Ештен кеш жақсы
Институттың бір кең аудиториясының алдына жиналып тұрған студенттер есіктен қуана шығады да, бірінің бірі қолын қысып шаттана түседі. Бәрінің көңілдері де жайдары. Олардың арасынан агрономды да, инженер-механикті де, зоотехникті де, мал дәрігерін де табуға болатын еді. Өзгелерден шеткерірек Тұрыскүл тұр. Оның бет әлпетінен өзінің қуанышы жоғы былай тұрсын, ең болмаса жолдастарының шаттығына, қуанышына көңіл қосқаны да көрінбейді. Бағанадан бері күнде көрмей жүргендей айналдырып тұрғаны он саусағының сүрмесі. Қып-қызыл етіп боятқан сыры көше бастапты. Неге біржола осындай етіп тумаған деп шешесіне бір ренжісе, неге кетпейтіндей қып сырламаған деп тырнақ сүрмелеуші шеберге тағы ренжиді. Осы кезде іштен қуанышты Әбітай шықты.
Тұрыскүл анадай жерде тұрған қалпынан қозғалмастан:
— Немене, қалаға қалдырды ма?— деп сұрады одан.
— Неғылған қала? Зоотехникке қалада не бар? Мені өзіміз білетін «Коммунизм жолы» колхозына жіберді,— деп ол аяғын жерге тарс-тарс ұрып, билеп барып тоқтады.
Тұрыскүл оған жактырмаған қабағымен бір қарады да, қайтадан тұрған орнында тырнағын айналдырып, мелшиіп тұра берді. Бірақ Әбітайды басқа жолдастары дереу қоршап алды да, қуанышына ортақтасып, болған әңгімені бастан аяқ сұрап бастады.
Есіктен тағы да біреу шықты. Жамал екен. Ол да әуелгі ашық мінезімен жарқын-жарқын сөйлеп келеді.
— Талдыбұлақ ауданына жолдама беретін болды. Отырғандардың аузынан осы лебізді естігенде жүрегім жарылып кете жаздады. Қалаған жеріңе бару қандай жақсы!
Жолдастары оны тағы да қаумажалаған соң Жамал өзінің риза екенін көңілденіп айта бастап еді, жаңағы орнынан қозғалмаған Тұрыскүл де «неменеге қуанады екен» дегендей құлағын түре қойды. Тұрыскүлден әбден көңілдері қалған ба, әлде оның тұрғанын аңғармады ма, оның жанына бір адам да келген жоқ. Жамал есіктен жаңа шыққанда Тұрыскүл бетіне біраз өңдеу-жөндеулер жүргізіп, тағы бір нәрсеге ренжіп тұр еді. Әрі-бері жұрт жүріп жатыр. Олармен оның жұмысы да жоқ. сияқты. Ол бір қолына айнасын, бір қолына далабын алып тұрып шешесіне, шаштараз жанындағы сүрмелеуші шеберге тағы ренжімей қоймады. Қалай ренжімесін, қайта-қайта бояп қойса да өні қарауыта береді. Қазір ғана бетін опалап, далаптап, қасын керіп, көзін сүрмелеп қойып еді, минут өтпей айнаға тағы қараса, түрі тағы өзгеріп кетіпті. Сондықтан да ол неге осындай көркем етіп тумаған деп шешесіне бір ренжіп, ең болмаса тырнақ сүрмелеген сияқты беттен бір апта кетпей тұратын етіп бірдеме ойлап таппай жүр деп шеберге тағы ренжіді. Өзі өстіп ренжіп тұрғанда ауылға баратындығына қуанып аудиториядан Жамал шықты. Оны көріп Тұрыскүл тағы күйіне түсті.
— Не қылған қызық адамдар бұлар. Ауылға баруға театрға бара жатқандай қуанады. Ауыл қанша айтсаң да ауыл ғой, театр емес. Тіпті жарайды,— деді ол тағы да,— анау Әбітайлар ғой жігіт. Ауылға барсын делік. Қиыншылығына көнер. Ал қыз басымен мына Жамалға не жоқ. Оқыған қызды орны қалада болмас па?
Тұрыскүл осындай шолақ түсінігінің дүниесінен шыға алмай тұрғанда оның фамилиясы аталып, аудиторияға кірді. Төрде мемлекеттік емтихан комиссиясының председательі Ақылбаев отыр екен. Өзінің таныс оқытушылары да жоқ емес. Деканы тағы бар. Емтихан комиссиясы оны жылы шыраймен қарсы алды.
— Тұрыскүл, институт бітірдің, оқымысты агроном деген атақ алдың. Енді қайда барғың келеді?— деп сұрады. Ол комиссия председателінің қабағы көтеріңкі болғандықтан үміткер болды да, суырыла сөйледі:
— Ағай, мен оқымысты агрономмын, қалада қалғым келеді. Ауыл деген — жігіттердің жұмысы ғой.
— Ауылға оқыған қыздар да керек.
— Жоқ, менің барғым келмейді.
— Неге барғыңыз келмейді? Жолдастарыңыздың бәрі де колхозға жолдама алды.
— Мен олар сияқты болашағын ойламайтын адам емеспін.
— Қалқам, агрономның болашағы ауылда болады!
Тұрыскүл қалай жалтарса да, комиссия председателі өз дегенін айтып отырып алды. Сөйтіп оған «Молшылық» колхозына жолдама жазып берді.
Үйіне келе жатып ол ой дариясына тағы да бір сүңгіп кетті. Осы агроном болып нем бар еді менің не дәрігер, не мұғалім болмай дей берді де, тағы тоқтап қалды. Ауылға да мұғалім, дәрігер керек. Онда да жібереді екен-ау. Қап! Электр инженері болмаған екен. Ойбай-ау, қазір ауылдың бәрінде электр станциялар бар екен ғой. Енді қайттім! Ендеше шаштараздағы кірпік, тырнақ сүрмелеуші болсам етті. Бірақ ол да колхозда болуы мүмкін-ау. Дегенмен ол колхоздарда әзір тегіс бола қойған жоқ.
Ақыры не керек, Тұрыскүл ауылға да бармай, тырс етін далаға да шықпай, үйінде жатып алды. Әбден қар жауып, із басылды-ау деген кезде, үш-төрт ай өткен соң көшеге шығып, бірді-екілі таныстарын кездестіріп еді, «қалашыл қарындас» атанып та қалған екен, өзінін қатар өскен достары да оған салқын қарай бастапты.
...Арада екі-үш жыл уақыт өтіп те кетті. Оқымысты агрономыңыз әзірше жүре турайын деп, бір буфетке сатушы болып орналасып, біраз істеді. Бәрібір «қалашыл қарындас» аты жабысып қалмай-ақ қойды. Келген-кеткен көзтаныс, тұстаныстар: «Қалашыл қарындас компот әкеліп беріңізші» дейтінді шығарды. Жылдан жылға жас болса да қосылып келеді. «Қалашыл қарындасқа» жігіттер де маңайлатпай кетті. Бұл қызмет те ұнамады Таза жұмыс қой деп шаштараз жағын айналдырып көріп еді, оның да ыңғайы табылмады. Өйткені оған да шеберлік керек екен. Тарағы жүрсе, қайшысы жүрмей, қайшысы жүрсе, тарағы жүрмей әлек қылды. Содан соң бір асханаға табақшы болып орналасты.
Бір күні асханаға келген, омырауында Ленин ордені бар жігіт, тамақ әкелінгенше газет қарай отырды. Тұрыскүл не ішетінін сұрай оның жанына келіп еді, газеттен бір таныс суретке көзі түсіп кетті. Кәдімгі өзімен бірге оқыған Жамалға ұқсайды. Байқаңқырап қараса, нағыз Жамалдың өзі. «Алғабас» колхозының агрономы. Социалистік Еңбек Ері делінген суреттің астында Жамалдың фамилиясы. Тұрыскүл оған сенер-сенбесін білмей «газетіңізді көруге бола ма?» дей беріп, аңырып тұрды да қалды. Ленин орденді жігіт — осыдан үш жыл бұрын өзімен бірге институт бітіріп шыққан зоотехник Әбітай. Оны тани кеткен Әбітай Жамалдың қандай табыстары үшін Социалистік Еңбек Ері болғанын қысқаша айтып берді.
— Сені де колхоз даласында кездестіремін ғой деп ойлап едім.— деді ол кетерінде.
Арада бір апта өткен жоқ, Тұрыскүл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына барды да жолдама алып, «Молшылық» колхозына тартып отырды.
Келген күні-ақ Тұрыскүлді партия бюросы, комсомол комитеті шақырып әңгімелесті. Олармен сөйлескеннен кейін Тұрыскүл бұрынғы өзінің ауыл туралы жаман пікірінен құлан таза болып шыға келді. Өйткені мұнда барлық мәселені өзінен әлдеқайда артық білетін адамдардың бар екенін байқады. Ол іске кірісіп те кетті...
Міне, жыл қорытындысы да шықты. Соңғы жылы Тұрыскүл екі бақытқа бірдей ие болып отыр. Біріншіден, ол мамандығы бойынша қызмет істеп, оны барған сайын жақсы меңгеріп келеді. Екіншіден, мұнда келген соң басқа бас қосылды. Қысқасын айтқанда, ештен кеш жақсы деген осы екен.
1954