14.09.2021
  214


Автор: Төкен Әлжантегі

ҚАРАКЕРДIҢ ҚАРЫМТАСЫ

Қоңыр күздiң етек алар тұсы. Ауаға шағырмақтық пайда бола бастағаны таңғы шықпен қабаттаса жетiп, шаңқай түстiң өзiнде желбегей денеге жел боп тиген ысқаяқ ызғардан анық сезiледi. Ұзыннан ұзақ созылып жатқан белдердiң, бiрiнiң өкшесiн екiншiсi баса маңып кететiн төбе, жондардың беткей тұстары әлдеқашан-ақ қарақотырланып, ашық алаңқайлардың өзi шығымын сұйылтқаны состиған жалаңаш қурайлардан бiрден байқалады. Өңiн бермей жатқаны қойнау-қойнауды қуалай бiткен сай табандары ғана. Жел жетпейтiн бұл алқап күн сәл көтерiлгенде көк тұмсасын жая қояды да, сап-сары тiстей шөптердiң қылта-қылтасын жасыл түске бояй салады. Сондықтан да болар, қар бiр жауғанша түзге шығар ұсақ малдың қорығы осы маң. Мұндай жерге тап болған отарды жуыр маңда отынан ажырата алмайсың. Бұл әсiресе көшке ерген елге сын.


Қазiр ұшы-қиырына көз жетпейтiн ұлан-ғайыр да- лада көш қарасы молайған. Сонау көктем қылаңымен солтүстiкке қарай жөңкiлген ауылдар ендi беттерiн оңтүстiкке бұрып алып, етек-жеңiн жинай, үдере тартып барады. Көктемдегi қимылдары сылбыр болса, бүгiнгi қозғалыстарында асығыстық бар. Суыққа ұрынбай, жер қарада тоқтар табанға тұяқ iлiктiрiп алуға жанталасады.


Сондай көштiң бiрi қылтадан бой көрсеткенде Бұзау оқыстан селт етiп, ашық-шашық тұрған бойын жиып ала қойды да, сымбаты бөлек, сәнi келiскен топқа сүзiле қарай қалды. Әлi де тым алыста болса да, көш былайғы көзге күнделiктi тiршiлiк айдынын кешкен адамзат күйбеңiн елестеткенiмен дәл мына ат жақты, бидай өңдi, еңсегей бойлы, қамшысын бiлемдей қысқан салалы саусақтары көгере қалған жан үшiн тосындықтың бұрқағын жайып салғандай. Ол жанарын аудармастан алдына ұзақ үңiлдi. “Мынау соның нақ өзi” – дедi сосын iшiнен өз ойын


 


құптап. Сол-ақ екен буын-буынын ұстай алмай қалтырап қоя бердi. Әп-сәтте қаны қашқан бетi де сұрланып, жақ жүндерi үрпиiп шыға келдi. “Сол! – дедi тағы да алған дәйегiн нақтылай түсiп, – Басынайын деген екен! Басын- дырамын!!”


Мұның көңiл-күйiмен санасуға ықтиярсыз көш бiрте-бiрте жақындай түстi. Жып-жинақы. Анда-санда албырттықпен қиястай шапқан бiрдi-екiлi ойын баласы қатар жiгiн сәл ыдыратқанымен көп өтпей-ақ арындарын алдыра, орын-орындарына қайтадан оралып, бiркелкi сапқа кiрiге кетедi. Мына бетiнде көш құм үстiнде сумаңдаған жыланға ұқсап қалады. Iздерiнен көтерiлген шаң тұрқы да бөлек: не қоюланып бұрқақ қақпайды, не шудаланып ауа жайылмайды. Соған қарағанда қатқақтау тұстарды басап, шөптесiн алқапты кешiп келе жатқандай. Әйткенмен жүрiстерi суық. Әлгiнде ғана қылтадан қара берiп едi, ендi атшаптырым жазықтың орта тұсына ен- дей енiп алыпты. Тегiнде қас қараймай өзен бойына жетiп жығылмақ. Ас-суларын сонда қаузап, сонда түндi өткермек сыңайлы.


Бұзаудың алыстарға телмiре, қалшиып қалғанын байқаған Өтемiс қария атын тебiнiп, тiзе түйiстiрдi.



  • Иә, не көрдiң, қозғалар райың байқалмайды ғой?


Бұзау қартқа жауап қатпастан қамшысын көтерген қалпы жазықты нұсқады. Сулана берген жанарын қол орамалымен құрғатып алған Өтекең әрiге үңiле берiп, таңданысын жасырмаған қалпы:



  • Пах-пах, көш деп осыны айт, сән деп осыны көрсет, – дедi қардай әппақ қауға сақалын етi қашқан саусақтарымен сауа тұрып.


Анау жақамады. Онысын жасырмады да:



  • Өтеке, өзгенiң сәнi мен мәнiн ажыратуға шыққан жоқпыз ғой, салтанаты да, сауығы да өзi үшiн. Мыналар кiм? Қай жұрттан деп ойлайсыз?

  • Е, кiм болушы едi, Тамалар да.


 



  • Олар мұнда неғып жүр?

  • Көрiп тұрсыз, көшiп барады. Көктемде бетiн Есiлге бұрған, күз жеткенде Шуға тығылған ағайындардың сыры ежелден мәлiм емес пе!?


Мынаны естiгенде болыс кiржие түстi. Шаншу қадалғандай бет-жүзi тырысып барып басылды. Ол бәтәгөй қариядан басқаша сөз күткен-тiн. Аға буын тiлге тиек болған жұртты тақымдаса, олардың жер-жебiрiне жетсе қыбы қанар едi. Бiрақ күткенi келмедi. Аңқаулана қалған ақылшы ауан бағытын айдалаға аударып жiберуге ыңғай берiп тұр.


Шындығында солай болатын. Қонысын қатар қондырған Тама мен Найман елiнiң арасын ендеген дау- шардың толас алатын түрi көрiнбегелi не заман. Бiрде бергi жақтағы жұрт аттанға басса, бiрде арғы жақтағылар әруақ шақырысып жатады. Жиi-жиi естiлiп, құлаққа сiңiстi боп кеткен “алды, аттан, түре қу” сөздерiн бесiктегi балаға шейiн жаттап өсетiнi сондықтан. Әсiресе жанып тұрғаны – барымта. Бiресе ары асып, бiресе берi қуылып, сандалған жылқыда есеп жоқ. Бiлек күшi кiмде басым – таразының тасы сол жаққа ауып кетедi. Теке тiрестiң қай шамада бiтерi де беймәлiм.


Өтемiс бiрден таныды: мына салтанат Тама болысы Оңдыбайдың еншiсiне ғана тән. Өзi сырбаз жан айналасы- нан да ықтияттылықты, тәртiптi талап ететiн. Жинақылық бар жерде береке бар деп түсiнген сабазың ауыл-елдi ша- шау шығармай, бастарын бiрiктiрiп қондыруға әдеттенген. Сол әдетiн көш бойында сақтауы да ғажап-ақ.


Ұзын көштiң Оңдыбай ауылына жататынын Бұзау да сезбей қалған жоқ. Көптi көрген көнтерi емес пе iшiне әлдене түйiп қойғаннан да сау емес. Өтемiстiң жорта сөйлеуiнiң мәнi осында. Ол ел болысының рай- ын қайтарып, екi қошқарды бұл жолы мүйiздестiрмей таратуға мүдделi. Онысын ашық жеткiздi де:


– Айналайын, Бұзау, көш – киелi қосын. Мұндайды бабаң


 


басынан кешкен, атаң сабылыста атанын арытқан, өзiң көштiң салмағын бiр кiсiдей бiлесiң. Бiр құдайға, сосын өзiне сенгендер ғана түйеге қом арта алады, ұзақ жолдың азабын тартуға құмар. Анау сөйткен екен, тәуекелдi жаны- на серiк етiптi – басқамыз қол ұшын ұсынуға мiндеттiмiз, тiлеуiн тiлеуге мүдделiмiз. Жолаушының жолы жүргенде бiтсе, тiлекшiнiң тiлеуi тiлеулесi көздеген мұратына жеткенде ғана жерiне жетпек. Олай болса бiз тiлекшi екендiгiмiздi ұмытпайық.


Қарияның ойын ұққанымен Бұзау мiз бақпады. Мұнысы Өтемiстiң меселiн қайтарайын дегенiнен емес, өз iшiнде бұрқаған борасынды басып алуды көздегенiнен едi.


Көш одан сайын жақындай түстi. Екпiнi қатты. Жо- лында кездескен түйе тастың өзiн аударып кетер сел iспеттi. Арындап, ойнақшып, елiрiп келедi. Маңдай тұсы ауыздығын қарш-қарш шайнаған ылғи кер аттылар- дан сұрыпталған ер адамдардан тұратын жасақ. Жасақ болғанда да қарына найза iлген, басына дулыға қондырып, денесiн торкөзбен көмкерген әскери сарбаздар емес, бұғатын жерде бұғып, қуатын жерде қуа алатын iлкiмдi жiгiттер. Соған қарағанда жол торыған ұрыдан үркер түрлерi жоқ, олардың қауiпi басқада – бұршақ боп түйiп өтер жұдырықта жатқандай.


Қыр үстiнде қалқайған топты олар да көрген сиқатты. Лектiң тұмсығы етекке жеткенде оншақтысы бөлiнiп шығып, берi беттедi. Ал, негiзгi көш арынын баспай, өз бағытымен жылжи бердi.


Бөлiнгендердiң нақ маңдай алдында есiк пен төрдей қаракер атқа мiнген, оқалы қызыл шапанды, құндыз бөрiктi жан ерекше дараланады. Өзi ерде қаққан қазықтай қаздиып отыр. Аты лыпыл қаққанымен не шоқақтамайды, не шоқырақ қақпайды. Осы бейнесiмен-ақ тақымы қатты, талайды көрген тарланбоз екенiн танытып тұр.


Бұл Оңдыбайдың нақ өзi екенiн Бұзау да, Өтемiс те, қалған жiгiттер де айнытпай таныды. Таныды да әркiм өз


 


орнын, өз қарым-қуатын бағамдағандай iштей тығылыса қалысты.



  • Ассалаумағалейкүм!


Аралық оншақты қадамды құрағанда кiлт тiзгiн тартқан Оңдыбай қамшы ұстаған оң қолын жүрек тұсына қойған күйi басын сәл иiп сәлем жасады. Үнi әуездi екен. Ашық дауыс әуелеп барып әр құлаққа мамырлай қонды.



  • Әлейкүмiссалам! Иә, көш көлiктi болсын! – деп жауапқа Өтемiс iлкiмдiк танытты. Өйткенi Бұзау қиқарлығын жамылып қыдия қалған едi.

  • Айтсын, ақсақал! Биыл әлдеқалай себептермен айналсоқтап қалған екенбiз. Ендi соның өтеуiн өтегендей жанталасқан қалпымыз осы.

  • Е, зейнетi тұрғанда еңбектiң жеңiл-ауыры екшелмейдi. Бүгiн тоңсаң, ертең жылынасың, бүгiн қиналсаң, күнi ертең жаның жәннатқа бөленедi. Сонда бәрi ұмыт бола- тын қарекет қой.

  • Иә, иә-ә-ә, артын ойлағанда кәукиiп қалатынымыз рас. Бiрақ, соған жеткенше саудырар жол тағы бар. Бiзге ендi не керек дейсiз – беретiнiмiздi бердiк, алатынымызды алдық, бәрi ертеңгiнiң қамы да.

  • Берерiң болса әлi де берген жақсы-ау, дегенмен аларың тұрса қашпайтының тағы аян. Тiршiлiк несiмен тәттi деп ойласам айырбасымен екен ғой. Соны бұрын бiлсем-шi.

  • Ештеңенi бiлмей туып, ештеңеге түсiнбей аттанатынымызға шәк келтiрiп көрген емеспiн. Тағы ұғатыным өзiңдiкiн көрмей, өзгенiкiн бадырайта беруге асқан шебер болып жаратылғанымыз. Солай ма, Бұзеке?


Салмақ өзiне қарай ауғанда Бұзау кiржиген қабағын жаза алмай бөгелiңкiреп қалды. Соны сезгендей араға қайтадан Өтемiс килiктi.



  • Бәрiмiз де ең әуелi пенде екендiгiмiздi мойындайық. Пенде болғаннан соң астамшылдыққа алданатынымыз, түймедейдi түйедей ететiнiмiз даусыз iс. Оны жасайтын да


 


өзiмiз, кешетiн де өзiмiз. Жасаған соң дабырайғанымен кеш- кен соң өтетiнi тағы бар. Осы жағын да ұмытпаған абзал.


Қария сөзiне келiскендей Оңдыбай басын изедi.


Болыс етжеңдi, төртбақ жан. Толықша келген аққұба өңiнде жылылық бар. Сығырая бiткен көздерiнен ұшқын байқалады. Сапар үстiнде шаршағандықтан ба жанар ай- наласы сәл талаурағанымен адамның iшi-бауырына енiп тұратын қой көздерi не алалық, не қараулыққа тепсiнбей, бiтiмгершiлiкке, бәтуаға шақыратыны сөзсiз.



  • Байқап келемiн, – дедi Оңдыбай жуандау мойнын жан-жағына баппен бұра, дауысына екпiн сала сөйлеп, – елдерiңiз етек-жеңiн жинай бастаған екен. Жағдайларын жасап алғанға ұқсайды. Мал жайын ойласақ та кей жағдайда өз жайымызға мән бермейтiн халықпыз ғой. Көзге түскен мына көрiнiстерге шын қуанған жайым бар.

  • Өзгенiң күйiн бағып емес, келер күнiмнiң жағдайын күйттеп жүрмiн десеңшi...


Осы кезде шаңқ еткен Бұзау үнi маңайдағыларды селк еткiздi. Алғашқы дидарласудан соң-ақ мамыражай қалыпқа бой ұра бастағандар ендi жауын күткен дала- дай тымырая қалысты. Жазылған қабақтар қайтадан жа- былып, жылышырай жүгiрген беттер қабарып қоя бердi. Тақымға қысқан сойылдарға қолдары барып қалғандары да жетерлiк.


Бұл сөзден Оңдыбай ғана шам алған жоқ. Ол үзеңгiге салмақ сала сәл шалқая берiп, шапанының етегiн қайыра, етiк қонышына қол жүгiрттi де, сырты күмiспен өрiлген мүйiз шақшасын шығарып, оған тесiле қараған қалпында кеңк-кеңк күлiп жiбердi.



  • Пай-пай-ой, бүйтпесең болыс болармысың...


Иық селкiлiн баспаған қалпында алақанына бұйра на- сыбайдан төгiп, оны мипаздай ернiне салды да, жан раха- тын ендi ғана сезiнгендей көзiн жұма сәл бөгелiс жасады.



  • Сөзiң сөз-ақ, – дедi сосын басын кекжите көтергенiмен көзiн ашпастан, – Дегенмен бұл қылтада өрiс алатын тәжiке


 


емес едi. “Жабулы қазан – жабулы” күйiнде қалса қайтедi? Шашылғанын артынан жинап алармыз. Келiсемiз бе?



  • Мен тұрдым!

  • Онда хош!


Ондыбай бұдан әрiге қайырылмады, астындағы атын тебiнiп алға озды. Басшысының ыңғайын баққан өзгелер соңынан желе-жорта жөнелiстi.


***


Қысқа ғана қайырым, қытымыр жауаптасу онсыз да қабарған көңiлдi мүлдем қарайтып тастағандай. Қыр ба- сында қырланған Бұзау ұзына жол бойында серiктестерiне ләм-мим деп жақ ашпады. Жауар бұлттай түнерген қабағы жазылмастан шоқытты да отырды.


Соңынан епеңдегендердiң де тiл-аузы байланған. Жайшылықта ауыздыға сөз, аттылыға жол бермейтiн мылжыңдардың өзi ұрттарына су толтырып алғандай үнсiз. Мұндайлардың бар бiтiретiнi зәбiр көрген ба- ладай маңайындағыларға жәутеңдеседi, басқалардан ыңғай болмаған соң ындыны құрып, сапар ырғағына мойынсұнады.


Топқа ерген жiгiттердiң тоққұрсақ дәмесiнiң болыс ат басын ауыл жаққа бұрғаннан-ақ күлi көкке ұшқаны аян. Олар қышыған тiстерiн қызылға басып, қыстыққан көңiлдерiн қымызбен ашып, қызды ауылдардың қызығын көрiп қалуға қамданған. Бұзау сапарын неғұрлым ұзағырақ жалғастырса, солғұрлым жасай түсетiндерi де анық едi. Амал қанша, ендi бәрiн жаба тоқып, жағдайға бағынудан басқа амалдары жоқ. Осыны ойлағанда кейбiреулердiң iшi қыж-қыж қайнайтыны дау тудырмайды.


Жайбарақаты – Өтемiс қана. Оның жұқалтаң жүзiнен не опынудың, не күпiнудiң iзi байқалмайды. “Болары бо- лып, бояуы – сiңдi” дегендi меңзей, сар желiске түскен ат ырғағымен сақалы желпiлдеп, салдырып келедi.


 


Өзi олыстың алдына шықпағанымен басқалар секiлдi құйрық тiстеспей, құйысқан қағыстырып отыр. Осы қылығымен-ақ лауазым тiзгiнiн ұстамаса да, ел билiгiнiң бiр ұшығы өз қолында тұрғанын байқатып қалады.


Ал, болыстың ойы мүлдем басқа жақта. Әлем-тәпiрiк. Әлгiндегi Оңдыбай қылығын өзiнше жориды. Анау түлкiдей түрленiп түрғанымен табан астына салып, тапап- тапап тастағандай. Денесiн езген салмақты әлi де сезiнетiн сияқты. Одан шығудың жолын iздеп жанталасады.


Ол да анадан туды, балалықтың базарын белден кештi. Сонда ойлайтын: “Таң – ақ, түн – қара. Ақтыққа дақ түсуi мүмкiн емес. Түн – тыныштықтың қаймағы. Сондықтан бiрi қарбаласты алға тартса, екiншiсi ты- нымды еншiлейдi” – деп. Әйткенмен, өсе келе, есейе бере жалған ойдың соңында далақтағанын ұғынды. Сөйтсе қарбаластың да сан алуан түрi, тыныштықтың да құбылмалы, екiншi қабаты райын ашады екен. Бiреуi қараулыққа бастаса, ендi бiреуi кермектiкке жетелеп әкетуге құмар. Тiршiлiк толқынына түскен әр пенде осы екi жолдың екеуiне де табан тiреп, екi дәмнен де ауыз ти- юге мәжбүр. Ащысы мен тұщысы қосарлана сезiлгенде ара жiгiн ажырата алмай қалатындары да баршылық. Өйткенi олар түйсiк пен таным әлемiн қойыртпақтап, екiжақтылықтың бұйдасын еншiлеп алады.


Найман мен Тама арасын кеулеген қиғаштық пенделiктiң осы қағидасын қуалайды. Ықылым заман- нан жалғасып келе жатқан теке-тiрес әуелгi бетте бiрдi екiншiнiң шұқып кетуiнен басталған сиқатты. Артынан нұқысып қалысты. Оған намыс жалған, намыс деген жабу- лар қабаттасып, тоң жiгiн қоюлатып жiбердi. Сосын әуелi бiрдi екiншi мұқатар ши жүгiрту басталды да, артынан үлкен тәжiке қанатын жайып шыға келдi. Қазiр ретi келiп тұрса алмайтын ешкiм жоқ. Бергi жақтың мал алдыраты- ны, арғы жақтың қарымта қайтаратыны үйреншiктi жай. Шөп басы қимылдаса Тамалар Наймандарды, Наймандар


 


Тамаларды қаралап қоя бередi. Бұл атадан балаға, баладан оның ұрпағына сiңiстi болып қалып жатқан құбылыс.


Бiр қызығы – барымта басы лау еткен жалынға ұқсағанымен, соңы сиырқұйымшақтанып, бықсықпен басы- лады. Алғашқыда өңеш керiскендер артынан ежелгi достар- дай бiр дастархан басында бiр табақтан дәм татысып оты- рады. Бiрақ бұл уақытша бiтiм, аз тыныстық ауқым. Белгiлi кезең өткенде бәрi қайта қайталанады. Соған қарағанда мына тәжiке кең сахара қазақтарының ойынына да ұқсайды. Көңiл көтердi – басылды, ерiктi – қайтадан ерiк бердi.


Солай дегенмен де белгiлi жүйе, белгiлi тәртiп бойын- ша Бұзау одан өзiн шектеуге тиiс емес. Кеткен есе бар. Оны қайтармаса елдiң атына сын. Ол есенiң құныкерi – Най- ман, құн төлеушiсi – Тама. Өткен күзде ғана Шу өңiрiнен самсай құлап, сарқырата бiраз малды қуып кеткен. Соның қыжылы кеуденi қыздырып барады. Қайтарымсыз басыл- майтыны да анық. Бiрақ қалай? Қандай жолмен? Қайтсе қарсыласын қапы қалдырып, қазанын қақ айырмақ? Қаптаған сұрақтың шешуiн тапқан күнде ғана жаны жайланбақ. Басқаша жағдайда күндiз күлкi, түнде ұйқы болмайтыны белгiлi.


Болыс дал. Бүгiнгi таңда ашық әрекетке баруға тағы болмайды. Сәл қиыстасаң мылтығын шошаңдатып қаптай жөнелер әскер Атбасар жағында тағы жүр. Әйтпесе ата- ларындай атойлап ат қояр едi. Берсе – қолынан, берме- се – жолынан қарпып қалуға, бiр құдайдың өзi куә, күшi де, қуаты да жетерлiктей-ақ. “Аттан!” – десең атқа қонуға сай ұлдар да, шүкiршiлiк, баршылық. Тек үкiметтiң ұзын құрығы қол байлайды. Сонда не iстеу керек?


Есiне әне бiр жылдағы оқиға оралды. Онда кеңшiлiк кезең қанат жайып тұрған. Онда да iсi Оңдыбайға түсiп едi. Малын                   алдырған  ауылдар        азан-қазан            болғанда ерiксiз атқа қонып, оңтүстiкке сапар шеккен. Белден бел асып, құмнан құм кешiп жеткенiнде болыс ауылы жайбарақаттық танытты. Сыр бермедi-ау, бермедi. Құдайы


 


қонақ келгендей қол қусырып қарсы алды, қой, құлынын сойып қазанын майлады. Әңгiме малға ойысқанда көрген- баққандары жоқтай ауыздарын қу шөппен сүртiсiп шыға келiстi.



  • Қонағым бол – қыс бойы жатсаң да сыйлаймын, оған ырысым жетедi. Бiрақ, құныкерлiгiңдi әрi тарт. Шаруасын күйттеген момын ел дәл осы күнде алысқа ат арытар ша- мада емес. Дауыңды басқадан даула, күйеңдi жазықтыға жақ, – деген сонда Таманың болысы бетi бүлк етпестен.


Оны-мұныны ақтарып көрiп едi, анау бұлқынып маңайына жуытпады. Қолында дәйегi жоқ жан не iстей алсын, ақыры далаңдап босқа қайтуға мәжбүр болды. Кейiннен жансыздар арқылы бiлсе, мал астыртын әрi асырылыпты. Тай, құлынына шейiн көз көрмес, құлақ естiмеске жытырылған.


Мынандай қорлыққа шыдамады, әудемдi жiгiттердi қосын-қосын етiп сайлап, қыс iшiнде аттандырды. Белгiлi мөлшерлерге қос тiктiрдi. Ондағылардың мiндетi негiзгi топтағы жiгiттердi ас-сумен қамтамасыз ету, сосын iз та- стау болатын.


Ақыры ойлағаны болды. Тебiнге түскен арғы жақтың қыл-құйрықтары аз күнде қоңыр құмдардың бiр тасасына жасырылды.


Ғажабы, мал соңынан қуғыншы қара көрсетпедi. Әлде қысқы жолды ауырсынды, әлде өз кiнәларын сезiндi, әйтеуiр тырс еткен дыбыс естiлген жоқ. Сөйтсе... Сөйтсе олар бар зiлiн кейiнге сақтаған екен. Тарпып едi тұяғы тәндi ойып, жанды сыздатып қоя бердi. Соның әсерiнен айығар күндi ел болып күтуде. Жеңсе – мәртебесiнiң асқаны, жеңiлсе – тiрiдей жерленгенi.


Жоқ жеңiлмеу керек. Өйтсе ата-баба әруағы кешпейдi. Қасқыр да өз жарасын өзi қауып өледi. Сонда мұның қасқыр құрлы қайраны қалмағаны ма? Ол бар. Құдайға шүкiр, ел тұрғанда, сайдың тасындай жiгiттерi самсап жүргенде бiр қайранға жетерi хақ. Онысы нендей әрекет?


 


Мiне, жұмбақ түйiнi осы арада тұр. Бұл жолғы соққы өте дәлдiкпен жасалуға тиiстi. Жанды ғана ауыртпай, бүкiл болмысты қақыратып түсер амал қажет. Ол әрекетi болысты ғана тұралатып қоймай, елдiң қабырғасын қайыстырса, бүкiл жұртқа таңба болып басылса...


Әлде...


Өз ойынан өзi шошығандай селк еттi. Он ойланып бiр кеспек әрекет. Соңы кiсi өлiмiне соқтыруы да мүмкiн жай. Онда құдай алдында күнәлi болар едi...


Желi оңынан туса ше? Жолды оңғарып, тәңiрiнiң өзi жар болып, Қаракер тақымына тисе. Ондай күн туса басқа дүниенiң бәрiн талақ етерi даусыз. Үш жүздiң аузына iлiккен бәйге ат жалғанның бар жалтырағын жинасаң да дара қояр байлық. Шiркiннiң бiтiмi қандай – көздi арбап, көңiлдi жегi боп жейтiн нағыз сиқыр ғой, сиқыр. Айтуға сөз, суреттеуге тiл жетпейтiн құдырет. Самарқау тұрған тұрысының өзi тым бөлек-ау, бөлек. Ерiнi салпиып, бар мүшесi шашылып, төрт аяғы төрт жаққа далдиып, мынау жалғанды жалпағынан басқан жануар жалғыз өзiндей тым тәкаппар. Айналасында тiршiлiк бар ма, жоқ па қаперiне де кiрмейдi. Болмыстағы толып жатқандарға селт етер сыңай танытпастан сексиген де қалған. Тiптi, мал екеш мал түгiлi, маңайына жан жуыса да елең етпейдi-ау. Осы бей-жай қалпымен-ақ адам тәнтiлiгiн одан әрман ұңғып, көз құртын өргiзiп жiбередi. Ал, шабыс салғанда... Мұндай ғажайыпты көрген де арманда, көрмеген де ар- манда. Бұлтылдай ойнап бара жатқан бұлдырық дерсiң. Дүние дөңгеленiп қоя бередi. Төрт аяқ тең түскенде қара жердiң өзi дiрдек қағып ала жөнеледi. Тұяғының дүбiрi айшылық алыстан айқын естiлетiнi анық. Мың жылқы жөңкiлсе Қаракердiң дыбысы дара шығары дау тудыр- майды. Мұндай жануарға қызықпаған көз көз емес те, мұндайға елiтпеген жүрек жансыз.


Үш жүздiң баласына сауын айтылған бiр аста топ жарған Қаракерге қызыққаны соншалық сұқтан, тiл-


 


көзден сақтау үшiн жасырылған жануарды, амалын асы- рып тауып алғаны бар. Сонда Оңдыбай қатты назаланып едi.



  • Көзiң көтiңе түскiр мұндар, бүйтпесең Бұзау болармысың!.. – деген болыс тiксiнiп – Қызық, қызығып қал, бәрiбiр қара үзер Қаракер маңдайыңа бiтпеген, бiтпейдi де. Өйткенi саған озғандық, айғырыңа азбандық бұйырмаған...


Мына сөз шымбайына батса да өз кiнәсiн өзi түсiнген Бұзау шыдамдылық танытты.



  • Сап, Оңдыбай, сап! Көпке топырақ шашардай не көрiнiптi. Мен озбасам бүгiн озбаған шығармын – ертеңге сәуегейлiк жасама, сандалып қаларсың. Ал, айғырдың азбан еместiгiн биеңдi қосып бақамаған шығарсың. Бармақтай бақ берген екен, оны басып отырар артыңның да болғаны дұрыс.

  • Бақ адамын танып қонады.

  • Көз қорықса түйсiк үстем. Ал түйсiкте көз болмайты- ны тағы белгiлi.


Екi қошқар ол жолы да сүзiспедi, бас шайқасып, тұяқтарымен жер тарпысып тарасты. Тек айырылысар шамада Оңдыбай:



  • Күйлей қалса байталдарыңды берi асыр, сәуiрiктерiмнен сарқыншақ қияйын, – деп шиқ-шиқ күлген едi, Бұзаудың басына қан тептi:

  • Кiмнiң кiмге сарқыт сыйларын уақытында көрермiз.


Тек сонда осы сөзiңдi ұмытпа!


Шiркiн, сол қаракер қолына түссе! Ондай күн туса Оңдыбайдың көзiнен жас емес қара қан ағар едi. Сол қанды уыстай сапырып отырса одан өткен ләззат табыл- мас, мына жалғаннан. Шiркiн сондай күнге жетсе!


Суыт жүрiспен келе жатқандар тағы бiр қырдан асып түскенде ауыл қарасы бой шалдырды. Әлi де қыстақтарына тарамаған ел шашыраңқы қоныстаныпты. Бiр шетi қоңыр құмның етегiне жармасып, екiншi басы көксеңгiрге қарай


 


ұмсынып қонып жатқан бiр қауым ел дәл қазiр тiршiлiктiң қан базарын толастатып, ендi тыныштық әлемiне бой алдыруға дайындалған сияқты. Кешкi астың хабаршысы – түндiктерден көтерiлген қою түтiн аспан мен жер арасын ширатылған көк арқанмен айқыш-ұйқыш шандып тастаған.


Тыныштық бесiгiнде тербелуге ыңғайланған мал атаулы да қимыл-қозғалыстарын бәсеңдетiп, шоғырлана бастапты. Сонау-у шығыстан созылып келiп оңтүстiкке қарай бетiн кiлт бұратын сарысу өзенiнiң бойына ұйлығысып, бiрi ма- мыражай күйiс қайырса, екiншiлерi үйездеуге шақ тұр.


Мынаны көргенде Бұзау үзеңгiге салмағын сала сәл көтерiлiп қойды. Сол-ақ екен күнi бойы құрысқан денесiне жан бiткендей серпiлiп қалды. Дегенмен жан-жағындағыларға мойын бұрмады, ой ашар сәттi кейiнге қарай ысырып, алға қарай ентелеуiн одан әрмен жалғастырды.


 


***


Енесiнiң сүтiн арда емген қасқа құлын сойыла бастағаннан-ақ танауларымен ауа шалған ауыл адам- дары жылы-жұмсаққа ұрттарын армансыз майлап, тiс шұқырға келгенде ғана тоқтық шақырыса бiрiнiң тiзесiне бiрi қисайысқан. Ендi олар жуыр маңда әңгiме-дүкенге желi тартпайды. Әрiсiн-берiсiн ой елегiнен өткiзгендей көздерiн тарс жұмып бiрi мүлгiсе, екiншiлерi қас-қағымда қалғып қалуға ыңғайланған.


Солай болды да. Тек үлкендеу шарамен қымыз жеткен- де сiлекей шұбыртар ашқылтым иiстен әуелi мұрындары жыбырлап, артынан сылп-сылп еткен ерiндер сырнайын сала ұйлыққан қанды ойнақтатып, ұшыққан сұлбаларды қайтадан қалқайта бердi. Жәй қалқайтпады, iшке тығылған жалынды “уһiлеген” демдермен демей бой жаздырды.



  • Өткендегi жол соғып тастаған-ау, денем әлi салдыра- уын қояр емес... Ой, белiм-ай!..


 



  • Е, жер ортасынан астым дегенше қомнан аудым десейшi.

  • Соны айтамын да: жастыққа жану тән болса, жасамысқа тәуба қылу ғана бұйырғанын ендi ғана бiле бастағандаймын.

  • Үһ, қара санымның бастырмауын қара... Мынау қирап қалғаннан сау ма?

  • Ту-у, сегiз көзiмнiң алып түсуiн-ай, ә...


Сөйткенмен қымыз толы сырлы тостаған қолдарына тигенде құнжыңдаса ерiнге қарай жеткiзуге асықты.



  • Шiркiн, күзгi қымызға жетер дәм табылар ма екен!?

  • Е, қымызды көктем мен күзде iш. Жаздың ыстығында бұл жарықтық шөл басар суан ғана...

  • Баққан соң малдың игiлiгiн көрген де жақсы-ау...

  • Жаратқан адамға мал бергенде қызығын көрсiн деп берген ғой. Сүтiн сауып iшпесең, жүнiн тоқып кимесең, етiн сойып жемесең ұстадың не, ұстамадың не?

  • Оған да еп керек, оған да бап қажет.

  • Көз де.

  • Ол болса-болмаса. Әйтпесе баққаныңды басқа бiреу ауызыңнан жырып әкетiп жатса...


Жәй айтыла салған қаңғыма сөздiң өзiне қарай бағыт алғанын сезiнген Бұзау жеңiл жөткiрiнiп қалғанда жиналғандар тiзгiн басын босатып жiбергенiн аңғара жым болысты. Бiреулерi жәутеңдей жан-жағына алақтаса, ендi бiреулерi жанарларын төмен салысып, әлденеге кiнәлi ба- ладай томсырая қалысты.


Әр ауызды бағып, әр сөздi қалт жiбермей зерделеп отырған Өтемiс осы кезде Бұзауға жүз бұрған. Болыс өңiнен сәл күрең бояу iзiн аңдағанымен ашу ызғарын айғақтар айшық ұшыратпады. Көңiлiне соны демеу еткен қария қайтадан тостағанға ұмсынды.


Әлгiнiң тосын айтылмағанын, мына жұрттың көкейiн тескен сұрақ тұрғанын ұғынған Бұзау осы тұста үнсiз қалуды лайықсыз санап, тамағын кенедi.


 



  • Уа, жамиғат! Тоқтысын алдырғанның тобанаяқ- танғанынша жоғын қарап, сабылатыны бар. Бiрдiң мұңы бұлайша болса, көптiкi үлкен қарекет, үдере iз кесуге соқтыратыны мәлiм. Қарап жатқан жоқпыз, елдiң намы- сын табанға таптатқанша қолды төбеге қойып, тау асып кетсек дауа жоқ. Ендеше аптықпаған абзал, асығыстықпен от баспаған ләзiм. Ауызды айға бiлегенмен аспандағыны алақанға түсiру мүмкiн емес. Сондықтан сабыр шақырайық, ақырын күтейiк. Бәрiнiң орнына келерiне мен сенемiн, сен- дер де күмән тудырмаңдар. Тек, мұрсат берiңдер...


Отырғандар екiұштылау айтылған сөздiң қай басы- на жармасарын бiлмей дағдарды. Көңiлдерде “Қашан? Қалай? Сонда не iстемек?” – деген сұрақтардың өре түрегелгенi де рас. Бiрақ болыс ызбарынан қаймыққандар оны сыртқа өргiзiп жiбере қоймады. Әркiм өз тұспалымен, өз болжамымен қала бердi.


Қымыз iшiлiп, кекiрiк шалғандар орындарынан ауыр- лай көтерiлгенде болыс Өтемiс пен Бекқұлының аялдай тұруын өтiндi.


Бұл екеудi даралайтын жөнi бар. Бiрi – көптi көрген көнекөз болса, екiншiсi – атса мылтығы, шапса қылышы. Болыстың ғана емес, бiр қауым елдiң айбары. Атан түйенiң өркешiмен таласар бойына қарап Бекқұлыны ебедейсiз санайтындар қатты қателеседi. Сiңiрлi қолдар серiппедей шалт, шымыр дене ерен күштiң құймасы. Күректей уысы ұстағанын тапжылтпаса, батпандай жұдырығы өлермен өгiздi жалқы соққысымен тырапай асырып кетедi. Осын- дай бола тұра бiреуге тектен-текке көз алартқан пенде емес. Қазiр де ол босаға жаққа тiзе бүккен қалпы мiз бақпайды. Болыстан дыбыс шыққан бетте төрге қарай жылжымай, тұрған жерiндегi киiз шетiне шөге берген, ендi сол орнынан қозғалар райы жоқ. Ат құлағын соғар


тiзесiнен аса дамыл алған қолдары да сұлық.



  • Бiр ойдың мазалап жүргенi... – дедi Бұзау адам аяғы басылған шамада жөткiрiнiп қойып, – Өзiм деп


 


өзеусiрегенде езуiмiзден ақ көбiк атқылайды, елiм деп емiренгенде екпiнiмiзден тау жығылады. Сөзге келгенде ешкiмге есе жiбермеймiз, ал iске тiрелгенде кежегемiз керi тартады да тұрады. Жанды жегiдей жеп жатқаны осы...


Әңгiменiң төзiм тауысар үнсiздiкке ұрынбай тез басталғанына қуанғанымен, жылаңқы бағыт алғанына көңiлi толмаған Өтемiс:



  • Аспан ашық, күн жарықта су болып сүмiрейердей не көрiнiптi? Елiм деп елiрсе екпiн алар, өзiм деп өзеуресе өзегiн жұлып берер апайтөстер оң мен солыңда қаптап жүргенде тарылардай не қара басыпты! Тек, оларды тани бiл, таны да таланын аш. Сонда жаның – тыныштықта, жағаң – жайлауда болатынына мен кепiл, – деп таралғыны тартып қойды.

  • Келiсемiн, Өтеке. Ашық алаңқайға шығып дұшпаныңмен шартпа-шұрт алысқанға не жетсiн. Бiрақ оған жағдай жiберiп тұр ма? Шағым түссе мылтығын шоштаңдатып жететiн әскер дәл желкеңнен бедiрейгенде қол-аяғың матаулы екен.Қорғаншақтық сананы тұмшалап, ойың топшысынан қағыла беретiнi осыдан..

  • Олай болса маңдайыңа жазылғанға мойынсұн. Басқа амалын таппасаң талтайып тұрып өлуден басқа амал жоқ.

  • Арам етiңе көрiнген сарысын демексiз ғой?

  • Е, сарымағанда несi қалды? Әйелдер сыртыңнан ерiн сылпыса, еркектер қарекетсiз iштен тынса, тiршiлiгiңнен не қайыр!..

  • Сонда не iстеуге болады?

  • Ойың кеткен екен – қолды қаптат та шап. Қатынын – тырдай, баласын – құлдай, жұртын – жұрдай ет! Мүмкiн сонда айызың қанар, аптығың басылар!..

  • Мынауыңыз шыныңыз ба, әлде ойыныңыз ба? Мен сiздi мүлдем танымай қалдым ғой? Сiз менi қаныпезерлiкке итермелеп отырғаннан саумысыз?!

  • Е, түздегiнiң түгiн қалдырмай сыпырсаң ол қаны- пезерлiкке жатпағанда қайда сыйғызамыз? Малын ал-


 


дым дегенше қазақтың жанын алдым десейшi. Ал жанын еншiлеген соң құр сүлдердi сүйретiп не керек!..


Өтемiс өзiнiң тым шығандап бара жатқанын сезiп сөзiн кiлт үздi де, дiрiлге алдырған денесiн сабасына түсiруге әрекет жасағандай тымырая қалды. Артынша үй iшiн өлi тыныштық жайлады.


Қарияның өз көздегенi бар-ды. Ол тартыс-таластың осымен тынып, бiрдiң екiншiге арналған өкпесi айқай- шыңсыз басылғанын тiлеген. Қатты-қатты айтуының мәнi – Бұзау ойланар, ойланса райынан қайтар деп түйген. Қанша дегенмен , қаннан жүрек шайлығып, қиянаттан көңiл тартынады ғой. Осы тұрғыдан қарағанда атқаны нысанаға дөп тиген секiлдi. Басы оқыстан салбырай қалған болыс ой теңiзiн кешiп кеткендей.


Шынында анау тереңге шым батып, тұңғиықты шиыр- лап отырған.


“Намысы жанып тұрғанда ер жiгiттiң еншiсi түгел” – деп ойлайтын Бұзау. Ал, оны тасаланған жымысқы түйсiк тұратынына мән бере қоймапты.


Шынайылық бiр бұлқынса, жалғандық жүз мәрте тепсiнiп кететiнiн де ұғынуға ұмтылмапты. Сөйтсе тiршiлiктегi пенде атаулын шамырқандыратыны екiншi қыр екен-ау. Сананы буып сарсылға салдыратын да, сабыр- ды тұмшалап ашуға, жол аштыратын да жалғандықтың жаңғырығы екен. Пенде бiткен мұны сезiнбейдi емес, сезiнедi. Сөйте тұра шынайылықтан гөрi жалғандықтың етегiне жармасуға құмар. Нелiктен? Әлде оған қаны сорғалаған шындықтан гөрi жалтырақ ойын қымбат па? Солай да сияқты. Өйткенi, соңғысының алданышы көп, арбауы басым. Көңiл шiркiн соған елiгедi, ерiп те кетедi. Ондайда заңдылық атаулы сартапқа айналып шыға бередi. Сартаптық салғырттыққа бастайтыны тағы белгiлi.


Солай бола тұра, қиястықтың қысастыққа жол аша- тынын бiлгенiмен Бұзау үшiн алған бағытынан қайтарар соқпақ жоқ. Болмаған, болмайды да. Ендеше...


 


Болыс ұшар құстай қомданып қойды. Оның әр қимылын баққан екеу де селт етiп, серпiлiп сала бердi.



  • Қолдасаңыздар менде бiр ұсыныс бар, – дедi Бұзау зорлана жымиып.

  • Құлағымыз сенде, айта бер.

  • Бiле бiлсек бұл жолғы әрекетке бiз айыпты емеспiз.


Жатқан жыланның құйрығын басқан екiншi жақ.



  • Бiлместiктi кешiре алмасаң бiлгендiгiң қайсы...

  • Әрекетсiз қалсақ сүйегiмiзге таңба, елдiгiмiзге сын. Сыртымыздан баққан көз барда, қаңғыған сөз барда тұяқ серпер кез жеткен секiлдi. Бұдан әрi қарекетсiз қалсақ тiрлiгiмiзден не қайыр, жер басып жүргенiмiзден не үмiт? Сiздерден сұрарым – қолымды қаға көрмеңiздер!


Ол орнынан шапшаң көтерiлген бойда нақ төрге iлiнген қамшыны кереге басынан жұлып алып, бiлемдеп- бiлемдеп қойды. Сөйттi де қайта керi бұрылып, отырған екеуге азу тiстерiн ақсита тағы ыржиды.



  • Жаугершiлiкке бастар қанға құныққан жерiм жоқ, бiтiмгершiлiкке тағы бармайтыным – алғанымнан кет- кен есем көп. Бiрақ оны сөз етуден аулақпын. Менде бiр ғана тiлек бар. Оңдыбайдың бәйге Қаракерi қолыма тисе тесiктiң бүтiнделiп, жыртықтың жамалғаны.


Аттың тұрпаты анықталып, түсi түстелгенде Өтемiс шошынысын жасыра алмады.



  • Бұл талабың ешқандай қалыпқа сыймайды. Қара- керден гөрi бiзге жұлдыз жуық, – дедi тұтыға.

  • Маған керегiнiң өзi осындай кесектiк емес пе, Өтеке- ау! Жақынға жымысқы да үйiр. Ал, бiз құлашты кеңге сер- меуге тиiстiмiз!

  • Оңдыбай арғымағын қатынынан артық қадiрлейдi.

  • Өзге қатынның етегiне қол жүгiртуге болғанда, өзгенiң атын тақымға басуға неге болмасқа! Түкiрдiм бәрiне!

  • Қаракер жеке үйде ұсталады деп естiдiм. Оның қарулы күзетi мықты.


 



  • Ал менiң суға салсам батпайтын, отқа тастасам жан- байтын Бекқұлым бар. Алдыруға ойым кеттi – алдырам! Қалғанын сосын, көрдiм де қойдым...

  • Аптығамыз деп арандап қалып жүрмейiк.

  • Артының бар салмағын өзiм көтеремiн. Әгәрәки сы- нып кетсем арманым жоқ.


Болыстың мына iске бiржолата бет бұрғанын байқаған Өтемiс шарасыздықтан санын соқты. Бұзау ендi Бекқұлыға шүйлiктi.



  • Айлаң асса аласың, аспаса... аспаса оралмай-ақ қой.


Болыс өзiне төнгенде орнынан шапшаң тұрған Бекқұлы ләм-мим сөзге келместен қолын қусырып басын идi.


***


Табиғатынан томаға-тұйық, сөзге қасаң Бекқұлыға барымта деген жат емес едi. Көзiн алғаш ашқаннан-ақ “Ойбай, әкеттi!”, “Аттан!”, “Аударып таста!” байбаламы құлаққа сiңiскенi соншалық шырт ұйқыда жатқанында атойласаң атқақтай жөнелуге дайын тұратын. Ғажабы да сол – жалған дүрмек соңында ел есiн жиып, атының ба- сын керi бұрса, Бекқұлы арынын баспастан андағайлап, алыстағыға өзi ұрынып, “берсе – қолынан, бермесе – жолы- нан” олжа салып қайтуға әдет алған. Құйындай құтырынып шыққанында шырамытқандар қарсылыққа бармастан жо- лынан қиыстаса, көзiқарақты еместердiң өзi екпiнiнен жа- пырылып, еңсесiн жаза алмай бүгежiктеп қалатын.


Есейе келе әдетiнен жаңылып, сақтыққа бой ұрды. “Екi қарап – бiр шоқуға” райлы-ақ. Тiптi, кейде уысына түсiп тұрғанның өзiн керi ысырып, кекжиiп кете беретiн дағды тапты. Мұнысын түсiнбеген басқалар бас қатырып жатқанда ол езуiн екi құлақ түбiне жеткiзiп ыржиып-ақ тұрғаны. Нелiктен сөйтедi? Бiлiп болған бiр жан жоқ.


Мұндай әрекеттерiнiң арты ду-ду әңгiмеге айна- лып, мадақтан гөрi күншiлдiкке үйiр қазақтың күңкiлiне


 


ұласып жататынын, оны жел көтерiп жерiне жеткiзетiнiн құлағымен естiсе де қаперiне iлмегенi отқа майды құя түседi. Бiреулер бәрiн жасықтыққа жанастырса, екiншi бiреулерi “қатын алды – қақпанда қалдыңға” жұғыстырып, қара бояуды қалыңдатып жағуға құмар. Әйткенмен баста- рына iс түскенде бәрiнiң айналып келiп табатыны Бекқұлы. Бiр шоғыр “ағалап” алдын ораса, қалғаны бауырға балап, батпандап уәж тастайды. Соның арқасында араға түскен сызат қиюын тауып, сына сынып тынады.


Қаңқудың қытыққа тиер жағы басым болғанымен шындықпен жанасар тұстары да кездесетiн. Әсiресе от- басына орайластырылғанда алып-қосарға қара таппай дағдаратыны бар. Бұл, бәлкiм естиярлықтан өтiп, кекселiкке бой ұрған шағында қатын алып, қағанағын қарық қылғаннан да шығар. Әйтеуiр, шаңырақта шыр еткен бала дауысы пай- да болғаннан кейiн тiршiлiктiң тiрнегi тырағайлықты ысы- рып, тыныштыққа қарай жетелей жөнелгенi даусыз.


Жо-жоқ, арнасынан асып-тасқан дүлейлiктiң жолына әйелдiң кесе-көлденең тұруы мүмкiн емес дүние. Ондай шақ туғанда тартылмас та едi. Ердiң қабағын бағып, қадамынан көңiл-күйiн таныған қосақ мұндайға жол да бермейтiн. Бәрiне сеп әншейiн бiр көрiнiс. Тырбаң қаққан бала...


Кезектi жортуылдан оралып, табалдырықты аттай бергенiнде төрде жатқан баласының қол-аяғын ербеңдете уiлге салғаны жүрегiн жұлқып, жанын тiтiркендiрiп жiберген. Көз алдына ер үстiнен қалбалақтай ұшып бара жатқан боздақ оралып, екi суреттiң ұқсастығын ұзақ қадағалаған. Бiр ғана айырмасы – сәби тiрлiктiң тұнбасын мойындатса, әлгiнде Бекқұлы тобықтан қаққан боздақ жалғанның жалған екенiн дәлелдей жалпылдап бара жатқан. Дәл осы кептiң етек жапқанында мына сәбиге бұйырмасына кiм кепiл? Дәл сонда уыз өмiрдiң удай ащыға айналып кетпесiне сарашы кiм?


Түнi бойы көз iлмедi десе де болғандай. Ол өзiн әлсiзбiн деп ойламайтын. Қасарысқанды қасқайта


 


соғып қақыратып жол ашамын, арғы жағы даңғылдық деп жорамалдаған. Соған көңiлiн де, түйсiгiн де әбден иландырған. Қателесiптi. Қанша мықты болғаныңмен жарық дүниенiң мысы одан басым, одан әлдеқайда зiлдi екен. Жаншығанда жаныңды көзiңе көрсетiп, жаһаннамның жақындығын жариялағанда тәубеңдi қалай танығаныңды бiлмей де қаласың. Сосын бұйдаланған тайлақтай көш соңынан далақтайсың, немесе мұрнын тескен өгiздей өндiршегiң үзiлгенше темпеңдеумен күн кешесiң. Қатыгездiк өмiрден аспаған, ендеше оған ер са- ламын деу ағаттық, мiнiп аламын деу мүлдем асылық. Ал асылыққа бару кещенiң ғана iсi.


Онсыз да тесiлген тоңды сеңге айналдырып, артынан сел ғып жiберген тағы бiр жылымық – жарының бiр ауыз сөзi.



  • Отағасы, жайсыздық болды ма, жәйланып тыныға алмай жатырсыз ғой... – деген ол дауысы бәсең естiле. Дегенмен осы бәсеңдiкке дүниенiң бар әсемдiгi сыйып тұрғандай едi.


Жабықса жаны өзiмен бiрдей ауырар, жанықса жүрегiн жұлып берер жанашыры жанында екен. Болмыстағы ауырлық та, жеңiлдiк те соның ғана пешенесiне бұйырғанын, сондықтан салмақты салмақсыздыққа ауы- стыру өз маңдайына жазылғанын ұғынғаны да осы арада. Ертеңiне есiк алдына шыққанында, ол өзiн мүлдем басқа жандай сезiндi. Айбары мен айбыны сақталған, бiрақ iшкi болмысының бұрауы қоңыр күйге лайықталған босаң, шертiп қалсаң шерменде шақтың шеменiн лақылдата ақтарып тастар домбырадай абыз сұлба сорайып, күн кiрпiгiнен жасқанған жанарын жасыра алмай қипақтап тұрған. Кеуденi буған өрлiк басын қанша кекжиткенiмен, жүрегiне шым-шымдап енген сезiм сананы ырықтандырып, алдыға қарай итермелей берген. Соның салдарынан бүрi кеткен табан тайғанақтап, дүние шайқалақтап жатқан.


Адамды ет пен сүйек құрағанда бiрi босаңдықты, екiншiсi қатаңдықты шақырып тұру үшiн жарата


 


салғандай. Қаттымын дегеннiң майысып, бос белбеумiн дегеннiң белгiлi бiр мезетте қайқайып шыға келетiнi жаратылыстың өзi дарытқан осы қасиетiнен iспеттi. Тiршiлiк қағидасы ешкiмдi де ырқынан шығармайды. Белгiлi мөлшерде ысытады, уақыты жеткенде суытады. Бүгiнге шейiн жалындауды Бекқұлыға да жазса, бүгiннен бастап сабаға түсудi бұйырып тұр. Ендеше бұйрыққа бас иген жөн.


Жоқ жерден пәлсапа тауып, соған иланған жан от- басынан ұзай алмай көп жүрдi. Кей-кейде атқақтаған күш-қайратты амалын тауып басудан шаршаған да. Ерiк- жiгердiң күштiлiгi андағайлаған әумесер ойды аулақтан қайырып, сана сiлкiнiсiне жанығу бермей жанталасқан. Соның салдарынан бiраз жылдың жүзiнде тақымға сойыл қыспай салбөкселiкке салынғаны да жасырын емес. Кеңiстiктен қайтқалы дабырасы басылып, аты да ұмытылуға айналғандай едi. Жай отындай жарқылдаған жас перiлердiң өре түрегелгенi де осы шақ. Оларға қызыға қарағанымен бiр қысқан артты қайта қопсытпауға бекiнген. Бiрақ болмады. Бұзаудың соңғы ұсынысы оспадар өгiздiң бұйдасын үзгендей бәрiн быт-шыт еттi. Қызыққаны мына iске қара күштен гөрi айла керектiгi. Амалын тапсаң ғана алатын дүние екен. Олай болса бағын тағы бiр мәрте сы- нап көрсе несi айып? Нартәуекел.


Үшеуге ғана тән сыр үшеуара ғана өрбiдi. Жолға дайындық мұқият жүргiзiлiп, әр қалтарыс   есепке түстi. Алған күнде Қаракер жасырылатын орын құм жыңғылынан табылып, оны жасақтауға бiраз уақыт кеттi. Бәрi тамам болғанда Бекқұлы жолға шықты. Да- быра болмас үшiн жалғыз аттанды. Мiнгенi желмен жарысар жүйрiк емес, алысқа жарар белдi ат. Мұны көргендер бұл жолғы сапардың тiршiлiк күйбеңiмен сабақтас екендiгiне сенген де қойған. Сондықтан мән бермеген. Ал, келешектен үмiттi үш жанға керегiнiң өзi осы едi.


 


***


Әуелi Сарысу өзенiнiң арнасын қуалай, артынан жол қысқарту мақсатында мидай жазыққа бет бұрған Бекқұлы белден бел асып, құмнан құм кешiп, дiттеген ауылы қара көрсеткенде ғана тiзгiн тартқанда олжасының оңайлықпен қолына түспейтiнiн аңғарып бас шайқағаны бар. Осыдан ай шамасы бұрынғы төбе басындағы Бұзаумен бетпе- бет кездесуi соңында зiл қалғанын сезiнген Оңдыбай неге болмасын тас-түйiн бекiнгендей күзет қатарын молайтып, еңкейген шалдан, еңбектеген балаға шейiн түрiкқұлақ жүрудi тапсырған сиқатты. Оған ербеңдеген топ, ереуiлдеген салтаттылар куә. Қазан-ошақ басын баққан қатындардың өзi қолы қалт еткенде терiскей бетке қадала қалып, қара шолуға құмар. Ондайда олар ғасырлар қатпарын бұзып-жарып жеткен балбалдарға ұқсап қалады. Тым төзiмдi, тым тәкәппар.


Дегенмен мұның арты бiр үмiтке жетелейтiнi тағы сөзсiз. Қанша қатқылдық танытқанымен елдiң басым бөлiгi қазақы мамыражайлыққа ден қойып, ерiк тiзгiнiн босатып алады екен. Ал, бойкүйездiк барда енжарлық шырай ашатынын түсiнген жан табандап күтсе талабы қанағаттанатынына шүбә келтiрмеу керек.


Бекқұлы да ұзақ барлады. Үш күн, үш түн бiр орнынан тапжылмады. Ауыл деңгейiнен сәл жоғарыға орналасқан тастақтың қалтарысын қалқан етiп, мiз бақпастан жатты да қойды. Талғажуына iрiмшiктiң түйiрiн жұқ қылып, шөл басарға малтаны пайдаланды. Малта жарықтық тiл асты- на салып тастасаң әрi тамақ, әрi сусын.


Оңтүстiк жерiнiң қыртысы әлi де тоң алмаған шақ. Сәл құйын өтсе борпылдақ шаң тiк көтерiлiп, көзi-басыңды жауып тастайды. Жазық тұрмақ, сайлардың да шөбi күйiп кеткен. Содан да болар мал атаулы ұзақты шолып, алыстарға аяқ артады. Елден ұзай қоймайтыны түйелер ғана. Қарпуынан малжаңдауы көп жарықтықтар маң-маң


 


басқан қадамының өзiн санай жылжып, отқа да, оттауға да самарқаулық танытады.


Түйелерге ерекше ден қойғаны – олар кешкiлiк ауылға құлайды екен. Соған қарағанда кенже боталаған iнгендер барына ұқсайды. Бiрлi-екiлi тұмсалар тайраңдай жөнелгенде басқалар да соңдарынан қалыспай маңып қоя бередi. Көзге түспей ауылға кiрудiң бiр жолы – түйелер тобырының арасына сiңiсу.


Мұны iшiне алғашқы күнi-ақ түйген Бекқұлы ақырын күтудi баққан. Әр үйдiң тiршiлiк тынысын зерттеудей- ақ зерттеген. Ат ұстайды-ау деген екi-ақ нүкте көңiлiнде қалды. Бiрi шет тұстағы қараша баспана да, екiншiсi түйелер кiретiн үлкен аранның ортасындағы алаңқайға тiгiлген алты қанат ақ үй. Соңғысын қыр басынан ғана байқауға болады. Ұзын-ұзын қамыстан қалқайтқан қорған қабырғалар жазықтан iштi мүлдем көрсетпейдi. Алты қанат деп жорамалдауы – шаңырағы не шошайып тұрған жоқ, не жалпайып жатып қалмаған. Шошайса шөмiштей қысаңды, жалпайса жайылған жалпақтықты бiлдiрер едi. Алғашқы үйге назар аударғаны – басқа баспаналардан сабылыс байқалғанда мынаған кiрiп шығар аяқ там-тұм. Бiрдi-екiлi үлкендер болмаса бала бiткен мүлдем жуымай- ды. Ал, екiншiден дiк алуы – тым тасада екен. Ерекше ден қоймаған адам елер орын емес.


Көрерiн көрiп, түйерiн түйiп әбден бiткен шамада алысқа қалдырған арқандаулы атына барып, қоржындағы қордан жүрек жалғап алды. Сосын артық-кем дүниенi сол жерде қалдыра, сыптай болып межелi тұсқа беттедi. Өзiмен алғаны – өткiр кездiк пен қайыстан өрiлген жүген ғана. Оның өзiн белiне орап, шылбырымен шандып таста- ды.


Қас қарая елге қарай маңған түйелердiң арасына сiңiскен ол жуастау, қолға үйренген бiр нардың шудасына жабысқан күйi ауыл шетiне iлiккенде өз көзiне өзi сенбей тағы бас шайқағаны бар. Аран маңын күзеткен қарулы


 


жiгiттер жүр. Олар iнгендердi бөлiп тастап, атандар- ды iшке қарай қақпақылдап жанталасады. Айқай-сүрең тудырмай жұмыстарын жымдай қылып атқарғанына қарағанда iске әбден машықтанғандары байқалады. Ылғи бiр әлекедей жаланған жандар. Жылп-жылп етедi.


Мынаны көргенде нарды тастай берiп үйiлген отын ба, ескi үй сүйегi ме, әйтеуiр елеусiз жатқан үйiндiнiң та- сасына жасырына берген. Ендi бар күдiгiн аран iшiндегi тiгiлген баспанаға аударып алды. Шынында да, мал тұрар орынға адамның қоныс тебуi мүмкiн емес дүние. Ұры- қары азда күзетшiлердiң қауымдасуы да мыйға сыйымсыз әрекет. Ендеше аран iшiнде бiр пәле жатқаны ақиқат.


Түннiң бiр уағына шейiн орнынан тапжылмады. Көзiмен қараңғылықты тiнткiледi, құлағымен дыбыс ау- лады. Шаруасын тәмамдасқан жiгiттер ананы-мынаны қауқылдасып ұзақ бөгелдi. Тек аспандағы жетiқарақшы жұлдызы ожау сабын төмен сала бастағанда қарайған сұлбалар бiр-бiрiне әзiл-қалжың аударыса тараса бастады. Бекқұлының қуанғаны – бұл маңда иттiң болмағаны.


Қара шалса шәуiлдеп шыға келер әңгүдiк немелердiң қолбайлау жасары сөзсiз едi. Қазiр олар кешкi астың сүйек-саяғын мылжалап есiк көзiнде жатқаны жанына дем.


Адам аяғы әбден басылды-ау деген шамада тасадан шыққан Бекқұлы әуелi тағы да ұзақ-ұзақ дыбыс шалды, сосын ғана мысықша басып аранға кiрер ауызға беттедi. Көптен берi әдетiнен жаңылған дене тiтiркенiп, жүрек ау- нап-аунап кетедi. Қол-аяқтың дiрiлi де басылар емес.


Ол аз аралықтың өзiн бiрнеше мәрте тоқтап барып өттi. Межелi тұсқа жеткенде iшiн тарта тағы бөгелдi. Қақпаның екi қапталында екi жiгiт қаннен-қаперсiз ұйқыға шомған. Бiрi қыстыға қорылдаса, екiншiсi терiс айналған күйi ба- сын шапанымен тұмшалап, тырайып жатыр.


Ендi батылданайын дедi. Дененi жайлаған жағымсыз әсер де сап басылып, ескi жындар қоздап қоя бердi.


 


Бұрындары болса екi жанды екi-ақ ұрып есiнен тандырар едi. Бiрақ өйтпедi, жылыстап әрi асты. Қақпа қайыспен шандылған екен. Оны кездiгiмен қиналмай қиып, iшке жылп еткенде таңданысын жасырмады. Мына қулықты қараңыз, ауыз тұсқа шөгерiлген түйелер бiр-бiрiне арқан арқылы шандылып тасталыпты. Егер тосын бiреу байқамай арқанды керсе жануарлар бақырып маңайды азан-қазан етерi даусыз.


Асықпай жүрiп айқұш-ұйқыш байланған жiптердi мұқият қиып шықты. Күйiске түскен жарықтықтар мыңқ етпедi. Киiз үйге жеткенiнде жорамалының нақтылығына разы болды. Алжаспапты: алты қанат кереге алпамсадай жайылып, едәуiр жерге салмағын сала қаздия қалған.


Табалдырықты аттар-аттамастан оқыранып қоя бер- ген аттың жалына саусақтары тигенде жалғызiлiктен жапа шеккен жануар сап тиылып, сипаланған қолдардың ықтиярына бағынғандай мойынын идi. Бекқұлы жан- тәнiмен сезiндi: адам мысы басқан тұлпар әлдененi сезiнгендей қалтырап тұр. Дегенмен, не тарпынбады, не оқыстық таныта оқыранып ала жөнелмедi, шабыс алар шағын аңсағандай салқаулыққа салына, тер сiңген адам денесiне сүйкенiп-сүйкенiп қойды.


Мына қылыққа жүрегi жылыған Бекқұлы ұрлыққа келгенiн сәл ұмыта мекiренгенiн байқамады. Ол әркiмнiң қолы жетпес жануар ендiгi күнде басыбайлы өз еншiсiндей сезiндi, сезiндi де шамалы сәтке рухтанып шыға келдi. Жер апшысын қуырар Қаракер тұрғанда дүниенiң кеңдiгi бұйым емес, андыздаса бас-аяғын бүрiп тастардай қоқиланып тұрған.


Адам санасы да қызық жаратылған-ау, ылдиды өрдей бағалайтын кездерi көп. Мұндайда шама-шарқын екше- мей самсаған қолға дара шабуға бар. Жапырып тастардай жойқын қуат көзiне шел қаптатып, секемдiктiң сiлiкпесiн құрдымға қалдырады да, уақытша болса да үстемдiкке жеткiзедi. Дегенмен, осы уақытша үстемдiктiң өзi бақыт


 


шылауын ұстатуға жетiп жатыр. Ал, бақыттың пұшпағын iлiктiру өмiр бойғы арман. Ендеше сананың бопсаға елiктеуi алданыш iздеуiнен.


Әлдене тысыр еткенде тамсанған тәттiсiн әлдекiм ау- зынан жырып әкетердей тiксiнген Бекқұлы бiржағынан қиял теңiзiнiң әп-сәтте жоғалғанына қапаланса, екiншi жағынан сақтыққа шақырған дыбыстың қайталануын шыдамсыздана күттi.


Қанша елеңдегенiмен жаңғырық қайта естiлмедi. Со- дан дәтке қуат алған ұры сипаланған қалпында белiндегi жүгендi шешiп алып, атқа кигiздi. Қаракер бұл жолы да оқыстық танытпастан адам еркiне бағыныштылықпен мойынсұнды.


Сақтық үшiн шылбырдың бiр басын бiлегiне ораған Бекқұлы аттың шандудан толық босағанына көзi жеткен- де мысықша басып есiкке беттедi. Аулаға шыққанында жып етiп жайдақ мiнiп те алды.


Шабандоздың тақымын сарыла күткен жануар өзiне ғана таныс белгi берiлгенде орнынан ата жөнелдi. Ендi оның қожасы шабандоз. Ол ырық берсе көсiлудей көсiледi, тiзгiн тартса ғана тоқтамақ. Иә, сәт.


Тұяқ дүбiрiнен оянған күзетшi жiгiттер ес жиып, аттанға салып-ақ жатыр.



  • Аттан, жау шапты.

  • Әкеттi, ойбай, әкеттi!


Маубастарды мысқылдай мырс еткен Бекқұлы арты- на мойын бұрып қарамады да. Оның бар ойы арқандаулы атына жетiп, ер ауыстыруда тұрған.


***


Қыс бойы Тамалар жағынан тысыр еткен дыбыс бiлiнбедi. Жел үрлеп, қамыс басы сылдыр етсе аттанға ба- сып, андағайлай жөнелетiн жауынгер ел атын, ат болғанда елдiң абыройын асырар сәйгүлiгiн алдырмағандай


 


тым-тырыс жатты да қойды. Мұның сырына түсiнбеген Найманның Бағаналы бұтағы дал. Күрзiсiн тоқпақтап, ау- зынан жалын ақтарылар жаушы күткен халық жымысқы басқан тыңшының қарасын көрмей пүшәйман. Сонда қалай, Қаракерден қадiр кеткенi ме?


Көңiлге кiрген күдiктi сейiлту мақсатында құм iшiне жасырылған атқа жасырын түрде сыншылар да жеткiзiлдi. Олар тұлпарды танып, толқығандарынан көздерiн сула- сты. Ат маңайын айналсоқтаған байғұстар ас-суын айда- лада iшiп, тұлпармен тағдырлас болуды ойлағандарымен Бұзаудың қаһарынан қаймыққанынан ғана керi қайтқандары сөзсiз. Бәрi де басқаға ауыз ашпауға ант қабылдап, өлердегi сөздерiн айтып тарасқан едi.


Көктемнiң қоңыржай желi оңтүстiктен шығып, қар көбесi сөгiле бастағанда да осы кеп ұшығын үзбедi. Тесiлген жердi қуалай көшетiн көшпелi ел түйелерiн қомдап, ат-көлiктерiн сайлап, iрге көтергендерiмен жоқшы аттандырар сыңай танытпады, әдеттегiлерiнше баяу қозғалып, бағыттарынан ауытқымастан қыбырлай бердi.


Мына үнсiздiктiң астарында бесбатпан зiлдiң жатқанын сезiнген сайын Бұзау да iштен тынып, қыстыға түстi. Оңы мен солын қапсыра, етегiн жинай тас түйiн домала- нып алып, тарпыса тұяқ тигiзбес, қарпыса тiс дарытпас қамалға айналды да қалды. Өйткенi Оңдыбай бiр тиiссе осы кезде тиiсуге мүдделi. Қыстан сiңiрлерi созылып шыққан мал да, жан да бұл шақта бейқам. Мал көкке ауыз салар сәтiн күтсе, жан “ұзын арқан – кең тұсау” кезеңнiң буынан-ақ елтiп, еңсесiн жаза алмайды.


Дегенмен, бұл жолғы күдiгi де желге ұшқан қайықтай iз-түзсiз қалды. Күн жер қыртысын қыздырған шамада Тамалардың ат-көлiктерi аман-есен қонар мекендерiне қонып алғанын естiдi.


Беу-беу жалған. Қаймақты шайқатуын шайқатқанмен, таңдайға татымды май ұстатпай дiңкелетесiң-ау. Осының


 


бәрiне итермелер ерiк тапқаныңмен исiндiрер еркiндiктiң пұшпағын бұйыртпай тағы сандалтып қоясың. Сосын пенде атаулы емексумен таңын атырады, талайын ай- ырып, түнiн батырады. Ертеңге үмiтiн артып ұйқыға кететiнi бар. Бiрақ ертеңi де, оның арғы күнi де тұтам жұбаныш бұйыртпай құрдымға жоғалумен тынады. Сондағы адамзаттың демеу тұтары алданыш қана екен ғой. Өмiрiн алданышпен тұмшалап, бар тiршiлiгiн үмiтке бағыштайды. Жалғанның жалғандығын, тiршiлiктiң сай- тан құбылыстың құбыжығы екендiгiн осыдан-ақ айыра бер. Дегенмен, дәл осыны мойындар бiреу табылар ма? Табылмайды. Өйткенi әркiм өз қарекетiне мәз, күйбеңiне разы. Бiр жұтым ауаны жұтқызғаны үшiн де тәңiрiне тәубәсiн бағыштап баз кешуден жалықпайды. Көрегеннiң де, кезбенiң де көрген күнi осы. Сонда тiрлiктiң мәнi там- сануда ғана тұрғаны ғой... Пай, жалған-ай...


Алдамшылықтың екiншi қыры да бар. Ол – кер- мек. Татса дәмi бiлiнбей тұрғанымен уытын жайып жiбергенде шайқалтып қоятын, тамсанған сайын таты- мын күшейтiп, тәнiң топыраққа айналғанша тамырын бо- сатпайтын өкiнiш ұрығын салса, ендiгi күнде барыңның да, жоғыңның да құны бiр бақыр. Сондықтан осындайы- нан сақта деп құдайға мың жалбарынасың. Естiсе жақсы, ести алмай қалса... Құдыретi күштi Алла тағала, бiр өзiң жар болғайсың! Оңдыбайдың ойлануы басым. Ендеше, қарпуы да қарымды шықпақшы. Адам тегiннен-тегiн тымыраймайды, мұндайдың артында батпан зiл тұрары белгiлi. Тек соны көтерiп алар күш бер де.


Iстерiн iстеп алып, ендi оның орнын толтырар амал таппаған Бұзау дағдылы Атбасар жәрмеңкесiнен бас тартуға ниет еткенiмен, намысы жiбермедi. Құйрығын iшке тығып, қыңсылаған ит кебiн киюден қорынды. Ақыры қосын құрып, қопсығанын бiлдiртпестен айтулы думанға ат басын тiредi.


Атбасар аймағы биыл да салтанатын жайып, сайранын


 


салып-ақ жатыр екен. Күндiз ырду-дырдудың ортасына енген жұрт саудасын жасап, сауығын тамашалап алады да, кешкiлiк бiр-бiрiн сойысқа шақырып, мәз-мәйрам күй кешедi. Ағыл-тегiл астан жүрек шайлығып, ақар-шақар қызықтан бас айналады.


Осындай отырыстардың бiрiнде шабарманының: “Оңдыбай аттан түсiп жатыр”, – деген хабары сең соққан балықтай сенделтiп тастағаны анық. “Сыр бермеу керек, – дедi ол өзiн-өзi қайрай, – Неге болмасын шыдап баққан жөн”.


Сол екi арада Оңдыбай да сәлемiн алға сала iшке өттi. Жүзi жарқын, бетi ашық. Түк болмағандай, түк алдырмағандай, түрегеп тұрғандармен төс түйiстiре, қолдасқандармен алақан қабыстыра төрге ендедi. Ең соңында Бұзаудың оң қапталын ала жайғаса берiп:



  • Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Жеткенге салауат, өткенге бақуат, – дедi дауысын әуелете созып, – Иә, мал-жан аман ба?

  • Шүкiршiлiк, – дедi Бұзау да әу бастағы толқынысын баса, қалыпты рай танытып.

  • Шүкiршiлiк барда шаңырақ бүтiн, қабырға түгел. “Қанағат қарын тойдырады” – деп бұрынғылар бекер айтпаған шығар. Қанағатшыл көңiл қашан да шүкiршiлiкке жол ашқан. Олай болса жан-жағың келiстi екен.

  • Әлбетте. Өздерiңе де осыны тiлер тiлекшiмiз.

  • Ниетiңе рахмет!


Алғашқы   шалым   шаншусыз   өттi.    Тама    болы- сы ауыз ашқаннан-ақ оған қадала қалған Өтемiс пен Бекқұлының iш жиысқаны да осы шама. Оңдыбайға салса дұшпандықтың ұшығы байқалмайды. Мына жан көңiл қуған, ауыл адақтаған бiр пенде ғана. Бұл не қылған ғажаптық! Әлде сыбызғылап кiрiп, сыздатып шықпақ па? Жоқ, ондай пиғылы сезiлмейдi. Құдайға ғана жарасар жалғыздықты бетке ұстай келуiнiң өзi ниетiнiң қараға шыланбағанын байқатады.


 



  • Иә, Оңтүстiгiңде не жаңалық? – деп қалды Бұзау сөз желiсiнiң үзiлмеуiн қалап.

  • Ауыз тұшытарлық ештеңе байқамадым. Онда да тiрлiк қуған ел. Өзiң де бiлесiң, бiз Арқаға тән халықпыз. Бiр бұтағымыз “Толағай” бойын қуалай қоныстанған. Со- лармен қауышуды көздеп, көктем шыға, көк қылтия көш бетiн берi бұрамыз. Қызығымыз да, шыжығымыз да осы өлкемен байланысты. Ендеше, алақандағыдай дүниенi айшықтай бергеннен әр шықпас...

  • Мұныңа қосыламын. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жұртпыз. Қалыңның қалқасында қалып қоймай, жұқаның жұқанағы болмай әркiм өзiнше күй кешуде. Бәрiмiз де мына жалғанның қонағымыз. Бүгiн бармыз, ертең жоқпыз. Сондықтан сыйласқанға жетер ештеңе жоқ. Келсең, құшағымыз әрқашан ашық.

  • Шындығында бөле-жарар немiз бар? Жұтатынымыз бiр ауа, iшетiнiмiз бiр су. Сарысудың орта тұсын сен бақсаң, төменгi сағасын мен қарауылдаймын. Олай болса, алауыздық жат, алакөздiк тақ дүние болуы керек сиқатты екi жұрт үшiн. Сөйте тұра саған қызығатыным, тiптi, се- нен қызғанарым да жоқ емес.

  • Ондайың да бар ма едi?

  • Е, пенде болғаннан соң пендешiлiгiмiз қалған ба, Өтекеңдей дарияң тұрғанда, Бекқұлыдай арысың өкшеңдi басып жүргенде сенен өткен бақыт иесi жоқтай көрiнедi. Қызғанатыным осы жағы.

  • Бардың қадiрi бiлiнбейдi. Жан-жағыңа зер салсаң, ақылгөй мен апайтөстер өз маңайыңнан да табылар...

  • Ел болғаннан кейiн жарықтың да, сарықтың да жүретiнi даусыз. Дегенмен, жұмсасаң алатын, сiлтесең шабатын Бекқұлыдай өткiрiң барда сенiң жүзiң жарық бо- лады да тұрады.


Мынаны естiген сәтте Бекқұлы көзiмен жер шұқыса, Бұзау iшiнен: “Болыс бәрiн бiледi. Ол бәрiн бiлiп кеп отыр”, деп қылп ете қалды. Оңдыбайдың тұспалы орын-


 


ды екенiн мойындаудан өзге ендi лаж жоқ. Көз қиығын тастағанында Өтекеңнiң де ошарыла құлағанын байқады. Құлағаны емей немене, тұмау тигендей көзi-басын қол орамалымен сүрткiлеп әлек.


Бұзау маңайындағыларға айбар сала жөткiрiнiп- жөткiрiнiп қойды. Бәрiн жайсыздықтан құтқарғандай осы шамада алдарына табақ тартылды. Басты қолына алған Өтемiс құйқадан бiр кесiп ауыз тиген соң Оңдыбайға қарай ұсынды. Анау үнсiз қабылдап, бұдан арғы сөзге құлықсыздығын байқата, жан-қалтасынан бәкiсiн шығарып, өз iсiмен әлектенiп кеттi.


Ас үнсiз iшiлдi. Аяқ-табақ жиналып, бата қайырылған соң да тыпыр еткен тiрi жан жоқ. Тек тұрар шамада ғана Оңдыбай:



  • Екеуара әңгiме бар едi, – дедi өтiнгендей. Сыртқа шыққанда сөз бастаған тағы өзi:

  • Бұзеке, – дедi ол дауысында жарықшақ пайда болып.

  • Құзырыңдамын, Оңдеке.

  • Айтпағым көп едi. Бiрақ, бiрiн-бiрi кимелеген не- мелер iштi алай-түлей етiп көмейден төгiле алмай қыстығуда. Қайсыбiрiн ақтарып болғандайсың мынандай көңiл-күйде. Мен саған жалғыз ғана қолқа салмақпын. Қабыл алсаң еркiң, қабылдамасаң тағы өкпем жоқ...

  • Тыңдап келемiн, Оңдеке, тыңдап келемiн.

  • Бұлталаққа бұғалық тастар мен емес, бұлтыңдау саған да жараспайды. Ендеше, ашық әңгiмеге жүгiнейiк.

  • Оған мен дайынмын.

  • Бiр атқа бола бүкiл елдiң шырқын бұзбайын деп күнi бүгiнге шейiн дымымды шығармадым, өзгенiң де екпiнiн басып тастап отырдым. Әйтпесе, ұл тудым деп қалжа жеген бәйбiшелер бiздiң елде де жетер едi. Еркекпiз деп едiреңдейтiндер де жүздеп табылатын. Бiрақ, мен бәрiне шектеу салдым. Мұным жасқанғандығымнан емес, екiндiден асқанда елiрмеге ұрынбай, елдiкке жүгiнудi ойлағанымнан. Бүгiн бiз қырқыссақ оны көрген өскiн күнi


 


ертең неге бармақ? Қанатыңды қайырып, сағыңды сын- дырып жатпасына кiм кепiл. Бiтiмге жүгiнейiк, бiрлiктi уағыздайық,



  • Өндiрдiң өскенiне қарап өмiрiңдi бағалайсың. Жақ- сыға қуанып, жаманға күйзелетiнiң де содан. Олай болса, елдiкке мен де жақпын.

  • Онда сен Қаракердi ұрлаған жоқсың, мен ұрлатқан жоқпын. Сен жөнiмен алдың, мен жолыммен бердiм. Осыған тұрсаң атты жеткiзiп, үйiмнiң алдындағы мама ағашқа байла. Құр қайтарма, ер жеткен ұлың бар екен, соны қоса аттандыр. Қалған салмақ менiң мойынымда!

  • Айтқаның болады! Екеуi қол алысты.


 


***


Шамалы уақыт өткенде Бұзау сөзiнде тұрып, Қаракер иесiне қайтарылды. Тұстасының мәрттiгiн мойындаған Оңдыбай Бұзаудың ұлына өз қызын қосып, жасау iшiнде Қаракердiң де барын жария еттi. Сөйтiп, қазақы қасиет тұрғанда қалың елдiң жiгi берiк екенiн дәлелдеп шықты.





Пікір жазу