14.09.2021
263
МЫНА ЖАЗ ДА ӨТТІ-АУ ДҮНИЕ
Мына жаз да өтті-ау дүние
тартып алып әкемді,
Әке орнына
нар көтермес мұң мен шерін әперді.
Кімнің барып тізесіне
маңдайымды сүйеймін,
Әй жоқ білем,
бұл жалғанның көп нәрсесі жат енді.
Әкемді алып бұл жаз кетті
қарайламай артына,
Әрине ол уақыттың салты да.
Басқа істің бәрі орнына
келдеді ғой, келеді,
Ал мен сірә келе алмаспын
бұрынғы сол мамыражәй қалпыма.
Бұл жаз кетті
опасыздық, озбырлығын танытып,
Жанды мына дүниеден жан ұтып.
Бес жасында әкесінен жетім қалған
сәбилер-ай кешіңдер,
Кеш жасымда мен де отырмын
жетімдіктен семізімді арытып.
Не шарам бар,
тау мен тасқа ұрсам дағы басымды,
Енді қайта көре алмаспын
ӘКЕ деген асылды.
Мен де елуге
келіп қалған екенмін-ау бәтшағыр,
Әкем барда санамаппын жасымды.