15.09.2021
  200


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Су қызыласықтан

Алмалықтың шеткерірек көшесіндегі осы бір үйдің іргетасы асығыс қалана бастап, одақ аяғы сиыр құйымшақтап, созылып бес жылда зорға бітті. Біткеннен кейін бұл үйге монша деген ат беріліп, төңіректегі тұрғындардың көңілі бір көтеріліп қалды. Не керек, күпілдетіп от жағылып, күбітіп билет сатылды. Кезек күткен адамда есеп жоқ, алды алтыншы Линияда тұрса, арты жетіншіге жетті. Билет жетпей келесі кезегін күтіп қалғандар ауыздары бұртиып үйлеріне қайтты.


Алдымен ішке кіргендердің бір тобы өздерінен басқа бұл дүниеде бақытты адам жоқтай қомпиған дивандарға жедел шешініп, жалаңаштар жағына ойысты. Бір кабинаға шешініп, «аузының кілтін жабыңызшы» деп моншашыға қиылып тұрғаннан мынау рахат болған десті. Монша ішіндегі өңкей жалаңаштың біреуі мен біреуінің ісі бар ма, дегенмен бәрі ыстық су алатын шүмектің алдында тоқайласып, ұйлығып-жилығып тұрып алды. Бұрандасы жоқ құбырды тізерлей қалып, тісіне салып керутілер де көбейді. Төбесінен бір кірлен суды құйып жіберіп, аузын ашып, кезін жұмған біреуі тұра қашты. Ыстық су жетпей, суық суға жуынған батырсыған біреулердің иегі иегіне тимей, тісі сақ-сақ етеді. «Қалай» деп байқау үшін келген моншашыға жұрт:


— Өзендегі суға бекерге түсер едік қой,— десті.


— Сендер неге алдайсыңдар?


— Бір өңкей адамның қайсысының сөзін тыңдарын білмей, торғайдан тары қорыған егіншілердің ортасына түскендей моншашының басының әңгі-тәңкісі шықты. Бір уақытта барып есі кіргендей:


— Отынды үш есе артық жақтық. Ыстық судың тең жартысы қалалық су құбырына құйылып кетіп жатыр,— деп хабарлады. Кәп ішінде не жоқ дейсің, біреу асығыс қазандыққа тұра жүгірді. Заты өзі монша ісінен хабардар болу керек. Сәлден кейін алпылдап-салпылдап қайта келді де, киініп тұра жөнелді. Ол уақытын алғызғанына өкініп, айқайлай сөйледі: «Жылыту орындарына атам заманғы жылытқыштар қойылыпты. Бұл монша ешқашан жылымайды!»


— Жағың қарыссын!— десті тұрғандар.


Нақ осы кезде моншаның іші азан-қазан болып, шу көтерілді. Су алатын түтіктер жетіспейді. Кейбір шүмектің аузын темірмен тығындай салыпты. Түтік алдына қойған жуынды сау-тамтық жоқ. Ортасы ойылып, шеті сынып түскен. Тіпті моншаны бес жыл салғанда бес күнге қарамай асыққан жабдықтау құрылыс-монтаж участогының бас инженері Шейнгауер тағы осында керек болар десе керек, бір қапшық сырды да қалдырып кетіпті. Сыр сумен қосылып, монша еденіне ағып, жалаңаштардың бәрі көк аяқ, көк тізе, кек к...н болып шыға-шыға келді. Енді біразы су жоқта сырды кетіре алмай әуре болуда...


Монша ішіндегі дыбыс бір саябырси қалып еді, аздан соң айқай қайта көтеріліп, іштегілер сыртқа дүркірей қашты. Сөйтсе бір құбырдан ыстық су атқылап, жұрт бекіте алмай дүрліккен екен.


— Әй, Маслов-ай, атың май болғанмен ісің тікендей екен ғой,— десіп біреу. оның жеті ата, жеті пұстысынан түк қалдырмай сыбап жатыр. «Оның кім?»— деушілер де табылды. Біреулер сөзге шешен, іске мешел, Алмалық құрылыс басқармасының бастығы Масловты өңіне келтіре сипаттап өтті. Әке-шешесінен жіберіп те алды.


— Ой, оны қоя тұршы. Осы моншаны салған №3 трестің басқарушысы Антоновты біздің ортамызға жіберер ме еді, шіркінді.


— Мына көк сырға құйрығын малар ма еді!


Моншадағылардың бәрі дерлік жуынып шыққан екен деп кезек күтіп тұрғандар ішке қарай лап қойып еді, сәлден кейін қайта қашты. Өйткені ішке кіру мүмкін болмай кетіпті. Моншаға корниз салынбағандықтан, үстінен өткен су қабырғаларды қуалап, мойындарға тамшылап тиіп, жұрт тұра қашып жатыр екен.


Бұдан кейінгі моншаға кіргендерге су әзір болды. Өйткені жуынды судың бәрі ағып кетпей, сарқылмай моншаның ішінде көлкіп тұрып алды. Тек көлкіп жүзіп кете бер, кете бер! Қызыл асықтан келген су жұрттың шеке тамырларын солқылдатып, біреудің кәрі безгегін ұстатып, біреудің азу тісінің ауруын қоздырып зар еңіретіп барады. «Дертке дерт қосып берер жаман бақсының» кері нақ осы моншада болды.


Моншадан көңілі қалған біреулер сырты жылтыраған диванға отыра беріп, ортасына түсіп кетті. Үшқат тақтайдан істелген үш күннен кейін су тиіп, қиқиып-шойқиып, майыралып түсе бастады. Оның үстіне ұшқан тақтайдың ескі әдеті бойынша су тиген соң бір жері күмпиіп ісіп шыға келіп, екінші бір жері ойылып түсіп кетіп, арса-арсасы шықты. Мұны көріп тұрған моншашы күйініп кетті:


— Ой, алғаның ас болмағыр-ай, қайран қаржы, есіл ақша еңіреп кетті-ау!..


Біле келсек, қаладағы мебель фабрикасы осы моншаға қыруар ақшаға қырық диван-жасап берген екен. Вейтманның ант-су ішіп, «Жаман болса жаным шықсын!» деп жасаған мебелінің сиқы осы. Ал басқасын яғни жалпы жасайтындарының қандай болатынын бір құдайыңыз білсін! Не керек, бес жыл жасаған моншаны әлі бес жыл жөндеу керек екеніне келушілер куә болды. Монша директоры Чалых бұл жетімсіздікті айтып, он саусағын үш рет санап шығады. Сақап шықпай қайтсын, моншаға келушілер Маслов пен Антоновты, Шейнгауерді, Вейгманды қайдан білсін, директор байқұстың күнде кезіне шұқиды... Ал Антонов пен Маслов бұл күндері «моншаны салып бітірдік» деп Алмалыққа жар салып, мақтанады. Моншаға келген халық қызыласықтан су кешіп жүр...


Бәрінің айтары бір сез: «Алғаның ас болмағыр!»


1957.





Пікір жазу