17.09.2021
166
Мақтаным
Достарым,
Өмірде сүйерім көп менің:
Сүйемін
Елімнің бұлтсыз аспанын,
Сүйемін түлкі жон даламның көктемін –
Бұраң бел ақ талдың
ақ үрпек
ақ бүршік ашқанын!
Сүйемін
көктемгі даламның ақ таңын,
Сүйемін
еркелеп бұлақтың аққанын,
Сүйемін
қыранның құздағы сақ-сағын
Тау-тасты талдыра
күй төккен
бұлбұлды мақпал үн!
Сүйемін
таң жаңа еңбекпен атқанын,
Сүйемін
өңірді төл үні жапқанын.
Қуанам,
көргенде шат жаным,
Малшы ауыл
ертелеп дуылдап,
қику сап, мыңғырып жатқанын.
Адамның
бақыты – сүйерім, баққаным,
Сүйемін
бейнетқор зейнетке батқанын.
Сүйемін
шопанның Балға-Орақ таққанын,
Сүйемін
осылай баршаның бақытын тапқанын!
Сүйемін
осылай күндердің батқанын,
Сүйемін
осылай таңдардың атқанын.
Ақ сәуле
адамдар көңілінде от жаққанын,
Елімнің
осындай,
Көктемдей өмірі
мақтаным!
Мақтаным өмір Тұрсынхан Әбдірахманова Тұрсынхан Әбдірахманова өлеңдері Тұрсынхан Әбдірахманова шығармашылығы