15.09.2021
  209


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Татьянаның қырдағы әні

Алдыңа адалдықпен жайған жанын,
Үйренген ірікпей айтып ойға алғанын
Келіп тұр зиярат етіп қазақ қызы,
О, Пушкин, сыйынатын пайғамбарым!
Сонау кез Татьянаны байтақ дала,
Қарсы алды Абай сынды ұлы дана.
Аралап сахараны қазақ тартқан
Қосылып жүре берді ол, домбыраға.
Достасып Салтанатпен, Әйгеріммен,
Ұғысқан жүректердің ен төрінен
Орын ап Татьянаның қырдағы әні
Көзі бар көкіректе ойға өрілген.
Нәзік сыр, тоғысқан шер, мұң айтылды,
Қалтқысыз ұғынысқан шын айтылды.
Тоғжан мен Татьяна қол ұстасып,
Ғасырды асып қанша жыл айтылды.
Бұл әнді үлкен де айтты, кіші де айтты,
Өріске талай-талай барып қайтты.
Айт пен той, шілдехана бастап беріп,
Қаншама тойбастарды алып қайтты.
Домалап паң қараған биігінен,
Есінен тана әсем бұлбұл үннен,
Қол соғып Татьянаның қырдағы әнін
Тыңдады бүкіл әлем Бибігүлден!
Дабысың Россиядан кетті асқақ
Тіл біткен әлемдегі атынды атап
Келген із қабіріңе даңғыл қара
Жол болды, қайда оны ермен баспақ!
Достықтың, туыстықтың сен пірісің
Туғансың бауырмалдық өнер үшін!
Қалдырған қолмен салмай ескерткішің
Алып нұр төңіректің торт бұрышын.





Пікір жазу