Балалар күні құтты болсын! - СӘБИ ҮНІ
Тербетіле шоқ үкісі салбырап,
Сəби жатыр тал бесікте балбырап.
Бал жүзінен сүт иісі аңқиды,
Бейне өскен көктемдегі бал құрақ.
Уілдейді бесікте ойнап, былдырлап,
Тау суындай күміс үні сылдырлап.
Періштемен сөйлесе ме, кім білсін,
Тылсым дүние біз түсінбес бұл бірақ.
Кел деп əлде, шақыра ма анасын,
Қандай ойлар шырмайды екен санасын?
Білмеген соң бақытты ғой періште,
Бұл өмірдің ақ пен қара, аласын.
Бесік пана, айырма жоқ үй, сыртпен,
Сіңіп жатыр бақытты бір күй сүтпен.
Шыр етеді, кейде сəби сезе ме?
Қатыгездік бар екенін түйсікпен.
Не күтеді болар ма екен, алды бақ,
Тағдыр ие, көрсетеді алғы уақ.
Бәлкім, болар ел бастайтын батыр бұл,
Ерттеп мінер ойнақтаған арғымақ.
Таусылмасын бақытты шақ бал биі,
Еркелетіп құшағыңа ал, жиі.
Батыр болсын, мейлі, ақын ол ертең,
Ал, əзірге анасының əлдиі.
Қазақпыз ғой, келер дейтін ер іске,
Баламаймыз еш ырымды теріске,
Сəби көрсек мейірлене иіскеп,
Қорғап жүрсін деп тілейміз періште.
Ұрпақ өспей, алар дейсің дами кім,
Естілмесе тəтті үні сəбидің.
"Балалы үй базар" деген қазағым,
Бесігінде бөбек жатсын əр үйдің!!!