Шұбар тас
Соңғы күндері Айжанның қабағы ашылмайтын болып кетті. Оның басты себебі ауылдағы әйелдердің бәрімен алакөз болып, ұрсысып біткен Шайбүбінің қитықтан ситық тауып Айжанды тілдеуі еді. Жай тілдегенге ол шамданбас та еді. Айжанды қарғап-сілегенімен қоймай «қубас неме, неменеңе жетілесің, дүниеден ернің жібімей кетіп бара жатып» деп бүкіл ауылдың бас-аяғына жар салғандай айғай салды.
Мұндай қатты сөз, қайтып көрмес сөз айтылуы үшін бір үлкен себеп болды ғой деп ойлайсыз ба? Жоқ, тіпті болар-болмас нәрсе. Бары-жоғы «тары түйісіп жібер» дей келген Шайбүбіге Айжан «қолым тимейді» деуі-ақ мұң екен, ол борандатып жүріп берді-ай дерсің. Айжан оның ұрысына үндемеді, бірақ соңғы сөзді айтқанда даусы шығып жылап жіберді де, үйіне жөнеле берді. Шайбүбінің де айта алмай тұрғаны тек соңғы сөз екен, соны айтқан соң желі кеткен қарындай солып, іші босап, ашуы басылып қалды. Ішінен өртеп бара жатқан пәле «қу бас» деген сөзбен бірге кеткендей.
Айжан сол кеткеннен үш күн бойы үйінен шықпай қойды. Ешкімнің көзіне де түспеді. Жолдасы Ермек «не болдылап» қанша сұрағанымен айтпады да, тіс жарып, тіл қатпады.
Семья жағдайымен алты-жеті класс қана оқыған Айжан ауыл мұғалімі Ермекпен қосылғалы да үш-төрт жыл өтті. Ешкімге айтпай іштей қанша тілегенімен бала көтермеді. Оқтаудай болып қақиып қалды. Айжанмен қатар күйсуге кеткен қыздар қазір бір-екі балалы болып отыр. Ал Ермек болса бала сүю дегенді тіпті еске алатын емес. Осыларды ойлап іштей тынып келген Айжанға Шайбүбінің ұрысы дәл төбесінен таспен ұрғандай болды. Осыдан бірнеше апта өткен соң барып қана Айжан тілге келе бастады.
Бір күні түнде төсектен түсіп бара жатып Ермек бір нәрсеге аяғын ұрып алды. Аяғы шымылдап ашып кетті. Ол шамды жағып жіберіп қараса кровать жанында еден үстінде нан кесетін ұзын қара пышақ жатыр. Нанға өтпей оны үгітіп жіберетін қара пышақ нағып қасиеттеніп ас үйден ұйықтайтын бөлмеге келген? Аяғына тигеннің осы екенін білген Ермек оны алып, стол үстіне қойды. Тобығының терісін пышақ жырып кетіпті. Ол далаға шығып келіп жатып қалды. Шам өшіріліп жатқаннан біраздан кейіп қасынан Айжан сырғанап түсті де, әрі таман барып, стол үстінен тықыр еткізіп бірдеме алды. Сөйтіп кровать жанына келіп белі бүгіліп отырды да, қайта тұрып төсегіне жатты. Бұрын төсекке басы тиісімен ұйықтап таңды бір-ақ атқызатын Айжанның соңғы күндері, мына бір түндегі күдікті жүрісі Ермектің көпке дейін ұйқысын келтірмеді. Ол ұйықтаған болып, мұрнынан жай дем алып жатты.
Айжанның ұйықтай қоймағанын Ермек сезді. Айжан бір нәрселерді айтып ұзақ күбірлеп жатты:
Е, құдай, тілегімді бере көр. Ермектің өзі жалғыз еді, ең болмаса осыған бір серік бер. Құдай мені басқалардан неге сорлы қыласың? Менің сорлы болардай не жазығым бар еді. Әлде «екеу болмас жігітке бедеу қатын тұс болар» дегендей мен сорлыға кездескен шоқпарлы ма едім...
Айжанның құдайға түн жамылып жатып жасаған құлшылығын тыңдап болып Ермек күліп жібере жаздады. Енді белгілі болды. Айжанның қабағының кірбіңі — бала. Ермек осы уақытқа дейін шынында қалай ойламаған? Өзі қатарлы үйленгендердің көбі-ақ балалы болған екен-ау, ә!? Бала! «Бала адамның бауыр еті» дейді.
Ақыры Айжанның абыржып жүргені басқа бір ерекше нәрсе болмаған соң ол ұйықтап та кетті...
Таңертең Ермек көзін ашып алғанда үйдің іші жап-жарық екен. Көктемгі мейірлі күн нұрын төгіп тұрғанға ұқсайды. Айжан тұрып кетіпті. Ермек әдеттегісінше еденнен үйге киетін жеңіл башпағын іздеді. Оның көзі төсектің басына таман қарағай еденде қадаулы тұрған түнде өзін жаралайтын қара пышаққа түсті. Күнде ас үйде қадырсыз жататын майлы қара пышақ үлкен беделге не болыпты. «Е қарауылым-ай,— деді Ермек ішінен,— Айжанға бала туғызбай жүрген қара албасты келіп қалмасын деп төсекті күзетіп тұр екенсің ғой». Ермектің ойымен қара пышақтың жұмысы не, түрме күзеткен жасауылдай қақшиып тұра берді.
Ол оны көргенін Айжан білсін дегендей еденнен жұлып алып, ас үйдегі столға апарып тастай салды.
Шай ішердің алдында ауызғы бөлмеге ауылдағы «белгілі бедеу атанған» жүн-жуантық Қойман кіріп келді. Нық жабылмай, саңлау қалған есіктен олардың сөзі шай алдында газет қарап отырған Ермекке естіліп тұрды.
Әңгімені Айжан бастады:
— Қара пышағымды енді қайда қоярымды білмеймін. Түнде Ермек аяғын ұрып алды. Таңертең оны шаншыған жерімнен алуды ұмытып кетіппін. Әкеліп ас үйге лақтырып тастапты.
— Ойбай-ау, келіншек-ау, еркек адам соған маңыз береді ғой деп қорқып отырмысың? Олар оған көңіл аудармайды.
— Маңыз бермегенде? Бір күні біліп қойып көңілі қалып жүре ме, қайдам. Былтыр есік алдындағы құдықтан түнде су алуға жүрегім дауаламағаны. Соны Ермекке келіп айтып едім, ол суды алып келіп берді де: «қалтаңа пышақ салып барып, бісмілда деп шаншып қойып, суды ала бермейсің бе?» деп кекеткені бар емес пе. Содан бір күн тұрып бейсенбіге Жұмасай молдаға ол жоқта құран оқытқызып, шай бергенімді естіп қойып, пәле содан шықты ғой. Өзім де жаман қорықтым, жеңеше-ау. Әйтеуір көңілі қалмасыншы, сопың.
— Ендеше сен қара пышақты шүберекке орап бас жағыңа тыға сал. Пәле-жала содан да жоламайды.
Ермек ойланып тұр. «Айлас қатын мұңдас». Мына байқұс та баласы жоқ болған соң Айжанға келгіштеп жүр екен-ау! Әй, надандық-ай! Ермек Айжан көңілі қалмасын деді ме, әлде тағы да байқап тұрайын деді ме, үндемеді. Ертеңіне Ермек шүберекке оралған қара пышақты тағы да жастықтың астынан суырып алды. Ол қара пышақтың орауын жазып, шүберегін алып тастады да, тағы түк көрмегендей ас үйге апарып қоя салды. Бұдан былай қара пышақ құрметтен қалып, бұрынғысынша енді ас үйден табылатын болды. Әр нәрсенің дүниеде алатын орны бар ғой. Айжан қара пышақтың тіпті осымда жатқанының өзі тәуір ме деп қалды, ол ас үйдегі столдың үстінің аз да болса көркін кіргізіп тұрғанға ұқсайды. Бұдан былай қара пышақ түпкі үйде көрінбеді.
Қара пышақ ұмытылып кеткен соң. Ермек Айжан қайғысын да ұмытты. Ұмытпағанда ше, басы жерге жетіп тұрған емес, бала деп безілдеп не көрініпті зарығатын уақыт бола қойған жоқ, жиырма үшке жаңа келді.
Күн жылынып кәдімгі жаз да басталды. Ермектің бастауыш мектептегі сабағы аяқталып, енді демалысқа да шықты. Жазғы демалысын Ермек аң аулап, құс атып бір еркін демалыс етіп өткізбек болды. Нақ демалыстың алғашқы күні Ермек ұйықтай алмай шықты. Басына бірдеме батып барады. Көзін ашып алып еді, үйдің іші жап-жарық, күн сәске болыпты. Айжан қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Жастығы ысырылып бір жағына түсіп қалыпты. Ермектің ойына тағы да қара пышақ түсе кетті. Сондай бір пәле шығар деп ол бас жақты актара бастап еді, аппақ ақ шүберекке ораған ап-ауыр бірдеме. Тағы не болды екен, бұл? Осы үйге бала әкелетін тағы бір «қасиетті» нәрсе екеніне бұл жолы Ермектің шүбәсі болмады. Шүберекті шешіп ашып қараса кәдімгі көк шұбар қайрақ тас. Мұндай қайрақ тастарды Жетісуға баяғыда Әндіжанға қой айдай барғандар Жалдауаттан әкеледі дейтін. Шынында оның қайрақтық қасиеті күшті. Тіпті оның майдалығы сонша — ұстара қайрауға да болады.
Бір сәт Ермек Айжан көңілін қалдырмас үшін қайрақ тасты орнына қоя салғысы да келді. Бірақ мұның өзі көбейіп барады ғой. Төсектің басынан біресе қара пышақ, біресе қара шұбар тас шыға беруі қаншалықты ұнасымды. Оның үстіне кеше ғана ойнаса да Әбіш ойындағысын айтып «құдайға шүкір әйеліміз құдайға құлшылық қылып жүрген жоқ» деді ғой. «Ел аузына елек қойған бар ма», ол балалардың құлағына жетсе «ағайымыз сондай екен», деп жүрсе Ермек басына бұдан өткен ұят бар ма? Одан да бұған біржола тыйым салу керек шығар.
Осы кезде Айжан да оянды. Оның көзі Ермек қолындағы шұбар тасқа түсті. Ол көзін шарт жұмып ала қойды. Дүние тым-тырыс. Айжан сығырайтып қана көзін қайта ашты. Ол орнынан атып тұрып, тез киінді. Ермектің қолындағы тасты қалтылдап ұстай бермек болып еді, оны анау бермеді. Айжан қайта ұмтылуға батпады. Ермек тасты қолтығына қысып далаға беттеді. Түрі кетіп, түсі қашып, екі көзі жаутаңдап Айжан ере шықты. Өзінде үрей қалмапты. Бұл жерде ол баланы тууды былай қоя салып, қазір астан-кестен болып, топан су жүріп, дүниенің асты-үстіне келетінін ойлап құр сүлдесі тұр.
Ермек рельстің бір кесінді — төсті, кішкене балғаны алып келіп Айжан алдына дүрс дегізіп тастай салды. Жерге дүрс ете түскен төстің дауысы Айжанды Ермек дүрс дегізіп қойып жібергеннен жаман естілді.
— Мә, енді мынаны жастан. Егіз туасың.
Бұлардың жанына Қойман жетті. Айжанда үн жоқ.
Сүлесоқ тұрды да қалды. Оның ойы басқа. Құдайсыз адамның қолына түскен дұғалы тастың қазір Ермекті ұрып жықпасына кім кепіл. Ермек бір кескен шөркені астына қойып отырып шұбар тасты төске қоя берді.
Нақ осы кезде Қойман баж ете қалды:
— Ойбай-ау, жайдың тасы ғой бұл. Ол қасиетті тасты не істемексің?
— Бұл жалдауаттың шұбар қайрағы ғой.
Балға тасқа шақ ете түсті. Алай-дүлей боран соқты да, жер шыр айналып барып, аударылып кетті. Айжан шайқалақтап барып, жалп ете түсті. Ермек қайда, Ермек? Қайран Ермек! Сәлден кейіп Айжан көзін ашып еді, дүние орнында. Шағылған тас түнгі ашық аспандағы жұлдыздай шұп-шұбар болып есік алдында шашылып жатыр. Жұмасай айтқандай шұбар тас ақ орамалдан шықса, дүние астан-кестең болмапты, шайқалмапты да. Оны төске қойып шағып тастаған Ермек те аман. Тіпті құдайдың бермесе баласы өзінде тұрсын, тек мына шұбар тастың кесірі енді Ермектен аулақ болса екен. «Қожа, баланнан бездім, қамшымды берші» деген екен бала беремін деген қожаға бір адам. Айжанға да соның кері келді.
Бұл оқиға сол сағатында колхозды-ауылдың барлық түкпіріне жетті. Шұбар тастың төңірегіндегі әңгіме гуілдеп біраз күнге барды. Кейбір көріпкелі барлардың cөзінe қарағанда Ермектің үйі «сол тастай шағылады». Оны таратушының бірі Қойман болды. Кейбір желім ауыз, жез таңдайлар бірі жаны ашығансып, енді бірі табалап тоғыз саққа жүгіртті.
— Ойбай-ау, құдайдың өзі жіберген тасты шақты ғой. Сол тастай шағылар.
— Ой, әттегене-ай! Енді Айжан бала түгіл тас та таппайтын болды-ау.
— Ойбай, бетім, жеңеше-ау, кеше Жұмекең ұйықтамапты. Таң атқанша Айжанды айналдырғандарды қуып тыныш таппапты. Жүзің құрғырлар, қаптап кетпесе не қылсын!
— Құрысын, айтпаңдаршы. Денем үркіп барады.
— Соның үйінен кіріп, шығып жүргенін де көріпті.
Сөйтіп шұбар тас әңгімесі елге тараған күні-ақ Ермек әйелін алып Алматыға кетті де қалды. Олар қалада екі ай жүріп қайтты.
Уақыт зымырап өте берді. Жаз өтіп, күз жетіп, одан қыс та келді. Айжанның екі қабат екенін ауыл біліп қалды. Мұны естіген Шайбүбі мен Қойман:
— Ол аман тумайды, үйін торып жүргендер оны аман туғыза ма?— десті.
— Ойбай-ау, екеу екен дейді. Шаштары жалбырап сол төңіректен кетпейді дейді.
...Көктемнің бір күнінде аудан орталығынан келген жедел жәрдем Айжанды алып кетті. Арада апта өткен соң ұл баласын құшақтаған Айжан Ермек екеуі машинадан түсіп жатты. Үйге кіріп бара жатып өткен жылы шағылып есік алдына тасталған, түнгі жұлдыздай жыпырлап жатқан шұбар тастың сынығын көріп Айжанның беті ду ете түсті. Ермектің балалы болғанын естіген Қойман үйіне бара салып ораулы тасты далаға лақтырып ұрды деген сөз де демнің арасында ауылға тарап үлгерді.
1965