09.09.2021
  211


Автор: Мерей Қартов

Қансонар

Қар жауса қабағынан сүрең кештің,
Жұлдыз бағып соңынан жүрем көштің.
Бұзады тыныштығын қара түннің,
Күрт-күрт шайнап сұлысын күрең бестім.



 


Күреңім жер тарпиды таң атқанша,
Менде де таусылады тағат сонша.
Сары итім де сабырын жоғалтады.
Түннен қалған сорпаны жалатқанша.


Оңайлықпен атама таң күткенге,
Қай жаққа кетіп қалды қаңғып күн де,
Күрең бестім, тазы итім аман болса,
Қансонар қаралы күн аң біткенге.


Қанды ауыз мылтығымды иыққа астым,
Күреңмен асуларды қиып бастым,
Тазым да тура тартты иіс сезіп,
Түбінде түлкі жүр деп биік тастың.


Күреңімнің терледі құлақ түбі,
Қансонар құмайымның сынақ күні.
Атам да артады деп айтатұғын,
Түлкінің қызылымен тымақ құны.


Таза ауа, аттың үсті түзде күшті,
Біреулер еріккен дер біздегі істі,
Тұмсығын күн көзіне бір көтеріп,
Сары итім, түлкі кескен ізге түсті.


Кездесіп тұра қудық түлкі қуды,
Үйренген күреңім де ұмтылуды,
Тауға тартқан залымды бір қайырдым,
Бұрқыратып далада жылқы буды.


Күреңімде көсілді, тазым ұшты,
Түлкіге аз жазыпты жазмышты,
Құмайым аунатқанда аппақ қарға.
Қалдым ғой ат үстінде жазып ішті.


Түлкінің қолға енді түскені анық,
Шауып келдім күреңді күшке салып,
Аппақ қарды қызыл қып жатыр екен.
Сары тазым тамағынан тістеп алып.


Түлкі қақтым Томардың белесінен,
Дәстүрдің бір жаңғыртып көнесінен,
Бұйырғанды байладым қанжығаға,
Сары тазымның бір сипап төбесінен.


Р.S.
"Деді маған өмірге назы көп шал,
Заманың түлкі болса тазы боп шал."





Пікір жазу