Прокурор ет сатып тұр
Есіктегі құшқананың қызметкерлері жұма күні кеш алдында әбігерге түсті де қалды.
— Прокурор келеді,— дейді.
— Қай прокурор?
— Өзіміздің аудандық прокурор.
— Я, ол не істемек?
— Мал сояды.
Кешке қарай аудандық прокурор —"кәдімгі Саудабаев құшқанаға келіп, сиыр сойды. Мұндағылардың бәрі омы жақсы танитын болғандықтан, одан документ Те сұрап жатпады. Сиырының басын кесіп, мүшесін бөліп, ішек-қарнын аршып, тазалап машинасына салып берді. Сонымен Саудабаев шикі ішегін де тастамай, етті машинаға тиеп алып, әйелі екеуі кете барды.
Олар сенбі күні таңертең А. қаласының базарына жетіп келеді. Машина етті дәрігерлік байқаудан өткізетін кабинеттің алдына келіп тоқтай қалады. Үстінде былғары тоны бар бір кісі кабинетке кірді. Дәрігерге қарап ол:
— Машинаның үстінен етті тезірек көріп, таразыға жөнелтші,— деп анайы сөйледі.
Дәрігер оған етті машинаның үстінен қарау үстіртін іс болатынын айтып, етті үйге кіргізуін сұрап еді. Саудабаев оған дүрсе қоя берді.
— Немене, сенің мына есік алдындағы машинаға жүріп баруға шамаң келмей отыр ма?
— Жоқ, менің оған баруға шамам келеді, бірақ мал-дәрігерлік тәртіп осы.
Біраз даудан кейін, сан ет, қол ет, арқа мойын кабинетке кіргізіліп, еттің жеуге жарамдылығы жайында анықтама берілді. Сан етке мөр басылды. Алынған анықтамалар, жасалынған актылардың барлығы «Рахат» колхозының мүшесі Жамаш Шарықбаевтың атынан. Дәрігер мына документтерді растайтын ет иесінің паспортын, немесе еңбек книжкасын сұрады. Прокурор қалтасын қараған болды да «жоқ, үйде қалып қойыпты» дей салды.
Ет сатуға рұқсат алғанымен дәрігердің етті машинаның үстінен қарамағандығы прокурор Саудабаевтың есінде қалып қойды. Есіктен етті алып шығып бара жатып:
— Саған көрсетермін,—деп қалды.
— Мына жолдас маған не деп барады?—деп сұрады дәрігер жанындағылардан. .
— Ол колхозшы емес, прокурор, сені жауапқа тартамын дейді,— деді Саудабаевты қошаметтейтіндердің бірі.
— Мен әзір қылмыс істегенім жоқ, қылмыс істемеймін де,— деді орынсыз.сөзге шамдана қоймаған дәрігер.
Ет таразыға әкелінді. Өлшенді, ішек-қарын, бас-сирақтан басқасы бір жүз алпыс бес килограмм шықты. Саудабаев базар бригадирінен алжапқыш сұрады. Ақша қалдырмақ болды.
— Колхозшымын, документім жоқ,— деді ол. Саудабаевтың малы базарлы болды. Прокурор екі күн табанынан тік тұрып ет сатты. Алдына алжапқыш байлап алғанда өзі кәдімгі тәжірибелі қасапшыға ұқсап-ақ қалды. Сауда жасау да қолынан келетіні байқалып тұрды. Есіктіде не болып жатыр десеңізші. Ауданда Саудабаевтың қабылдауына келгендер кабинеттен оны таба алмай, орнын сипап қайтып жатты. Сұрағандарға «Шұғыл жұмыспен А. қаласына жүріп кетіп еді» деп күбірлепті секретари. Ал, прокурор болса, жұмыс ойында жоқ, ет сатып жүрді. Оны танитындар мұндай көп болар ма, прокурорымыз заң қызметін қойып, саудагершілікке шыққан ба деп күлісті.
Оған жұртшылықтың күлетін мәні бар. Оның сатқан малы кімдікі? Дерегі жоқ бірдеме, сиыр өзінікі дейін десек, оны дәлелдейтін бір жапырақ қағазы жоқ, барлығы бөтен біреудің атына жазылған. Олай болғанда прокурордың мұнда жұмысы қанша?! Әлде алып-сатарлық істеп жүргені ме?! Оның айтуы бойынша өз сиыры көрінеді. Бірақ оны дәлелдейтін де анықтамасы жоқ. Мейлі, сиыр кімдікі болса, оныкі болсын, әйтеуір прокурор Саудабаевтың екі күн ет сатып тұрғаны А. қаласының, жұртшылығына айқын. Қалай болса да етті сату үшін біресе прокурор, біресе колхозшы болып тоқсан құбылғаны да рас.
1952