15.09.2021
  223


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Тауықсыз да таң атады

Өткен жылдың көктемі «Қауырсын» колхозында ерекше жағдаймен есте қалды. Бұл көктемді олар өздерінше мал шаруашылығын өркендетуде алып адым жасаған кезең деп есептеді. Бұл олардың тауықтары тамаша көрсетіп, балапандары баққа қонып, қораздары қоқиланып тұрған кез болатын. Инкубатордан әкелген 2800 балапан шүпірлеп өріп жүріп бергенде жер қайысып, енді бір-екі жылда осы колхоздан өрбіген тауық дүниенің жүзін қаптап, жұмыртқаны әр жусан түбінен тезекше тереміз деген болатын.


Осы бір кезде колхоздың бухгалтері Беріков шотты сартылдатып, кірісі мен шығысын, артық-кемін, алыс-берісін тегіс есептеп лепірген ішке бүгіп тұра алмай сыртқа шығарды:


— Тауықтай табысты мол беретін мал көргем жоқ, жесең еті бар, қуырсаң жұмыртқасы. 2800 балапанымыз бар, оның үш жүзін жаңа қоныстанушыларға шүленге бергенде екі жарым мыңның өзі дүниенің көзін бітейді. Колхозымыз тауық табысымен-ақ байиды.


Шынында да бухгалтерге топылдатып жұмыртқалар тауып, шиқылдатып балапан шығарған екі жарым мың ақ тауық адам бұрын көрмек түгіл естімеген байлық әкелетіні көз алдына елестеп кетті. Қанаты салбырап, ақ үрпек балапанын ерткен мекиен күркілдеп, қызыл жалбақ айдары, мың құбылған сапары, күлтеленген қанат-қауырсынды әтештер айғайлап аспан әлемін жаңғырықтырып, «Қауырсын» колхозының табысын дүниеге жария етіп тұрса, бұдан артық не байлық керек! Сонда сонау Қиыр Шығыстағы біреулер: «Мынау не ызың, не қиқу, не жаңғырық» десе, «бұл председателі Құрымбаев, бухгалтер! Беріков басқарған, тауықпен табысын тасытқан колхоздың тауық фермасының ызыңы» деп жауап берсе, міне, дүниені қара күшімен таңдандырған Қажымұқан мен Поддубныйдан кейінгі атақ осыларға тимес пе!!


Балапан бастан асып, тауық жұмыртқа салып, қиқылықтаған қиқумен жаз өткенде бастықтар тауық фермасына көз қырын бір тастаған еді, одан пайда келіп жатыр екен. Күз болып тауық жұмыртқа салуын қойғанда председатель Құрымбаев пен бухгалтер Беріков есеп шығарар кезең келіп қалды-ау деп тауық фермасын тағы есіне бір алған екен. Естеріне түсісімен есебін алып қарағанда екі жарым мың тауықтың еңсесі түсіп шығынданып, даусы қора көлемінен шықпай қалыпты. Қорадағы тауықтар қылқиып әp жерден бір көрінеді. Небәрі екі жүз тауық, саусақпен санағандай. Тауық қиқуын дүниеге естіртпек болған бухгалтер Беріков қатты қысылды. Сасқанынан Құрымбаев қораны айнала берді.Ақыры бухгалтер бастықты жұбатудың есебін тапты:


— Асеке, тауықсыз да тан, атады деген емес пе, қайғырмай-ақ қоялықшы осыған.


Бұған көңілі жұбанғандай болған Құрымбаев ойламас үшін фермадан кетіп қалды да, содан қайта фермаға оралмай аудандық атқару комитетінін ағасы болып, үлкейіп кетті. Колхозға келген жаңа председатель Пышный құс фермасына көңілді қатты бөлді. Тіпті асхана ашып, құс етінен сорпа, жұмыртқасынан жұмсақ жұқана жасамақ болды.


— Әлі-ақ тауық арқылы дабысымыз жер жаратын болады. Тауығымыз түйедей, балапанымыз биедей, бөтеге еті бұлдырықтай, жұмыртқасы жұдырықтай болады,— деп лепірді. Ауданда бұл сөзді естіген Құрымбаев өзіме тартқан председатель деп мақтанып отырды.


Осындай уралаған бөспе сөзден кейін өткен жылдың есебі алынды. Тауық фермасынан сегіз жүз сом табыс келіпті. Шыққан шығын қанша? Бухгалтер жаңағы цифрды қалай женіл айтса, мынаны сонша ауырсынып, ыңыранып зорға айтты. Сегіз мың сом! Әр тауық жиырмадан жұмыртқа салыпты. Бірақ колхоз басшылары бұған қанша кінәлі?! Бюрократтанып алған тауықтардың өзі емес пе! Тіпті әр жұмыртқасы отыз тиыннан түседі. Жана председатель осының бәріне көңіл аудара қоймап еді, осы арада оның тауық сорпасын тілеп, жыбырлаған тамағы тағы бір қызықтың бетін ашты.


— Тауық сорпасын ішкім келіп тұр,— деді ол бухгалтерше қарап.


— Сізден аяғанымызды ит жесін, ақшасын төлеңіз де ала беріңіз. Килограмы тоғыз сом 25 тиын.


— Ойбай не дейді? Одан да бұған он килограмм сиыр етін жемеймін бе!


Сөз осымен бітіп председатель Пышный екі жүз тауықты өткізіп алып, жөніне кетті. Содан тауық шіркін көзден кетін, көңілден ұмытылып қала берді. Кейін қолы тиді-ау деген кезде биылғы жазда председатель фермаға бір айналып соғып еді, жетпіс тауық қалыпты. Мұны көрген председатель жүрегі лоблып, қатты қысылып қалды. Бұл жолғы жұбатушы тағы колхоздың бухгалтері Беріков болды: »


Қойшы соны Пышеке, тауықсыз да таң атады! Бухгалтердің сөзі тамаққа кенеу болмаса да көңілге медеу болды. Бұдан соң тауық біржола ұмытылды. Құс бригадирі бұдан былай кеңсеге тауық жайын айта барса, председатель Пышный:


— Тауықсыз да таң атады!— деп келте жауап береді. Осымен «Қауырсын» колхозының құс фермасы құрып барады. Оны ойлайтын шаруашылық басшысының әтештің әнін естігенде құйқасы құрысып жүріп береді. Екінші жағынан «тауықпен дабысымызды шығарамыз» деп орындалмайтын уәдені де бере жүреді. Ондай құрғақ уәдені ауданнан Құрымбаев құптай түседі, неше айтқанмен өзі құрған ферма ғой. Қайтсін-ай!


1957





Пікір жазу