14.09.2021
  208


Автор: Еркін Оралбай

ТЕКТІЛІГІ ҚАЙДА ҚАСҚЫРДЫҢ


Орыны деме төр кімнің,
Түсінсең сөздің төркінін.
Он күнге татыр, өмірде,
Адал боп өткен бір күнің.

Жетпеді түбіне тіл кімнің?
Ұқпаған мәнін күлкінің.
Істері сөзге сәйкеспей,
Жолына түскен түлкінің.

Жаман сөз неге, бүркідің?
Неден сен деме үркідің.
Шибөрі болып кеткен бе?
Ұрпағы Көк Бөрі-Түркінің.

Аз дейді іштен түртіп үн,
Көрсең де қызық түр-түрін.
Тәубеге түсіп жүрсін деп,
Жаратқан күннің күркірін.

Ауызы ашылып құлпыңның,
Көбі құл болды құлқынның.
Халықтың нанын талауда,
Сұрамас дей ме құл құнын?

Майы ағып басшы ұртының,
Басында мидың құрты мың.
Тапсырған сеніп байлықты,
Қалдырмай жеген қылпығын.

Басшылар айтып қыртылын,
Бітпес өтірігі қырқының.
Бос сөзге сеніп халқы жүр,
Таққандай семсер құр қынын.

Депутаттар салып қиқуын,
Жоспарын орындап ұйқының.
Байлықты асырып шетелге,
Қалдырды халыққа қиқымын.

Пайдасыз босқа бас құрдың,
Қазақтың рухын бастырдың.
Ел сеніп билік бермеп пе еді?
Жұртыңа неге қас қылдың?

Қандасына қас қылмайтын,
Тектілігі қайда қасқырдың?





Пікір жазу