Жануарлардың тілі
Сүлеймен пайғамбар жанжануардың тілін білетін. Сиырдың мөңірегенінен, есектің ақырғанынан, қарағанынан не айтып тұрғанын біліп қоятын.
Бір кісі Сүлеймен пайғамбарға өтініш айтып: «Жануардың тілін үйретші», — деп жалынды. Бірнеше айдан соң үйреніп алды.
Әлгі кісі үйіне келіп, қораның сыртынан тыңдады. Сөйтсе, есек пен өгіз сөйлесіп жатыр екен.
Есек:
— Өгіз, бауырым, халің қалай? — дейді.
Өгіз:
— Ауыр жұмыстан шаршадым. Қожайыным мені аямайды, — деп ыңырсиды.
Есек оған ақыл айтады:
— Сен бүгін шөп берсе — жеме, су берсе — ішпе. Ауырып қалған екен деп, жұмыстан қалдырады, — дейді.
Өгіз айтқанды орындайды. Шөп те жемей, су да ішпей жатып алады. Екеуінің сөзін есіткен қожайыны құлына айтады:
— Ертең өгізді қалдыр да, есекті жұмысқа жек! — дейді.
Ертеңіне өгіздің бар жұмысын есекке салады. Есек арба да сүйрейді, отын да тасиды. Өлердей шаршайды. Кешке аяғын әзер сүйретіп қораға кіреді.
Өгіз болса, тынығып қалған еді. Қутың-қутың етеді.
— Халің қалай, достым? — дейді есекке.
Әбден шаршаған есек күйіп кетіп:
— Сені қожайын сойып жеймін деп жатыр. От оттап, су ішпесең, ертең сояды, — деп алдайды.
Қорқып кеткен өгіз дереу шөп жеуге кіріседі. Қораның сыртынан тыңдап тұрған қожайыны есектің қулығына әбден күледі