15.09.2021
  195


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Шүлен

«Мешкей» деген жақсы атақ емес. Дегенмен де мешкейдің де мешкейі бар. Олардың бірі түйені түгімен жұтса, енді біреулері керуенді жүгімен қылғытады. Қайткенде де бірінен бірі қалмайды. Олардың ішінде топтап, тобырлап жеп, ауыз толтырып қарпыта, түйіле-қабына жұтатын қомағайлары бар. Ондайлардың қашанда қол салған жерлері омырылып, орталанып қалады, дос дұшпаны алдында беті ашылып, көр шеңгелін салған жері көрініп тұрады. Мұндайлардың өмірі ұзақ емес, тез келіп, тез кетеді.


Қомағайлар мен мешкейлерді сұрыптап қарағанда Қармақ мал дайындау-бордақылау пунктінің бұрынғы директоры Қомпай мен мекеменің аға бухгалтері Домбай жоғарыда біз айтқан қомағай мешкейлердің қатарына .жатады екен. Олар ә дегеннен-ақ таз таулардың ақ бас күшігенінше көп асап жіберіп, жегендері желкесінен шығып қалды. Оның үстіне мемлекет малына алақаны ашық мырзалар біраз адамның, біраз адамның болғанда көңіл жетерлерінің ұрты мен мұртын майлап та тастады. Көріп келген бар ма күндердің күнінде Арал теңізінің қысқы қара дауылындай бірдеңе пайда бола кетпесіне кім кепілдік берсін. Сонда Қармақ төңірегінде өсетін кеуректей дауыл жұлып әкетіп жүрсе олардың бірі болмаса бірі жанға жалау бола ма дейді дағы. Бұл тәжірибелі жігіттерді қойсаңызшы, олар көмейі бос басшылардың көбін-ақ баурап, қолға оңай түсетін заң қызметкері болса, олардың тамағынан да бірдемені жылп еткізіп өткізіп жіберуге әзір тұрады. Қомпай мен Домбай да прокурор Торсықтың қоржынына екі қойдың етін тығып жіберген еді. Бекер обалы не, Қомпайлар басқаларды да көкірегінен итерген емес.


Бірақ, несін айтасыз, тексеру тұтқиылдан басталып, қара дауыл қатайған кезде, Қомпай мен Домбайға олар пана бола алды ма, бұлар қазан соққан қауындай пәлегінен жұлынып қала берді емес пе!? Сөйтіп қомағай мешкейлер әшкереленіп, бірақ сылбыр мешкейлер орнында қала берді.


Бордақылау пунктіндегі бордақылар кеткен соң орындарына Кірмесов пен Танабаев келді. Сылбыр мешкейлер осы кезде жаман састы. Біреуі:


— Ойбай-ау, жылбырап, сылбырап жүріп тояттай алмай тотидық-ау,— десе екіншісі:


— Қорықпа, қазан аузы жоғары, таңғы нәсіп тәңірден. Бордақылау пунктінің жана бастықтары бітеу болмаса, қорқытсақ та қолға түсіреміз әлі,— деді.


Я, сіздерге қомағай мешкейлер туралы айтып, сылбыр мешкейлер туралы үндемей қалудың өзі жон болмас еді. Сылбыр мешкейлердің қомағай мешкейлерден кәдімгідей ат пен атандай айырмашылығы бар. Қомағай мешкейлер қолға оңай түседі дедік. Ал сылбыр мешкейлер ше? Жоқ, бұлар алысты болжайтын көреген-мешкейлер. Бұлар қомағайлардай емес, теспей сорып, ұзақ жылдар жасайды, етін жеп, жілігін шағып, сүйегін мүжіп, сорпасын ішіп те үлгіреді. Сондықтан да Қомпай қатты өкіне отырып:


— Зады сылбыр мешкейлердей теспей сорғаннан артығы жоқ екен.— деп еді. Сол Қомпай да жеуден тәжірибесі мол батыр ғой, бірдеме білсе керек-ті. Өйткені мұнда жаңа бастықтар келген соң да сылбыр мешкейлер теспей соруда. Олар тиын-тебен төлеген болып, мемлекет малын оңды-солды ала береді, ала береді. Соңғы үш жылдың ішінде нақ осы пунктте 329 оқиға болып, бұған 152 адам араласты. Мемлекеттің 512 қойы, 33 сиыры, 63 жылқысы мен түйесі сол оқиғаның құрбанына шалынды.


Бір жаман жері сол — қомағай мешкейлер кеткенімен осы малды бірге жескен сылбыр мешкейлер осы пунктті әлі де «ұзағынан сүйсіндіргей» деп сүліктей соруда. Сылбыр мешкейлердің өзі де мансап жағынан ақсап жатқан жоқ олардың қызметі де түрліше, жеуі де өзгеше. Көрген көзде, естіген құлақта жазық бар ма, енді сол тізімнен көзіміз шалып қалғанын айта кетейік.


Алдымен бордақылау пунктін соруға бейімделген халық соты Тәшімбетов екен. Ол он бес қой алған. Мұны көрген халық соты Тұрмаханов ашуланып келіп. Төрт қой сойыс алып, көңілін демдеген. Бұларды көрген бал ұстаған бармағын жалайды, дайындау пунктінің қызметкері Кірмесов «сонда мен неден сорлымын» деп жиырма қойды, бір сиырды алдына салып қуалап жөнелген.


— Пәле деген аяқ астында, деген чумаға қарсы күресетін станцияның қызметкері Ставский,— егер ондай бірдеме болса, өзім қорғап аламын. Чумадан асқан пәле жоқ, оның да бетін қайыру өз қолымда. Чуманың құртын көрген көз, сезген мұрын сендерге келген пәлені сезбесе кесіп-ақ тастармын. Әкеле бер, бере бер,— деген.


Ойбай, басқа келген пәледен бастан құлақ садаға. Сенен аяғанымды ит жесін!—деп Кірмесов Танабаев екеуі сыбырласып-сырласып он қойды бауыздап жөнелтті. Мұндай шүлен тарқатып, әркімге сыбаға беріп жатқан жерден мәдениет мекемесінің қызметкерлері құр қалғысы келмеді. Атымызды атамады деп өкпелемесі үшін аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Сауытовтың, сол мекеменің қызметкері Салмановтың ат мініп, атан жетектеп, сиыр айдап кеткенін айта кеткеніміз жон болмақ.


Қылмыстың қызыл басы қылтыңдап көрініп тұрған жерге милиция бөлімі кызметкерлері де жеткен. Олар қызыл көрген қарғадай бұл төңіректі жағалап жүріп Ділдаев та есесін жібермеген, қосақтап айдап қайтқан. Екі өркеші екі баладай бір түйені жетелей кеткен. Басқасының бәрін қалай тізе берелік, мұнда сол ауданның сорпа бетіне шығар жыланқарақтың бәрі де келіп, бос қайтпаған. Бұлардың бағына қарай прокурор да, сот та, милиция бөліміндегі кейбіреулердің де аузы арамдалып ұрты мен мұрты майланып қалған соң қылмысты ашуға дәті шыдамаған. Сөйтіп мемлекет малын талан-таражға салғандар, шүлен үлескендер түк көрмегендей жүріп жатыр. Ал қомағайлар болса, жазаланбаған сылбыр мешкейлерді көріп, бұларға қызыға да, қызғана да қарайды.


— Әттең теспей сорар сылбыр мешкей болмаған екенбіз,— деседі. Бірақ түбінде теспей тынар ма олар. Мес түбі тесіледі де, жегіштер жолы кесіледі де. Тек сол күн ертерек болғай деңіз.


1976





Пікір жазу