Жайықтағы жалманды қармақтар
Күздің аласапыран күңгірт күндерінде Гурьев қаласының бір бұрышында банк басқарушысы Прокопенко мен балық тресінің басқарушысы Сармаев ойда жоқта кездесе кетті. Көрген жерден ой өрістеп, әңгіме ақтарылып кетті. Екеуі ақыры бар сырларын шертісті. Сырға сыр ұласып, Каспийге құйған Жайықтай сапырылып жатыр еді, нақ осы кезде Сармаев өзінің күйреуік жан екенін жолдасына сездіріп алды. Ол әңгіме аяғын қамыға айтқан бірауыз өлеңмен аяқтағандай болды.
— Тобылғы торы сыраны
Толқыта жұтар күн қайда?!
Сырадай сырлы «Волганы»
Сырғыта мінер күн қайда?!
Ұстатпан «Волга» кетер ме!
Күніміз «Газбен» өтер ме!
Ендігі лебіз Прокопенкодан естілетіндей болған соң Сармаев азырақ сабыр етіп құлақ түре қалып еді, Прокопенко ақын болмаса да ақындықты түсіне білетін бip ақынсүрейлеу адам болып шықты. Әрі ол жанында тұрған трестің басқарушысына қарағанда әлдеқайда жігерлі, саруайымға салынбайтын саңлақты жігіт екенін аңғартты:
— Па, па, өзің қалай-ақ Гурьевтің маңдайына сыйып жүрсің. Махамбетше басып кеттік бе, қалай?! Бірақ машина міну үшін күйреуік болудан гөрі күштірек болған жақсы. Күйреуік болып күн көре алмай жүргенше, оптимист болып орып түспейсің бе? Я, я, бауырым, орып түскенің жақсы. Қалай да қапысын тауып, қағып қал! Әйтпесе, саған ешкім ештеңе әкеп бермейді.
Болдырған бураға «әйт шу» деген де сеп дегендей Прокопенконың сөзі Сармаевқа қамшы болып тиді. Оған әлдеқайдан әл бітіп, бойы бекіп, машиналы болудың түрлі тәсілдерін қарастыра бастады. Машинаның бола берер жерінін, бірі осы еді деп, облыстық тұтынушылар одағына соқты. Нақ осы күні оның бастығы жоғарыдан шұғыл телеграмма алып, оны қауырт іске асырып та үлгерген екен. Ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін жеңіл машинаны заңсыз сатып алып, тіпті оны облыстық автоинспекциядан да өткізіп, мемлекеттік номер алып, желпініп отыр екен. Сармаев басын базынамен бастап, аяғын баяғысындай қамыға аяқтады.
— Бауырым-ау, «үкілі құйрық, майда жал, кесер басын сары алтын, үстіңе біткен түгіңнің жарымы күміс, жарымы алтын» деген сөзді бұрын қыдыра жалды қыл құйрыққа айтушы едік қой. Ендігі біздің «қыдыра жалымыз» осы «Волга» емес пе, тіпті мұны оған теңеп бола ма! Ол мұның маңына да ілесе ме, шіркін! Мініп алып, «Волгаға» атыңа түскен қайтып міне алмайсың, әй-әйдің суға келген ізін көрсең» деп ыңырайта әндетіп кете барар ма едің. Құтты болсын, құтты болсын!—деп алып аяғын тағы өлеңдетіп жөнелтіп:
Мен де өзіңдей бастықтың бірімін ғой,
Мен де өзіңдей бекіре — ірімін ғой,
Көк «Волга» көлденеңдеп ұстатпайды
Өлмеген соң әйтеуір тірімін ғой!
— Ой, қамықпа, бауырым, қамықпа, қапысын әлі-ақ табамыз,— деді оған Хайзуллин.
Көп ұзамай-ақ орайы келді де. Гурьев ауданындағы «Еркін қала» колхозы алуға тиісті «Волга» балық тресіне аударыла салынды. Көзің көрсін, қолың ұстамасын деген осы болды. Колхозға берілді делінді. Бірақ машина суға тойып алып, біреудің астында ойнақтай басып кете барған Төлегеннің көк жорғасындай Сармаевтың астында жөңкіді. Керек десе колхозшылар машина жөнінен бейхабар қалды. Бірақ машина аларын алғанмен осы бір кезеңде Сармаев қатты састы. Өйткені автоинспекция машина колхоздікі деп тіркемей қарысып отырып алды. Машинаға жаңа жеткен Сармаев аласұрып жоғарыға шапты:
— Өзіңізден медет тілей келдім...
Медет тілей келдім деген сөз талайдың мерейін көтеpiп, өзін сарымайдай ерітін жібітіп жіберді, ол машинаны Сармаевқа тіркеп бер деп, әрі ауызша, әрі жазбаша бұйрық берді. Машинаны әбден жайғастырып Сармаев демін бір-ақ алды. Ол бұдан былай машинаға мінген сайын медет деген құдіретті сөзді аузынан тастамайтын болды. Бұдан кейін мұның өзі қаладағы мекемелердің басшылары арасына кең тарап, бәрі колхоздың көк дөненіне жабысатынды шығарды. Жабысқандары алып та жатты. Кезек-кезек кеңесіп, келісімін беріп, инспекцияны күштеп көндіріп отырған соң колхозға келген машиналар қаладағы басқарма бастықтарының астында жалманды қармаққа ілінген Жайықтың жайынындай жөңкіп кете барды, кете барды. Бірі көгін, бірі күлгінін тандап мініп, машина Гурьев көшесінде жөңкіп жүрді. Ол ол ма тіпті мотоциклдерге дейін қаладағы қармақты қызметкерлерге ілініп отырды. Олар қарық болып қалды. Әрине бәрін Хайзуллин өзі қолымен шығарып салып отырды. Жөні келмегендерге машина алудың жөн-жосығын айтып, жылы аттандырып, жақсы жігіт атанып, атағын жұртқа жайды.
Қыстың қақаған ортасы кезінде Гурьевтің бір тар көшесінде біріне-бірі қарсы келген екі жеңіл машина да тоқайласа кетіп, іштеріндегілер жерге түсе қалысты.
— Алдым, әйтеуір,— деді Сармаев.
— Міне, мені де көріп тұрсың ғой, бір-ақ соқтым, ауылға келген машина қалаға қалмай не бітіреді, қала кенелмей ауылға не жоқ,— деді Прокопенко шаттанып.
— Әй, жалманды қармағым-ай, қадалған жеріңнен қан аласың-ау, іліп түскен екенсің,— деді анау да Прокопенкоға мақтауын аямай. Сонан соң машинасына мініп:
Тобылғы торы сыраны,
Толқыта жұтар күн туды.
Сырадай сырлы «Волганы»
Сырғыта мінер күн туды! —
деп Сармаев машинасына жантая кетті...
Сөйтіп бұдан былай Жайықтағы жалмаңды қармақтылар қармағын Тұтынушылар одағына тастап іліп жатыр. Желбезегі бір күні жыртылып кетпесе жарар еді.
1957