14.09.2021
  139


Автор: Балғабек Қыдырбекұлы

Қара чемодан

Келген-кеткендерді есепке алып, жүрген-тұрғанды жіпке тізіп отыратын демалушылардың әдеті. «Бүгін курортқа пәлендей көйлегі бар, аққұба немесе сары әйел келді». Ол автобуспен немесе «Волгамен» келді. Осының бәрін мүлт жібермейді. Тіпті кімнің қай әйелдің қандай туфли киіп келгені, оның бүгінгі модаға қатысы қалай, осының бәрі де хатқа жазылғандай, «мынау кім?» дей қалсаң сыпырта жөнеледі. Еркектер туралы да дәл осылай. Бір қызығы жаяу өсек тек әйелдер еншісі емес, оған еркектер де араласып, егер өсек айту күнә дейтін болсақ олар да белшесінен батады.


Алмалық қаласына жақын орналасқан «Қарағайлы» курортына күніне әлденеше адам келін кетеді: Жұрт-бүгін әлдеқандай сары әйел келді. Ол жап-жасыл «Волгадан» түсті, үстінде тауықтың қанатынша жайылған жасыл жібек көйлегі, аяғында өкшесі құздиған, тұмсығы біздиген жасыл туфлиі бар десіп жүрді. Мұндай перизатты «Қарағайлы» өмірінде көрді ме екен деп гуілдесті. Талай-ақ, сән қуған жеңгейлер де мұндай сәнді аяқкиімді бұл өңірде көрмегенін айтын, ол әр әйелдің-ақ арманы болын қалды. Шынын айтса өкшесі құздиған, тұмсығы біздиген туфли бұларда да бар, бірақ көйлек түріндей жасылын қайдан тауып алды десеңізші!


Бейтаныс әйел туралы әп-сәтте-ақ ерігіп жатқандарға тегіс тарап, әркім-ақ оны бір көріп, дидарласу, егер жөні келсе сөйлесуді де ойластыра бастады. «Ол әйел жаңа моншаға барды», «одан шығып корпусқа кетті», деген соны деректер қайта-қайта жаңарып зыпылдап бірінен-біріне жетіп жатты.


— Қап, ең болмаса атын білмедік-ау, мұндай періштенің атын біліп отырудың өзі бір ғанибет екен ғой,— де¬ген сайқы-мазақ жігіттер де кеу-кеулеп, оны жерге түсірмей аспандатып барады. Тіпті олардың кейбірінің сөзіне сенсең ол жер басып жүрмейтін, тек жер үстінде қалқып жүруге жаралған әсем көбелек сияқты. Нақ осы бір сәтте, тағы екі танауы делдиген, екі құлағы қалқиған, өзі тура хабар әкелуге жаралған жан сияқты Көшер келіп жетті.


— 99-ға орналасты!


— Өй, өй, Төкен, сүйінші бер, сүйінші,— деп қалжыңбастар 99-ға көрші палаталардың жігітіне жармасты.


— Қап, біреуі жетпегені жарамады,—деп ақырын ғана сыбыр ете түсті жатып атар Төкен.


— Осындай хор қызына қалай аузың барып сондай сөз айтасың,— деп жігіттердің біразы шынымен ренжіп қалды. Төкен сөзі әркімнің-ақ көңіліне дақ салғандай тыныштық орнай қалды. Тағы біреулер даурығып бірдемелер айтпақ еді, жігіттердің бірі «тыс — с — с!» деп аузын басты. Жаңағы перизат. Өзгеріп кетіпті. Қызыл көйлек, қызыл туфли киіп, қызыл шатыр көтеріп барады. Қара чемоданын бір дәу қара жігітке көтерткізіп, мүлік сақтау камерасына қарай өтті. Жуан қара чемодан жігіттің қолым үзе жаздап бара жатқаны оның шамадан тыс мықшыңдауынан көрініп тұр. Демнің арасында өзгеруін көріп демалушылар бұрынғыдан да гулей түсті.


Айнала тау. Күн нұрын төгіп тұр. Қарағайлардан шайыр иісі аңқып курорт төңірегін алып барады. Палаталардан шыққан демалушылардың бәрі түскі тамаққа беттеді. Асхана маңына жиналғандар жұртты таңдандырған сары әйелді көрмекке ынтық. Тамаққа келетін-ақ шығар деп ұрысты. Бірақ ол жұрт тамаққа кіріп кеткенше келмеді. Жұрт әбден асқа отырып, кейбір қомағайлар алғашқы табақтарды бос.атып болғанда барып есіктен сары көйлек қылаң берді. Асхананың күнге қараған ашық есігінен түскен сәуле оны бар әлемге паш еткендей жарқ еткізді.


— Әне, көктемгі көбелек,— деп Төкен күліп жіберді. Оның қарсы алдында тамақ ішіп отырған Алтынай деген әйел оны түсінбей сасып қалып, қос қолымен табағының бетін жаба қойды.


— Ол сенің табағыңа сыймайды. Ол әне, анау кірді,— деп Төкен ішек-сілесі қата күлді. Бұл сөзге Алтынай да күліп алып, қалжыңмен жауап берді:


— Кім біледі, сыбағама ортақ болып жүре ме деп қалдым ғой!


— Сыбағаңа ортақ болып қана қойса, ештеме етпес. Сол сыбағаңды сыпырып алып, құр алақан қалдырмаса не қылсын!


— Мына қарсы алдымда отырған сізді де алып қоя ма, әлде айдаһар аузына жүгірген қоянша өзіңіз-ақ солай қарай ығыстай бермек ойыңыз бар ма?


Төкен мен Алтынай екеуі біраз күліп, тамағын ішіп болын сыртқа шықты. Демалушылар есік алдындағы ұзын отырғышқа тізіліп отырыпты. Шамасы асханадан шығар сары көйлектіні тағы бір көріп қалмақ сияқты. Нақ осы кезде соны хабар жетіп, онымен бір столда тамақ ішкен жігіт оның атын айтып берді. Аты Мариза екен. Мариза! Аты қандай әдемі еді! Па шіркін, Мариза!— десті отырғандар.


Жұрт аузын жиып алғанша Мариза сары көйлегі күнге шағылып, лаулап жанған жалындай лапылдап келе жатты. Сайқы мазақ жігіттер бірін бірі түрткілеп «сен айт, сен айт!» десіп қалды.


— Отырыңыз, демалыңыз, тоғыңызды басыңыз,— деп жіберді аузы жылдамдау біреу.


Мариза тоқтамай «рахмет, қазір келейін» деп ырғала басып өтіп кетті. Ол өткен кішкене жолда аңқып «спутник» әтірінің исі қалып қойды. Отырғандар өзі болмағанымен осыған да қарқ болып жатқан жайы бар. Демалушылар енді көтеріліп кетпек болғанда Маризаның осылай беттен келе жатқаны байқалды. Өзгеріп кетіпті. Үстіне аппақ ақторғын көйлек киіпті. Аяғына ақтан шандыма шарық тартыпты. Боялған башайлары ін аузындағы шаяндай қызарады. Өкшесі жалғыз шегеде тұрғандықтан ба дір-дір етеді. Талып, буыны құрып бара жатқанға ұқсайды. Оның аяғына қараған әркім-ақ «егер Мариза осылай жүре берсе, бір оңбай жығылады ғой» деген қорытындыға келіп отыр.


Мариза жұп-жұмсақ сөйлеп, сәл жымиып қоңыр қозыдай момақансып көптің ішіне келді. Жұрт жарылып оған орын берді. Ол отыра бергенде-ақ түскі тынысқа қонырау берілді..,


Жұрт Маризамен танысып қалды. Бір қызығы оның ылғи күлкісі келіп тұрады екен. Ол отыра беріп те, тұра беріп те күле береді. Амандасса да тісін көрсетеді. Танылып келе тіпті ол даурыға сөйлеп, қарқылдай күлетінді шығарды. Дегенмен жұрт сыр алмаған адамды бауырын тарта берді.


Мариза бұл күндері демалушылармен қатты араласты. Тек Алтынайлар ол келсе-ақ тыжырынып қалатын болды. Ол күніне көйлегін он шақты рет өзгертеді. Және бір киген көйлегін қайта киіп көрінген жоқ. Талай сәнқойлар оның шалымына да ілесе алмай қалды. Арада бір апта өтіп, Маризаны біреу мақтап, біреу жамандап, енді біреулер оның байлығына таңданып жүріп жатқанда ол жоқ болды да қалды. Тіпті дәлізде де көзге түспейді. Бірге тұрғандар да не болғанын айта алмады. Күтушілер 99-ға тамақты тасып беріп жатты.


— Япыр-ай, көңілін сұрау керек еді,— десіп қойып жүрді еркектер жағы,— қатты жығылды-ау!


— Я, науқасы қатты,— деп күлді Алтынай. Оның күлкісі Маризаны көре алмағандық деп түсінді көпшілік.


Шынында да Маризаның орны бөлек. Демалыс үйінің сәнін келтіріп тұрған сол сияқты екен. Көктемнің көркі, гүлге қонған әдемі көбелектің қанаты қырқылып, күз болып қазан ұрғандай болды.


Бір күн көңілсіз өтті. Мариза жоқ. Жұрт енді бүгін келер деп үміттеніп еді, екінші күні де болмады. Тым-тырыс.


Тек үшінші күннің жүзі болғанда ғана әнеугі Маризаның чемоданын көтеріп келген дәу қара тағы бір зор қара чемоданды көтеріп жетті. Ол тура тартып 99-палатаға кірді...


Қара жігіт көп кешіккен жоқ, қайта шықты. Бірақ бос емес әнеугі қара чемоданды мықшыңдап көтере шықты. Палатадан қара чемодан кіріп, жаңа чемодан келгеннен кейін Маризаның тықыры біліне бастады. Ол көрінбей қалғанын күлкімен көмгісі келгендей сықылық қағады, Оның үстіндегі зер араласқан жалтырауық қара көйлегі күлкімен селкілдегенде жалт-жұлт етіп құбыла түседі, қара шұбарланып, әлдебір суық түске боялып, сұрқай көрінеді.


Мариза бұрала басып, тағы да аллеяларға шықты. Ал қара чемодан арқалаған жігіт мықшыңдап оның алдында кетіп бара жатты. Енді жұрттың көзі Маризаға емес, қара чемоданға ауды. Сырт қарағанда бұл чемодан басқа чемодандардан аққұла айырмасы да жоқ. Дегенмен оның тойған сиырдың қарнындай сыртқа шығыңқыраған, солқылдаған бүйірінде иесін құтырта түсетін бір пәле бардай еді...


1964





Пікір жазу