14.09.2021
  157


Автор: Еркін Оралбай

САҒЫНЫШ

Эльмира мың алғыс, алтын қарындасым!

САҒЫНЫШ

Бұл ғаламда сан алуан тылсым бар,
Ой-санасы жете бермес пенденің.
Мейлі, біреу су перісін қылсын жар,
Шексіз сүйген ғашықтарға тең бе мін?

Үй сыртында екені рас "тыңшы бар",
Көптің ісі қате іздеп, сын арту.
Мендік сезім, мүмкін, іште тұншығар,
Емес бірақ, бұл жай ғана ұнату.

Сағыныш пен қара мақпал түн сыңар,
Таңды аттырар ой әлемі мекенім.
Мұң басса да, жігерім бар құлшынар,
Бір күндері арманыма жетемін.

Қайта-қайта орала кеп тұмшалар,
Сағыныштан жүрегімді жарлы мұң.
Ішті өртесе сезім шоғы кім шыдар?
Бір өзіңсің жанның емі, жарығым!

Сүйген жанның жүрегінде шындық бар,
Лүпілдерін бір соқтырып тең еткен.
Десе дағы жамалына сүңгіп қал,
Тағдыр жолды кесе берер тек, әттең!

Сүйе тұра, болмашыға өкпелеу,
Тек ғашыққа жарасатын тән қылық.
Болса болсын тағдырымыз өктемдеу,
Сені ұнаттым, сүйіп өтем мәңгілік!

ЕРКІН ОРАЛБАЙҰЛЫ 15.08.2021





Пікір жазу