Үндемеген адам
Қарақоңызға баратын автобус Алматы автостанциясынан түс өлетінде шықты. Алысқа, яғни автомашина баратын соңғы нүкте адамдары тегіс орындарына отырды. Жолаушылардың ырың-жырыңы біте ме, гу-гулесіп, дуылдасып келеді... Олардың жастары да әртүрлі, киімдері де ала-құла. Жаздың алғашқы айы басталып күн елжіреп, дүниені балбыратып тұрса да, қорбиып әлі қыстық киіммен пысынап отырғандар көзге оғаш көрінеді. Ал жақын жерге баратын болғандықтан түрегеп тұрған екі-үш адам жейдешең, жаланбас. Пысынап, моншақтап терлеп отырғандар «ой әумесер» қызыл іңірден желең жүргені несі екен деп күлісіп отыр. Өздері қайта-қайта терлерін сүртеді. Жығылып жатып сүрінгенге күледі. Ал түрегеп тұрғандар да оларды жетістіріп тұрған жоқ. «Осындай ыстықта шапан арқалап қайтеді, надандық-ай» деп олардың киім киісінен надандық іздейді.
Машина үлкен жолға шығып, жолаушылар біраз,тыныштанған кезде автобустың нақ ортасынан шаң-шұң дауыс шықты,
— Менің себеттерімді сен басқанша мен сені басып, мыжғылап өлтірермін,— дейді бажылдаған әйел дауысы.
— Ғапу етіңіз — дейді бір еркек, мен кешірім сұраймын сізден. Бүлінген ештеме жоқ қой. Жұрт сіздің себеттеріңізден аяғын қоятын жер таба алмай тұр. Бұдан да жүк таксиіне отырмадыңыз ба?—Алдыңғы дауыс жаңағыдан да қаттырақ шықты. Бажылдап, бақырып кетті.
— Кешірмеймін. Бүлінген ештеме жоқ деп. Қарашы мұны, енді бүлдіруі қалыпты... Әйел артқы сөздерін былапыттап барады. Автобустағы бірі қалғып, біреулері әңгімелесіп, енді бірі кітап оқып, әйтеуір уақытты немен өткізерін білмей іші пысқандар мойнын созып, тегіс бір-бір тұрып отырды. Ондағысы соңғы дауыстың кімдікі екенін білу. Белгілі болды. Ортада тік тұрған, мұрнының үстін, көз алдын сепкіл басқан, аузы базданған сары жалақ әйел. Басына тартқан бір жапырақ орамалдан шашы жылпылдап шығып кеткен. Жаңа ол бір чемодан он шақты себетпен кіріп еді. Онда да нақ осылай ұрсысып-таласып, зорлықпен мінген. Енді міне, қайта шатақ шығарды. Жұрттың оған қатты көңіл аударып, бәрінің жаман көзбен қарауынан ба, әлде өзі-ақ бажалақ адам ба, жаңағыдан да даусын тарғылдандырып қаттырақ шығарды. Бұзылған радио сөзіндей жарықшақтандырып бақырады.
— Сен тәрбиесіз маған орын бермейсің.— Нақ осы кезде pепродуктордан жүргізушінің дауысы естілді.
— Сіз жақын жерге барасыз, енді тәртіпсіздік істесеңіз автобустан түсіріп тастаймын.
Сарыжалақ сәл үндемей тұрды. Аздан кейін танауының астынан күңкілдей бастады:
— Мені түсіріп тастап көрсінші. Көрсетейін оған. Немене мен оп-оңай адам ба екем? Мен де мынау сияқты Совет Одағының азаматымын... Ал сенің себетке аяғым тиіп тұрып маған орын бермеуін оңбағандық. Тәртіпсіз, надан...
Сарыжалақ жүргізушіге естіртпей, отырған кісіге ұрыса берді. Ал ол орта жастағы ер адам түк есітіп, түк сезбегендей тіл қатпады. Оның үндемей қоюын сарыжалақ өзінше ұқты:
Мені үндемей жеңбек қой. Оңбаған. Еркек басымен маған орып бермей. Сен сықылды еркек менде де бар, — деп алып ол сәл үндемей ойлана қалып,— болатын,— деп сөзін жалғады.— Мен оны борышыма берген жоқпын. Сен сияқты іннен шықпаған тышқандарды қорғаймын деп өлді. Менің күйеуім сен сияқты әйелге орын бермейтін надан емес батыр болатын.— Ол тағы да ойланып алды.— Совет Одағының Батыры болатын.
— Әйел осы сөздерді айтқан кезде автобус іші қайта сыбыр-күбір әңгіме болып кетті. Бір-екі әйелдің аяушылық білдірген дауысы естілді. Артта отырған бір толықшалау әйел «бәріміздің күйеуіміз де қой бағып кеткен жоқ» деп сарыжалақтың міндетсінгенін жақтырмай қалды. Жұрт оның аузына жапырлай қарай қалып еді, ол одан артыққа бармады.
Жаңағы еркек үн-түнсіз орнынан үш ұмтылып зорға түрегеліп алдынғы орындықтың арқалығынан ұстап тұрды. Қату қабағы әлденені ауырсынғандай. Бірақ ешкімге тіл қатынады. Орынды босатқанымен сарыжалаққа да отыр демеді. Автобустың алдына, алысқа қарап қалыпты. Артқы жақтан бір-екі әйел, шамасы жана аяушылық білдіргендер болуы керек, қосарлана: «ал отыр, орын босады» деді сарыжалаққа. Ол рахметсіз жалп етіп отыра қалып, үш себетті бірінің үстіне бірін тізесіне қойды. Үстіңгі себеттің бір кезде былғанып қатып қалған батпағы, шаны алдынғы отырған әйелдің жауырынына үйкеліп сурет салып бара жатты. Оны көрген кейбір қушікеш жігіттер «жеңгейдін өзі суретші» екен ғой десіп қалжыңдап қояды. Орын алғанымен сарыжалақ ұрысын қоймады, жол бойы күңкілдеді де отырды. Не деп отырғанын төңірегіндегілер ғана естіді.
Әлгіде ғана Қарақоңыз барамын, одан әрі Фрунзе құлаймын деп отырған жас қара жігіт орнынан қарғып тұрды. Оның түрі бұзылып кетті. Жанында тұрған кісіге қарап сөйледі:
— Отырыңыз ағай, мен түрегеп тұрайын.
Орта жастағы адам жігітке рахмет айтып, иығынан басып орнына қайта отырғызды. Бала жігіт ыңғайсызданды. Әлденеге абыржығандай тұр көрсетті. Орнынан тұрған адам жұқа көк сулығының омырауын қымтап үнсіз тұра берді.
Автобус зулап барады. Терезеден қызғалдақтың кермек исі келеді. Тау үстінде найзағайдың шақпақ шаққаны білінеді. Күн екіндіге таянғанда машина Қарғалыдан құлдилап Ұзынағаш барып қалды. Жолаушылардан әлдекімнің таңданған даусы естілді:
— Мына чемоданнан қанды сары су ағып жатыр,
Ішіне ет салған ба,не пәле.— Сарыжалақ жаңағы сөзді айтқан әйелді тарпа бас салды.
— Сені сойып етіңді салғанмын.— Жұрттың ішінде бұған күлгенде болды. Жақтырмай біразы қабағын тыржитты. — Байың екеуің-ақ бүгін мені діңкелеттіңдер ғой түге. — Жолаушылар шынымен-ақ бұл әйелді жаңағы орын босатқан еркектің әйелі шығар деп ойлады. Соңғы әйел оған шамданған жоқ, «мынау неткен бәдік адам» деді де қоя салды. Қара кісі бұл біреуді біреуге әкеп таңып, ауызекі некелестіріп жатқан шақта да үнсіз қалды. Машина Ұзынағаштағы аялдамаға тоқтағанда тағы бір адамның дауысы шықты:
— Мына бір себеттен де еттің қанды сарысуы ағып барады. Ет сасып кетіпті.
Машина тоқтаған кезде ол сөзге ешкім мән бермеді. Жолаушылар тегіс сыртқа беттеді. Үнсіз қара да ауырлау қозғалып автобустан зорға түсті. Ол түсіп бара жатқанда жаңағы балаң жігіт тағы бәйек болды. Оны қолтығынан демеді. Қалың қара қасын керіп естілер-естілмес етіп рахмет айтты. Жолаушылар көптен су көрмей, енді келмекке жеткен үйректей бәрі газды судың кезегіне тұрып, шөлдерін қандырды.
Сәлден соң машина жүрмек болып моторға от бере бастағанда жолаушылар кимелесіп қайта кірді. Жаңағы зор қара кісі соңынан кіріп келе жатты, оны жаңағы балаң жігіт машинаға шығарда қолтығынан тағы демеді. Мұның анау кісіге жасаған құрметін сарыжалақтың көзі шалып енді балаң жігітке тиісті.
— Жаңа менің себеттсрімді салыспап едіңдер, енді мына дәу қараға жағымпаздануын түге. Шамасы ол сенің бастығың ғой. Түкірдім сенің бастығына,— деп «түпу» дегенде сарыжалақтың түкірігі алдыңғы әйелге шашырап кетті.
Еріккен жұрт алдыңғы әйел тура салып сарыжалақты беттен осып жіберер деп еді, жоқ ол да үндемей құтылғысы келді білем, дыбыс шығармады. Бұдан кейін сарыжалақ көпшіліктің төбесіне әңгір таяқ ойнатқандай жайы бар еді,
Машина қозғалып селодан шығып та кеткен. Кең асфальт жол жүріске жайлы. Дегенмен жолдың аты — жол. Ол мазасыздық тудырмай қоя ма? Машина бұрылады, селкілдейді, адамды шайқайды. Біреудің ұйқысын, біреудің құсқысын келтіреді. Сондай шайқақтың енді бірінде жаңағы үндемес қара кісі бір жағына қиқаң ете қалып, жалп құлап түсті. Сарыжалақтын себетінің біріне оның аяғы тиіп төңкеріліп қалды. Себет ішінен қанды сары суы арылмаған ет бөлек-бөлек түсіп жатыр. Себеттің астына салынған еттің бәрі сасып кетіпті. Автобустың іші мүңкіп барады. Біреулерге осы иіс тура базданған сарыжалақ ауыздан шығып жатқандай сезіледі. Біраз адам ақтарылған етті қызықтағанымен, енді бірсыпыра жолаушы жалп құлаған қара кісіге ұмтылды. Оның шалбарының балағы жоғары сыпырылып кеткендіктен сирақтары жалаңаш көрініп қалды. Бірақ сирақ емес. Сирақ сияқты протез — ағаш аяқ. Екі аяғы да жоқ екен. Протездің басына құр ботинканы кигізе салыпты. Оны жалп еткізіп жыққан да, июге бой бермей себетті актарған да сол ағаш аяқ екен. Басқалардан мұны бұрын байқаған бір алты-жеті жасар бала:
— Ағаш аяқ — деп баж ете қалды. Жолаушылар қайта дүрлігіп бәрі орындарынан турды. Кейбір шыдамсыздар, жылдамдаулар жүгіріп оның жанына барамын деп, сарыжалақтың ақтарылып қалған етін жинауға мұрша бермей, мыжып, оны бұрынғыдан жаман бажылдатты. Қара кісі тар автобустың ішінде үйелеп тұра алмай жатыр. Балан жігіт қатты айқайлап жіберді:
— Аяғының протез екенін сықырлағанынан білмеп пе едіңдер! Мені әкесіз қалдырған сұрапылды қалай ұмытасыздар,— Осыдан келіп машина айдалада асфальт үстіне тоқтап қалды. Бір-екі адам қара кісінің қолтығынан алып басын көтерді. Ашылып қалған сулықтың омырауы астынан Совет Одағының Батырының Алтын Жұлдызы жарқ ете түсті. Орденнің бірнеше колоткасы сұр костюмнің төс қалтасының үстінде тізіліп тұр. Батыр басын көтеріп жығылып қалғанына ұялғандай терлеп кетті. Ол қалтасынан орамалын алып терін сүрте тұрып, бір-ақ ауыз сөз айтты:
— Протезі құрғырдың винті босап кеткені.
Батырдың отырмаймын дегеніне жұрт қарамады. Бағанағы балаң жігіттің орнына отырғызды. Етін жинап болса керек, сарыжалақтың даусы қайта шықты:
— Бір ақсақ қулады деп өлеміз бе, неге тұрмыз.
Осы бір сәтте бағанағы арт жақтан сөйлеген толықша әйел автобустың алдына таман келді де, даусын басқаларға естірте қатты шығарды:
— Автобусты жүргізуге болмайды. Автобусты тазалау керек. Мына тәртіпсіз адамды шығару керек. Ол сау адам емес,— Ол сарыжалақты сұқ саусағымен шұқып көрсетті. Әзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар дегендей, бұл жолы сарыжалақ үндемеді. Мына әйелдің шошайта көрсеткен қолы оның көзіне тигендей үнсіз екі көзін басып темен қарай қалды.— Шофер жолдас, бәріне сіз кінәлісіз. Жақын жерге баратын адамды осынша жүгімен алып. Не пәле мына себеттегілер. Жігіттер, шығарыңдар.
Орындарынан ерлерден бұрын әйелдер тұрды. Сарыжалақ шынымен өзіне тықыр таялғанын сезді, бір сәт бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалды. Бірақ жолаушылар ішінде бұл жолы оны жақтайтын адам болмады. Олардың бәрінін көз алдына екі аяғы қара санына дейін жоқ адамды орынсыз тілдеп орнын тартып алғаны, екі сағат оны қақитып қойғаны тұрды. Тіпті жаңа ғана балағы жоғары сырғып кетіп, сидиып жатқан сұрықсыз ағаш аяқ әрқайсысының-ақ көзіне елестеді. Егде адамдардың көбінің-ақ түрі бұзылып кетті.
Толықша әйел себет толған еттің бірін автобустан шығарып жерге сылқ еткізіп қойып қалды. Енді сәл үндемей отырсам бұлар басыла қояды деп есептеген сарыжалақ бұлай көп ашуы сыртына тебер деп ойламаған екен, далаға шығарылған себетпен бірге мұның да жаны шыққандай ышқынып кетті. Оның ендігі бажалақ-байбаламына ешкім көңіл аударған жоқ. Жолаушылардың бәрі ақ әрқайсысының қышыған жерін қасып, соған сүйсініп отырғандай пейіл білдірді. Ет салынған он себет бірінен соң бірі далаға сылқ-сылқ түсіп жатты. Үйрек жұмыртқасын басып шығарған тауық суға түсіп жүзіп кеткен әр балапанының соңынан қырқылдап жүгіргені сияқты әрбір себет шыққан сайын ұмтылған сарыжалақ діңкелеп қалды. Ақыры нән қара чемоданын өзі ала қашты. Бірақ ішіндегі жүгі ауыр болғандықтан көрінеу көзге сарыжалақты табалағандай оның тұтқасы жұлынып кетті, Келеке етіп, тілін шығарып көрсеткен адамның аузынша ол бұлталаң-бұлталаң ете түсті. Не істерін білмей сасқан сарыжалақ аузы ұрыстан, былапыт сөзден босамай чемоданның о бұрыш, бұ бұрышын ұстап жұлқылай берді. Қара чемодан ішіме қанды сары суын ағызып ет салдың, онымен қоймай құлағымды жұлып алдың, енді не қылсаң о қыл, боларым болды дегендей тұрған жерінен тапжылмады.
Алғаш себеттердің далаға шығарылғанына көнбей тұрған сарыжалақтың енді қара чемоданды өзі далаға сүйреуіне кейбір сайқымазақтар күліп те алды. Ал қара кісі құлап қалғаннан бері ыза болып, тырсылдап тұрған жас жігіттің есіне елде айтылатын бір әңгіме түсіп мырс етті. Ол былай келуші еді:
Нақ осындай шілде туып, шыбын шыға бастағанда сараң байдың бірі тауға малын айдап көше жөнеліпті. Ондағы ойы — таудың соны, отты жайлауына бұрын жетіп, қоныстанып алу. Арам пиғыл жайлаған бай таудың қия-құзды жолымен малын асығыс айдап бара жатқанында шұбаған жылқыдан бірі сүрініп, таудан құзға қарай құлай жөнеліпті. Мұны көрген сараң бай:
— Бісмілда, бісмілда, а құдай, а құдай!—депті. Сөйтіп құдайға сыйынып тұрғанда, тағы бір құнан домалай жөнеліпті. Бай жалбарынуды көбейтіп:
— А, құдай, а, құдай!— дей береді. Оның «а құдайлағаны» тас құлақ құдайына жетпесе керек, үшінші ту бис және құлапты. Шал тағы да жалбарыныпты:
— Е, құдай, сақтай гөр, е, құдай!—Соның арасынша үйірге жаңа салған құры айғыры домалапты. Мұны көріп күйіп кеткен бай:
— О әкең... дөң-дөң дөң-дөң,— деген екен. Сарыжалақтікі де нақ осы сияқты болып шықты. Алдымен шығарылған әрбір себетке таласып еді, ақырында өзі сүйрей жөнелді, Сарыжалақтың жұлқылауына көнбеген чемоданды екі жігіт сыртқа ысырып тастады. Ауыр салмағымен түскен чемодан жапсары сөгіліп, күнде қалған ағаш ыдыстай ырсиып-ырсиып кетті. Ол себеттің қайсысына жүгірерін білмей,. біресе отыра қалып, біресе түрегеліп әбден састы. Бір жапырақ орамалдан шыққан шаш аюдың жалпылдақ жүніндей басы, көзін жауып алды. Оның сығырайған көк көзі құрғаған құдық түбінде қалған екі тамшы судай болар-болмас жалтырайды. Жолаушылар жан-жақтағы терезені тегіс ашып тастады. Автобус іші әп-сәтте-ақ мүңкіген иістен тазарып қалды. Бір-екі жас жігіт көзді ашып-жұмғанша бір-бір бау гүл теріп әкелді. Енді автобустың ішінде қызғалдақтың, қалампырдың исі аңқып тұрды.
Шофер де қатты састы. Сарыжалақты тастап кетейін десе өзі мінгізген, алайын десе жолаушылардан бата алмады. Не істеу керек? Осы бір сәтте арттан бір жеңіл машина тоқтады да, үш дөңгелекті мотоциклді адамдар автобустың алдына келіп көлденең тұра қалды. Автобусқа кіріп келген екі адам жолаушылардың билетін тексерді, қайда баратынын анықтады. Ал даладағы екі-үш адам себеттерді өздерінің машинасына тасып салып жатыр. Жерде алау-далау болып бажылдап сарыжалақ жылаған болады:
— Мен сияқты жесір адамды табасыңдар, басқаға әлдерің келмейді,— деп қояды ол. Автобустың ішіндегілердің бірсыпырасы жерге түсіп, сарыжалақтың барлық қылығын жамыраса айтып жатты.— Мен сияқты жесірді...— деп бажылдады сарыжалақ.
— Жоқтап, жылап тұрғаныңыз еріңіз болса, ол да осында келген болар,— деп күліп қойды келгендердің бірі. Әйел енді бүкіл көк жасылға оралған даланы басына көтерді. Оның жарықшақтанған тарғыл дауысы мауыққан мысықтың бақырғанындай тұнық даланын тыныштығын бұзды:
— Менің ерім болса бүйтіп қорламас едіңдер..,
— Оның күйеуі Совет Одағының Батыры екен, соғыста өліпті,— деді бір әйел келген адамдарға қарап, шамасы бағанағы алғашқы жаны ашыған әйелдердің бірі болса керек,
— Абыржымаңыз,— деді келгендердің бірі күліп,— екеуі де тірі,
Әйел де, басқалар да оның байыбына бармады. Тек ақыры немен тынар екен десіп қана тұрысты. Әйтеуір сарыжалақтың таза адам еместігін білді. Келгендерден екі жігіт құлағы жұлынған шұнақ чемоданды да машинаға көтеріп салды. Жұрт енді әйелдің өзін машинаға отырғызады, сонымен іс бітер деп шамалаған болатын. Олай болмады. Сарыжалақ «мені қайда апармақсың, мен мүсәпірмін, себет те, чемодан да менікі емес, мен батырдың әйелімін» деп жата қалып, жердің шөбін жұлды. Қарап тұрғандардың бәрі енді одан түңіліп кетті
Алып көрші, мен батырдың әйелімін.— Тұрғандардың кейбірі шынында да осының сөзінің жаны бар шығар дейді. Келгендердің бірі күйіп кетті білем:
— Бұдан жиырма үш жыл бұрын екі аяғын көріп тастап кеткенің қайда? Батыр болатынын білмегенсің ғой, ол кезде, деп салмасы бар ма. Жолаушы әйелдер сыбырласып кетті. Сарыжалақ қайта айқайлады:
— Ерімді тауып беріңдер!
— Алып кел, көрсін!— деді келгендердің бірі екінші біреуіне қарап. Анау машинадан әлдекімді түсіріп әкелді. Екі жағына пышақ жанығандай, кәтіңкі, сақал-мұрты өсіп кеткен біреуді алып келді.
— Міне, ерің,—деді жаңағы кісі.— Кешегі өзіңнен бөлінген жерден әкелдік — Кәтіңкі қараға көзі түскен сарыжалақ сасып көзін қайда жасырарын білмеді.
— Мұндай сұмырайды ешқашан көрген емеспін.— Ол тағы бақырып жылаған болды.
— Марқаева, одан да бүгін қайдан шықтыңыз, тез соны айтыңыз?—деді жаңа кәтіңкі кісіні әкелдірген адам. Сарыжалақ үнсіз қалды.— Екеуін де апарыңдар, машинаға!
Жолаушылар орындарына отырғанда арттан келгендер автобусқа кірді. Олар алдымен балаң жігіттің аты-жөнін, адресін сұрады:
— Әділ Айтанов, Фрунзе қаласы...— Кезек толықша әйелге келді:
— Клавдия Коршунова, Қордай ауданы...— Осы арада тағы да екі-үш адамның аты, тұрағы жазылды. Соңғы кезек батырға келді. Ол тіпті өзіне кезек келгенде қара суға түсіп терлеп, ұялып кетіп еді:
— Бекет Марқаев, Қарақоңыз селосы. «Коминтерн» колхозының председателі.
Жолаушылар да, арттан келгендер де аң-таң болды. Бірақ бір адам дыбыс шығармады. Сұрап тұрған адам тез бойын жинап, автобустан түсті де:
— Сапарларыңыз он болсын!—деп шоферге қолын көтерді. Автобус жылжып, ұзап бара жатты.
1967