14.09.2021
  346


Автор: Байыт Қабанұлы

ҰЛЫ АБАЙДЫҢ АНАСЫ ҚАСИЕТТІ ҰЛЖАН АНАҒА БАС ИЮ

Жалғыз тұрып
құлан жортпас құланиек далада,
Өзге бөтен ой келтірмей санама:
Ұлы өлкеден кеппесін деп
ақын шыққан шарана,
Ғасыр аттап басымды идім
ақындықтың пірі болған
ұлы ҰЛЖАН жан ана.


Заманыңды жатса дағы
Қасқыр-Иттей талап мұң,
Аналықтың қасиетін
шар тарапқа тараттың.
Ғасырлардан ғасырларға
көшіп өмір сүру үшін жан ана,
Абайыңды ақын етіп жараттың.


Ұлы уақыт –
басы биік
бұлдыр-бұлдыр құзар шың,
Аяғыңның астында тұр
сен одан да шынарсың.
Ұлың Абай
тамақ тілеп жылағанда шырқырап,
Омырауыңнан сүт емес сен
өрт ағызған шығарсың.


Сені қолдап, қоршаған соң
кең сахара жон далаң,
Сүтке бөлеп, құтқа бөлеп
еккен гүлің солмаған.
Әйтсе дағы ақын туып
ақ жалынмен асырау,
Сеземін ғой
сізге де оңай болмаған.


Уақыт пен жер арасы
болғанымен тым алшаң,
Бізге жетті
ақындыққа дұға болған тұмаршаң.
Сен кешірген қасіретті
менің шешем Ұлжан ана кешірді,
Сенің ұлың шыққан көкке
мен талпынып шыға алсам.





Пікір жазу