14.09.2021
  223


Автор: Еркін Оралбай

ДОМБЫРА ҮНІ

ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН ХАЛАЙЫҚ!

ДОМБЫРА ҮНІ

Əр елдің өзіндік бір бренді бар,
Каньон деп əйгілі етті бір елді жар.
Франция бар әлемге мақтанып жүр,
Табасың деп біздерден реңді жар.

Бұл ойы бір мақсатқа емес жету,
Ұлт дәстүрін көтеріп, белес ету.
Кең далада күй тартқан Қазақты да,
Мүмкін бе домбырасыз елестету?

Еркін елміз көп берген азатқа мəн,
Түссек те, қиын-қыстау азапқа сан.
Ықылымнан төрге ілген киелі деп,
Бұл домбыра тек қана Қазаққа тән.

Кетсе де бұл өмірде "құрық босап",
Адаспайық санасыз қылық жасап.
Қазақ атын шығарар бар əлемге,
Қасиетті домбыраны ұлықтасақ.

Дұрыс ұқсақ, бабалар өсиетін,
Түсінерміз домбыра қасиетін.
Ақындар домбыраға жыр қосқанда,
Қатыгез ханның өзі бас иетін.

Өткен күн ызғары əлі тоңдырады,
Жібитін уақыт келер тоң бір əлі.
Ұлы рух қайта қонар Қазағыма,
Күмбірлеген тұрғанда домбыра үні.





Пікір жазу