КӨПТІ КӨРГЕН
(Мысал ізімен)
Ертеректе бір патша даңқы асқан,
Уақыт екен атағы шалқып тасқан.
Кемшілігі қатыгез, қатал екен,
Ашуынан жасқанып халқы сасқан.
Шығатыны сияқты алтын тастан,
Демейді ме, күш-жігер ақыл жастан.
Бір күндері сол патша ел жинапты,
Өзгертем деп елінің салтын бастан.
Өмір мынау белестен қалқып асқан,
Кəрілікті жүреміз қам қып жастан
Орынына ескі шөптің белгілі ғой,
Өсетіні жас құрақ шалқып басқан.
Халық саны көбейіп, аң-құс қашқан,
Қысыламыз жетіспей əр қыс астан.
Шешім еттім құтылуға, əр бір шалдан,
Пайдасы жоқ асқанда алпыс жастан.
Жастарды алаңдатар шал қамы көп,
Өсірмеген басып жатса, тау қары шөп.
Шыныменнен шалдардың зияны көп,
Қартайған соң жұмысқа қауқары жоқ.
Еліміздің басында бақ тұрсын тек,
Əскерде жастар ғана сап құрсын деп.
Жарлық етті алпыстағы əкелерін,
Əр бала тау басынан лақтырсын деп.
Қарсыласса жаза алар қаупі төнген,
Ерік-жігер шарасыз қалпы сөнген.
"Хан айтса қалт айтпайды" демейді ме?
Қорыққаннан амалсыз халқы көнген.
Осылайша талай-талай жыл өтіпті,
Ханның ісін көрші елдер жыр етіпті.
Алпыстағы шалдарды шыңнан тастап,
Көп қазаны көтере алмай шың ентікті.
Ел қысылды, келмей жібі қол күрмекке,
Бір жігіт ерген көніп сол дүрмекке.
Қимаса да əкесін заңды орындап,
Тауға апарды лақтырып өлтірмекке.
Əкесін тауға апарған шарасыздан,
Жаны ауырып, ашығандай жара тұздан.
Өмір бойы бағып - қаққан жан əкесін,
Қалай қисын лақтыруға қара құздан.
Өмір болды мынау деп кіл күйінген,
Жүрегіне баланың кірпі үйілген.
Таңданыспен қарады жүзін көріп,
Өлер алды əкесінің күлкі үйірілген,
Түзу іске мені əкешім, жеге жүрдің,
Жүрегіме жақсылықты еге білдің.
Туған балаң бүгін сені өлтірмекші,
Өлеріңді біліп тұрып неге күлдің?
Мен де осылай бір кездері ах ұрғанмын,
Орындағам бұйрығын "тапқыр" ханның.
Жиырма жыл бұрын менде жан əкемді,
Сен сияқты осы таудан лақтырғанмын.
Сүрсем де өмір үмітті алға кезеп,
Күн туғандай беретін арға есеп.
Түсінгеннен күлгенмін ұлым білсең,
Бұл қу дүние екенін алма-кезек.
Ісін ұқты өзінің қата қылған,
Ұл еді санасы артық қатарынан.
Əке өмірін сақтауға бел байлады,
Қорықса да патшаның қаһарынан.
Қинаған көп жылдардан дүйім елді,
Жас жігіт шешпек болды түйінді енді.
Жасырып əкесін ол тығып бақты,
Үлкен сандық ішіне үйіндегі.
Ешкім білмей бұл сырды тек өзінен,
Жасқанып шу шығарар жел сөзінен.
Ел көшкенде сандықпен алып жүрді,
Жасырып əкесін ол ел көзінен.
Көшкен ел алыс таудың сағасына,
Ат сабылтып ұзақ жолға, таға сына.
Бір күндері көш келіп аялдапты,
Қонбақ боп айдын көлдің жағасына.
Ұзақ жолдың аялдар шағы қызық,
Ойын ойнап жас ұландар жағы қызып.
Жатқанын гауһартастың елдер көрді,
Көл түбінде ай жүзіне шағылысып.
Көзі тоймас, көрсе қызар сарқар асты,
Тасты көріп патшадан қауқар қашты.
Ел - жұртын терең суға айдап салды,
Бұйырып алыңдар деп, гауһар тасты.
Ынсаптан дүние, алтын ғазал күшті,
Патша басын айналып тажал ұшты.
Су астынан гауһарды алмақ болып,
Тұншығып небір жігіт ажал құшты.
Жарқырап қол жеткізбей тас түнекте,
Адамзатқа мұндай ажал қас тілеп пе?
Түспесе патша өлтірер, түссе де ажал,
Кезек келді əкесі бар жас жігітке.
Азаматтар суға батты қос - қостан көп,
Улап- шулап көл жағасы қоштасқан топ.
Сандықты ашып, соңғы рет өлер алды,
Жігіт келді əкесімен қоштаспақ боп.
Бейшара қарт жатса да дене қурап,
Мына жұрт жатыр деді неге шулап.
Жігіт айтты, ел басына қайғы келді,
Алардай аққан жасқа жебе улап.
Суда жатыр гауһар тас, күнді ұйытқан,
Тасты ал деп, қаһарын тұр құйып хан.
Суға батып барлығы өліп жатыр,
Гауһарды алмақ болып тұңғиықтан.
Су түбінде ешқандай асыл тас жоқ,
Деді қарт білсе егер жасырмас көп.
Көл шетінде жайқалған болу керек,
Өсіп тұрған бəйтерек жапсарлас кеп.
Алып құс ұшып жүрер қия шыңда,
Самұрық құс сол бəйтерек қиясында.
Бəйтеректің басына ұя салған,
Гауһар тасың сол құстың ұясында.
Білмеген бұл патшаның қай əуресі?
Болмаған ғой, ақыл тоқыр сай кеудесі.
Су түбінде жарқыраған гауһар емес,
Ұядағы гауһар тастың жай сəулесі.
Ақылды жастығыма сай кем еткен,
Түскендей бұл төбеме жай кенеттен.
Жас жігіт осыны айтып əкесіне,
Алып түсті гауһарды бəйтеректен.
Қауіп кетіп басынан жан жұбанды,
Көп өліктен көлдің бетін қан жуғанды.
Неше күннен қолға тимей ыза қылған,
Гауһар тасы табылып хан қуанды.
Ала салар тығып қойған мүлкің емес,
Хан көңілін кезді күмəн, күңкіл елес.
Данышпан уəзірлердің басы жетпей,
Жас жігіттің табуы мүмкін емес.
Бұл ойын уəзірлер де қоштап қалды,
Жігіт енді қауіпті құшпақ халді.
Шыныңды айт, əйтпесе дарға асамыз,
Деп жігітті жан-жақтан қыспаққа алды.
Бөрі алдында сияқты ит ығып үрген,
Патша мысы, жігіт жанын сығып сүрген.
Қорыққаннан амал жоқ көрсетеді,
Əкесін көп жылдардан тығып жүрген.
Шалды көріп патшасы ашуланды,
Көз қызарып, көтеріп ашу қанды.
Дарға ас екеуін деп, бұйрық берді,
Шама келмей көтерілген басу шаңды.
Дат деді қария сонда, айтарым бар,
Ажал күткен алдымда, қайтарым жар.
Болса да басын кеспек, тіл кесілмес,
Хан екенсің ақылы аз, байқарың тар.
Ақылды теріс айтып, бұра берген,
Уəзірлерің ақылыңды жыра жеген.
Ақылгөй ақсақалсыз елің надан,
Ақылды көп көргеннен сұра деген.
Тиері анық ашуыңның ұшы маған,
Жастардың көмек болмас күші саған.
Талдағы гауһар тасты, судан іздеп,
Қазаға халқың мынау ұшыраған.
Патша айтты, əділдікті қиған жоқпын,
Сөздеріңнен ақсақал иман ұқтым.
Қателесіп өмір бойы, теріс ойлап,
Ақыл жастан деген сөзге иланыппын.
Пайдасы көп, озбаса да атан шауып,
Білмегенге əр кездескен апан қауіп.
Кеңес айтар жанымда уəзір бол деп,
Оң жағына отырғызды, шапан жауып.
Еліме жарлығым бар жариялар,
Іс істеппін қателікпен ар ұялар.
Көрсетілсін сый-құрмет үлкендерге,
Төрде отырсын құрметпен қариялар.
Күші бар ақылы аз жас жүр толып,
Қолдан келмей, ауызбен қасқыр соғып.
Қарияның алдын кеспей, үлкен сыйлау.
Қалыпты сол заманнан дəстүр болып.