17.09.2021
  175


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Көз

Ән арқауы, қанша жырдың өзегі
Болған талай мойыл қара көз еді.
Жер шарасын алқымдаған шағымда
Келсе амал не сені жырлау кезегі.
О, мойыл көз, қай күш сенен безеді,
Пау, не қылған әрекетің тез еді!
Магнит боп тартып алып өзіне
Тапжылтпасаң қай тас сезім төзеді!
О, мойыл кез, сенен сырды бүкті кім,
Дәл өзіндей оны және ұқты кім!
Төңкеріліп жалғыз рет жалт етсең,
Болмайтұғын бар ма сенің тұтқының!
О, мойыл көз, сені неге теңерсің,
Ылғи жаңа, айтылмаған өлеңсің!
Жұтып қояр тұңғиықсың, тереңсің,
Абайсызды тереңіңе көмерсің!
***
Жатсынбай-ақ жанға балап десең де өз,
Болады ғой ашылмай іш қалар кез.
Тіл айтпаған «сарғая құт» деген сөз
Жанарында тұрмап па еді, қара көз!
Телмірейін, мен жолыңа қарайын,
Иек қақшы, мен соңыңнан барайын.
Күн қызуын керек етсең табайын,
Отың болып лапылдайын, жанайын.
Ғарыш бойлап өсер болса талайым,
Сен әперген жұлдызыма балайын.
Армансызы мен болайын әлемнің,
Қолға тұтқан күннің қызыл арайын.
Сонан бері сен деуменен келемін,
Бар болғаны ойды тізе беремін.
Өкініші – саған жетпей өзіммен
Кетеді ғой осы сезім, өлеңім!
Тұрса-дағы жүр деп жүрек жетелеп,
Мен емеспін жөнелетін төтелеп.
Ешкі соқпақ тәрізденген тар жолым
Қандай арман қай үмітті өтемек.
Осылайша айтылмаған сөздердің
Тізбесі бар тұнық қара көз көрдім.
Алауы мол, арманы бар ақша бұлт,
Жаны жалын, жүрегі шоқ өз көрдім.





Пікір жазу