10.09.2021
  248


Шаштың қуаты мен киесі

Кісінің көркі болып саналатын шашта кие болатыны бағзыдан айтылатын болжам. Шашқа қатысты ырым, нанымдар да, қазақи тыйымдар да жетерлік. Бұрынырақта аналарымыз белден асқан шашты кеспеген. Ұзын шашты орынсыз кесу үлкен қасіретке ұшыратуы мүмкін деп пайымдаған. «Бір тал түскен шашты кез келген жерге тастамайды, құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады» деген де бұрыннан бар тыйым.


Шашқа қатысты аңыздарды, адам сенгісіз әңгімелерді көп естіп, көп оқимыз. Мәскеу теледидарының «Денсаулық» бағдарламасынан берілген хабарда ХХ ғасырда Қытайда таңғажайып бір сұмдық оқиғаның орын алғандығы жөнінде айтылған еді. Онда белгісіз, көзге көрінбейтін бір күш қытайлық қыздардың бұрымдарын кесіп алып кете берген. Шаңқай түсте осылайша шаш ұрлау 3 жылға созылған. Бұл жағдай сол жылдары Лондонда да қайталанады. Биологтар, физиктер, дінбасылар, полицейлер бұл оқиғаның жұмбақ сырын аша алмай, әр түрлі болжам айтады. Сол болжамдардың бірі мынадай еді: «Өзін өзі өлімге қиғандар өлгеннен кейін де бұл дүниеден кете алмай қиналады. Төменгі астральға, яғни, жердегі тіршілікке ұзақ уақыт байланып жүреді. Оған себепші — жердегі күш қуатқа толы шаштар екен».


Болжамның астарында үлкен мән бар. Қазіргі ғылымның шашқа байланысты ырым, тыйымға ескінің қалдығы деп қарамауды, оған жаңаша көзқараспен қарауды ұсынуы — басты негіз.


Шаш күш жинағыш қасиетке ие. Қытайдың әскери өнерді меңгерген батырлары мен жақсы жайсаңдары туралы көркем фильмдерінде өздерінің биоэнергиясын басқара алатын монахтар барлық күш қуатын бұрымдарына жинап, оны қару ретінде қолданады. Қазіргі ғылым оның ақиқат екенін дәлелдеп қана қоймай, шаштан әр түрлі «хабар» алуды да үйрене бастады. Оған нақты дәлел: криминалистер бір тал шашы арқылы иесінің анаша қабылдайтын, қабылдамайтынын, тағы да басқа жағдайларды анықтай алады. Адамның саусақтарының таңбалары бір-біріне ұқсамайтыны сияқты кісінің шаштарында да титімдей ұқсастық болмайды. Тек бірдей шаш бір жұмыртқалы егіздерде ғана болады екен.


Тәжірибеде бір тал шаш арқылы «гендік дактилоскопия» әдісін қолдана отырып, қылмыскерді де табуға мүмкіндік бар.


Шашты зерделейтін ғалымдардың кеңесі бойынша адам үлкен қиындықтарға тап болып, ұзақ уақыт күйзелуді бастан өткерсе, шашын қидырып, алдырып тастағаны жөн. Себебі, шаштың «есте сақтау» қасиеті бар көрінеді. Ол жүйкені, миды мазалап, көңіл күйді, денсаулықты бұзуы әбден мүмкін.


Бұрынырақта бақсы балгерлер біреуді біреуге қаратып беру үшін де, бәз біреулерді жауластыру үшін де шашқа дұға оқиды екен. Ондай әдіс бүгінгі күні де бар. Сондықтан шашты адам аяғының астына тастамай, бір талына да абай болу керек. Ал ұзын шашты қыздарға айтарым, шаштарыңды жөнсіз қиюға және кез келген жерге тастаушы болмаңдар.


Қазақ халқының қылмыс туралы ежелгі заңында шашқа қатысты арнайы баптары болған. Оны бұлжытпай орындау, бұзса, жазалау берік те қатаң тәртіп, дәстүр боп саналған. Сондықтан да бұзық ойлылар, есерлер әйелдің шашын кесетін болса, ол әйелдің бір мүшесін кескен болып есептелініп, соған сай әлгі адам қатаң жазаға тартылған, үлкен айып төлеген. Ал енді әйелдер қылмыс жасаса, оларға қолданған жазаның ең ауыр түрі — шашын кесу болған. Бұл жаза сол кездегі әйелдер үшін өлім жазасына тең екен. Мұның бәрі халқымыздың әйелдердің шашын баяғы кезден-ақ қатты бағалағанын, қасиетін терең түсінгенін көрсетеді.





Пікір жазу