын бұлтты үйіріп,
Алқымдап көктің алабын,
Шуақты сәтті сиырып,
Қуыра жердің танабын.
Келеді дауыл ақырып,
Келеді дерсің кекке үндеп,
Жолында не бар жапырып,
Үдере есіп екпіндеп.
Кірпігін күн де түсіріп,
Түнере шытты қабағын.
Шешегін гүлдің ұшырып,
Жұлқыды дауыл сабағын,
Сақылдап күліп жан-жаққа
Бытырай қашқан балалар
Секілді ұшқан аулаққа
Гүлшешек – қызыл таналар.
Гүлшешек – қызыл күледі
Күледі дала, атырап,
Күледі күштіні іледі,
Күледі ұшқан жапырақ.
Өзінің сезбес еш мінін
Шығы да бар ғой ілкіде,
Бойына сенген күштінің
Қалатын солай күлкіге...





Пікір жазу