14.09.2021
  145


Автор: Еркін Оралбай

БӨРІ ЕТЕКТЕН АЛҒАНДА

Үміт бар да, сенім жоқ, көңіл алаң,
Бейне өтіп жатқандай өмір жалаң.
Бар дүние бір сəтте шыр айналды
Қасіретке шомылып өңір, далам.

Заман болды шешімсіз жұмбағы көп,
Аспаным да бұлыңғыр жылдағы көк.
Түрме болған өзі үйі адамзаттан
Дала аңы бақытты-ау құндағы шөп.

Алла артты неліктен жүк құлына,
Айналдырып көк жөтел тұтқынына?
Дəрі-дəрмек, ғылымы əдіре қап,
Тəуелді етті, "хреннің" тұқылына.

Жоқтау үні естілген үй біткенде,
Ажал құшып арысы бейбіт күнде.
Қалың жұртқа тимей тұр бір көмегі
Жемқорлыққа құл болған биліктен де.

Елің жатса қиналып жаман хәлде,
Кім кінəлі билік пе, заман ба əлде?
Күпір ойлар айналып соға берер
Мазаласа күмәнді санаңды әрне.

Алла пәрмен беріпті баршаңызға,
Бағын деген бас иіп патшаңызға.
Жаратқан, өзің айтшы ел не істемек
Туған жұртын итерсе патша құзға?

Бөрі етектен алғанда, құл жағадан.
Не пайда, көмегі жоқ құр "жобадан"?
Ағалар-ау, жұртыңа не айтасың
Бір күндері кеткенде бұл зобалаң?

Адал жүрген Алла жақ тек құлына,
Дүниенің былғанбаса жеп пұлына.
Жеңерміз бұл індетті патша тұрса,
Ұлтым үшін жан пида, деп жұлына.
Ұлттық намыс, кемеңгер ақыл берсін
Елі сенген Қазақтың текті ұлына!





Пікір жазу