17.09.2021
  212


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ұлы достық

Елу жылдың биігінен
Көз жіберсең досым-ай,
Россия ел еді ғой
Жылқышылар қосындай,
Бақас шығып бауырластар
Әсте басы қосылмай,
Өтпеп пе еді бір-біріне
Көктен түскен тосындай.
Бүгін оның қандай да бір
Қиырларын шарласаң,
Қай аймағы, қайдағы алыс
Түкпіріне бармасаң,
Жарқын жүздер күліп келіп
Ілтифатпен қарайды,
Сол кіршіксіз күлкілерден
Күн көресің арайлы
Айқара ашқан ыстық құшақ,
Аярсыз мол мейірім,
Кілем қылып төсегендей,
Дос құрметін, пейілін.
Жаңа көріп – білсең дағы,
Жаңа ғана танысып,
Тұрғандайсың ежелгі бір
Дос құрбымен табысып.
Ақ көңілдер аясынан
Ақтарылған жан ыстық
Сездіргендей жүректерде
Жоғын бізде алыстық.
Затың басқа болсаң дағы,
Бөгде емес өздейсің,
Апта емес, айлар жүрсең,
Жалғыздығың сезбейсің.
Қиындықта көл ұшы емес,
Ұсынатын білегін.
Қорғаның да қасың келсе,
Қарсы қояр жүрегін.
Бұл мызғымас достығы бар
Менің байтақ ұлы елім,
Түрлі ұлттар туыстасып
Қосқан мәңгі тілегін
Менің ғана елімде бұл
Арайлы таң атқан нұр,
«Тар жол, тайғақ кешулерде»
Табыстырған тілек бір
Ұлы елімде Ұлы достық
Мызғымас ел туындай
Ғасырларға кетер талай
От қалпында суынбай.





Пікір жазу